Жоспарын он ай қарап, бес ай өрген...
Осыдан он ай бұрын Сұлтанғазиев Алматы облысына әкім болып келді. Ел күтпеген жаңа әкімнің ел күтпеген жаңалық жасай қоймайтыны сол кезде-ақ белгілі болған.
Десе де, үміт шіркін...
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы наурызда жасаған жолдауында Қазақстандағы әкімшілік-аумақтық құрылымдарды жетілдіріп, бірқатар жаңа облыстарды құруды ұсынған еді. Алайда, президенттің жаңа бастамасы ұсыныстан гөрі кесімді пәрменге көбірек ұқсады. Бұл ұсынысты бас шұлғығыш атқарушылар іліп әкетіп, бірер айдың ішінде – Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарын құрып тастады. Бұл елдің қай уақытта болса да басуға тиісті стратегиялық қадамдарының бірі болғасын, оның үстіне кейбір өңірлерде жаңа облыстарды құру бойынша қажеттіліктің шынында бар екенін ескерсек, жалпы халықтан ұлғаусар қарсылық болған жоқ деуге болады.
Орталығына Дінмұхамед Қонаевтың аты берілген Алматы облысы әкімі креслосына Марат Сұлтанғазиев былтыр маусымда келіп отырды.

Желтоқсандағы қайта тағайындауда тағы өз орнында қалды. Президент Тоқаев жаңа облыстарды құру бастамасын 2019 жылы өзі жолға қойған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына сай жаңа облыстар арқылы өңірлердің дамуына тың серпін бергісі келгені рас. Дегенмен бұл мәселенің жалпы көрінісі еді де, бұған қоса осы бастама арқылы Тоқаев билігі қосымша екі мақсатқа жетуді көздеді. Біріншіден, сол кездегі елдің ішкі саяси жағдайына орай әлеуметтік көңіл күйді басқа арнаға бұруға тырысса, екіншіден, өз тарабындағы кадрлар қосынын кеңейтуге де мүмкіндік алды. Себебі ескілі-жаңалы облыстардың әкімдік креслосына түгел-дерліктей жаңа кадрлар келіп жайғасты.
Сұлтанғазиевтің қаржы және мониторинг саласынан бірден өңір басшылығына, соның өзінде де еліміздегі стратегиялық маңызы айрықша Алматы облысының басшылығына келуінен-ақ президенттің оған деген айрықша сенімін байқау қиын емес. Алайда, Сұлтанғазиев бір жылға жуық уақыттан бері ақпарат құралдарынан бойын аулақ ұстаған өңір басшыларының бірі болды. «Жетісу» телеарнасының жаңалықтарында ғана күнделікті қабылдаулары, кездесулері, іс-сапарлары туралы жаттанды жаңалықтардан өзге өрістерде тым сирек көрінді.
Жоғарыда атап өткеніміздей, жаңа құрылған немесе қайта құрылған облыстардың қай-қайсысының да өзіндік стратегиялық маңызы бар. Десек те Алматы облысының жөні бөлек. Себебі Алматы облысының ғана емес, Алматы қаласының болашағы да белгілі деңгейде Марат Сұлтанғазиев басқарып отырған әкімдік аппаратының жұмысына тәуелді. Бірі – елдегі халық санының тығыздығы жағынан және ауылшаруашылық өнімдерін өндіру жағынан көшбасшы облыс болса, енді бірі – еліміздегі басты стратегиялық маңызға ие қала. Мемлекеттің экономикасындағы үлес салмағы айрықша осы қала мен облыстың өзара байланысының тығыз екені де белгілі.
Әу баста жаңа облыстарды құру бойынша бастама көтерген кезде де президент Алматының агломерациясына қатысты түйткілдердің бар екеніне айрықша тоқталды. Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметі бойынша бұл күнде Алматы қаласында 2,5 миллион шамасындағы халық тұрады. Анығында, тұрақты тіркеуі облыстар мен басқа қалаларда болғанымен, күнделікті тұрмыс-тіршілігі тікелей осы қаламен қатысты және қала іші мен төңірегінде тұрып жатқан азаматтардың саны – бұдан әлдеқайда көп. Жылдан-жылға тұрғындар саны мен көлік санының артуы – қаланың инфрақұрылымы мен логистикасына орасан зор қысым түсіріп отырғаны көз көріп отырған жағдай. Үкімет мойындамағанымен, кептелістен көз ашпайтын көшелері мен қозғалысқа кедергі келтіретін, бітпейтін жөндеу жұмыстарынан әбден қажыған алматылықтардың «Алматы үлкен ауылға айналды» дейтін пікірі жиі айтылып жүр.

Ал Алматы облысының өзінде ресми мәліметте 1,5 миллионнан асатын халық бар болса, әр күні осы халықтың үштен бірі – Алматыға ағылып отырады. Аймақ тұрғындарының 500 мыңы әр күні Алматы қаласына кіріп-шығатынын облыс әкімі айтты да. Президент облыс басшысын қабылдаған кезде де маңызды қаланың қысымын жеңілдету үшін Алматы қаласы мен Алматы облысындағы дамудағы теңгерімсіздікті жою бойынша да тапсырма берді. Осы мақсатта Алматы мен Қонаев қалаларының арасындағы тасжол бойында төрт заманауи аудан құру бойынша жоспар құрылып та қойған. Былтыр жыл соңында Марат Сұлтанғазиевтің әкімдік аппараты Алматы облысының 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын бекітіп тастаған. 5 бағыттан тұратын стратегиялық жоспардың алғашқысы – «Алматы қаласынан барлық бағыттар бойынша Алматы агломерациясын дамыту арқылы теңгерімді аумақтық-кеңістіктің дамуы» деп аталады. Алайда, Сұлтанғазиевтің қазіргі жұмыс қарқынынан алматылықтардың күткен үміті жақын арада ақтала қоймайтын сияқты.

Жалпы ел үшін стратегиялық маңызы жоғары облысты жетектеп отырған басшының маңызды міндеті – аткөпір. Марат Сұлтанғазиевтің алдында бұдан өзге де толып жатқан түйткілді, шұғыл арада шешуді күтіп тұрған мәселелер жетерлік. Айталық, облыс бойынша үш ауысымдық жүйемен білім беріп жатқан 52 мектеп бар, осы бойынша 2025 жылға дейін 68 200 орынды 63 мектеп салынуы керек. Оның сыртында тағы бір маңызды мәселе – Қонаевтың шын мәнінде облыс орталығына лайық қалаға айналуы. Егер ішкерілей қарайтын болсақ, облыс орталығының өзінде де кезек күттірмейтін мәселелер баршылық. Қаланың қалдық суын ығыстыру жүйесі мен кәріз жүйесі апатты күйде тұр. Қонаев қаласындағы кәріз тазалау жүйесінің мекемесі сонау 1968 жылы уақытша салынған екен. Бұрынғы Қапшағай қаласының лас суды ығыстыру жүйесі бұл күнде құбырлары шіріп, аппараттары қаусап, апатты күйде тұрғанын «Жетісу» телеарнасының арнайы репортажында айтылды да.

Қаладан 60 метрдей биік жайға салынған мекемеде қандай да бір төтенше жағдай туса, жаңа облыс орталығы үлкен экологикалық проблемаға тап болғалы тұр. Тіпті мекеме қызметкерлері төтенше жағдайдың орын алуына алаңдап, әр күндерін үреймен өткізетінін де жеткізген. Содан бері 8 ай уақыт өтсе де әкімдік маңызды нысанның құрылысын реттеген жоқ.
Бұдан бөлек қаладағы ауыз су сапасына тұрғындардың көңілі толмайды. 70 пайыз ауыз суды Қапшағай су қоймасынан алатын қала тұрғындары бірде қысымның аздығынан тұрғын үйлердің жоғары қабаттарына су жетпей жататынын айтса, бірде ауыз судың тікелей қолдануға жарамсыздығын айтып шағымданады.

Былтыр жыл соңында бекітілген 2030 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын көрген жұрт Қонаев қаласы мен Алматы облысының болашағын елестетіп, «әне-міне Дубай, не Лас-Вегас боламыз» дейтін тәтті қиялға беріліп жүр. Біздің әкімдер ғана емес, жоғары лауазымды шенеуніктер де стратегиялық жоспарлардың мерзімін арыдан қоюға тырысады. Аталмыш стратегиялық жоспарға сай, Қонаев қаласында жаңадан коммерциялық, әлеуметтік, индустриалық жүздеген ғимараттар тұрғызылып, жаңа орталықтар мен жоғары оқу орындары пайда болатыны айтылады. Алайда, облыс орталығы да, Алматымен екі арадағы ертегіге айналатын әлем де әзірге түрен салынбаған күйі жатыр.

Кейбір ақпарат құралдары бұрын қаржы, мониторинг саласына, Президент әкімшілігінде жұмыс істеп келген Сұлтанғазиев үшін өңір басшылығы оңғайға түспейтінін, бұл жағында тәжірибесінің аздығын жазып еді. Сайлаудан кейін күтілген кадрлық ауыс-түйістерге қатысты сараптаған Nege Media М.Сұлтанғазиевті «орнынан кететін» облыс әкімдерінің қатарына қосыпты. Иә, келмей жатып, «Сұлтанғазиев кетеді екен» деген сыбыс аз тараған жоқ. Оның себебі де оның сонша уақыт бойғы үнсіздігінен деуге болады.
Облыс басшысы қызметке кіріскелі бері облысқа қарасты кейбір аудандарда үш реттен халықпен кездесу өткізіп үлгеріпті. Бұдан тыс Сұлтанғазиевтің президент жағынан маңызды тапсырма ретінде берілген инвестиция тарту бойынша да жиі кездесу өткізуге тырысады. Қатарында араб елдерінің, еуропа елдерінің инвест-компанияларынан тартып, көршілес қытайлық және отандық компания өкілдері де бар.
Жеткілікті халық саны және түрлі шаруашылық пен өндіріске қолайлы шарт-жағдайы облыстың басты артықшылықтары. Әрі Қытайдан Еуропаға дейінгі сауда жолының Қазақстандағы қақпасы да осы облыс. Логистикалық, инфрақұрылымдық мүмкіндіктері де өзге облыстармен салыстырғанда жоғары тұр. Осы және өзге мүмкіндіктеріне қарап, аталған облыс дамуға сұранып тұрған өңір деуге болады. Ал президент Тоқаев жаңа облыстар құру бастамасын көтерген кезде: «Әкімшілік-аумақтық өзгерістер мемлекеттік басқару үдерісін жеңілдетеді. Жұрттың облыс орталығына барыс-келісін оңайлатады. Ішкі көші-қон мәселесін реттеуге септігін тигізеді» дегені есімізде. Президенттің осы уәделі талабын орындап, облыс пен Алматы қаласының түбірлі мәселесін оң бағытта шешіп жатқанын облыс пен қала тұрғындарына шынайы көрсету үшін Марат Елеусізұлы енді қанша уақыт толғанады? Жоспарын он ай қарап, бес ай өрген Сұлтанғазиев – «жеке шығармашылықпен» айналысып болған шығар, ел ертегілік қаланың суретіне қарап қашанғы отырады?