Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:50, 12 Қазан 2023

Жұмабай Құлиев: «Азуы алты қарыс жазушың бар ма?»

Жұмабай Құлиев
Фото: из открытых источников

Менің ұғымымда «Халық жазушы» деген атақ Мемлекеттік сыйлықтан да жоғары тұрады. Қаламгерге елдің мұңын, халықтың сөзін билікке жасқанбай жеткізе алатын абырой, айбын бере алатын атақ болуы керек.

 Баяғыда Әуезов айтқандай, жазушыда абырой болмаса, билік сені екі шайнап, бір жұтады. Халық жазушысының азуы алты қарыс болмаса, ешқандай сұс та, мыс та болмайды.

Бұрын берілген бұл атақты не үшін алып тастағанын шамалаймын. Бұрын Халық жазушылары көп болды. Олардың айтқаны орындалып, дегендері болып жататын. Содан сескенді ме, қайдан білейін.

Енді сол атақты қайта бере бастамақ екен. Кімге, қалай береді деп болжаудың да қажеті шамалы. Түсінікті дүние. Бұл атақтың астары терең. Әуезов пен Сәтбаев кезінде Семейдегі ядролық сынақты тоқтату керек деген талаппен Курчатовқа кірген. Сонда Курчатов: «Бұл менің құзыретімдегі дүние емес, бұны Берия шешеді» деп жауап берген. Қарап тұрсаңыз, Әуезов халықтың тағдырына араласып, араша түсті. Бұндай үлкен іске кірісу ғажап қой! Халық жазушысы деген атағы бар ақын-жазушыңыз сол деңгейде сөйлей алса дейсің. Ендігі атақ алатын қаламгерлер соған лайық бола ма, жоқ па?

Қазір бұл атақты таратқаннан өзгеріс бола қояды деп ойламаймын. Кезінде Ғабит Мүсірепов осы атақты алғанда, жапа-тармағай құтты болсын айтқандарға: «Қойшы, сол атағыңды» деп, көңілсіз қабылдапты. Адамдар осы қазір «Халық жазушысы» болып кетсе де, оған қанат бітіп, мүйіз шығады деп айта алмаймын.

Кеңес заманында қорғаныс саласында, ішкі істер қызметінде жұмыс істеген Сағадат Нұрмағамбетов, Шырақбек Қабылбаев деген қазақтар болды. Генерал атағына жеткен санаулы қазақтар. Қазір бізде жалпы әр сала бойынша 117 генерал бар, менің есебімде. Сонда не өзгерді? Ештеңе! Бұл бұрынғы кеңес заманының қыспағын өтеу ғана сияқты көрінеді. Қазақтарды атаққа әбден шөлдетіп кеткен Кеңес өкіметі ме деймін. Бұрын жазушылардың арасынан Социалистік Еңбек Ері атағын Ғәбең ғана алды. Лениндік сыйлықты Әуезов алды. Сол тұста орыстардан 28 адам Лениндік сыйлықты алыпты. Соған қолы жетпеген біздің қауым өтеуін өз мемлекетімізден күтіп жүрген жоқ па екен?...

«Халық жазушысы» жазушының талантына талант қосады деп ойламаймын. Атақ, даңқ не қосады? Салпыншақ, медаль атаулымен шаруасы жоқ Тәкен Әлімқұлов сияқты жандарды жақсы көрем. Ештеңемен шаруасы жоқ, алаңсыз шығармашылықпен айналысты. Баяғы кеңестер одағынан қалған шөлден әлі арыла алмаған қалпы әлі жүрміз. Бізге атақ керек! Марапат, атақ, сыйлық, даңқ десе, бетін сатып, өлімін салатындарға таңғалам. Сол талантсыз қаламдасым қандай атақ алып, қандай медаль тақса да, талантсыз қалпы қалады. Тек қоқырайып жүруі мүмкін.

Ал енді бұны қалай береді? Саясатқа күйіс қайырып жүрген жазушыларға топтап беретін болса, «Мәдениет қайраткері» деген сияқты бағасыз атақтан қай жері артық болмақ. Соған қарағанда, биліктің де шарасы таусылғандай. Осындай салпыншақтармен алдап тұрмаса, қазір халықтың іші жарылайын деп тұр ғой. Атаққа шөлдеп жүрген адамдардың аптығын басатын шығар.

Мемлекеттік сыйлықтың өзі жылдан-жылға дауға айналып барады. Комиссия құрамы да даулы. Бұл атақтың да арты міндетті түрде наразылыққа, келіспеушілікке айналатыны сөзсіз.

Баяғыда Сәбит Мұқанов мінбеден малшылардың ауыр жағдайын айтып тұрғанда, сол кездегі Қазақстан Орталық компартиясының біріншісі хатшысы Беляев: «Мұқанов жолдас, көп сөйлеп кеттіңіз, доғарыңыз» дегенде, «Мен большевиктер партиясына өткенде, сен үстелдің астында еңбектеп жүрген бала емес пе едің. Менің сөзімді бөлетіндей сен кімсің» дейтініндей сөз айта алатын қазір кім бар? Мен ешкімді көріп тұрған жоқпын.