Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:45, 19 Наурыз 2025

Жұманғарин саясы жоқ «Бәйтеректі» қарызға суарады

Бәйтерек» холдингі
Фото: «Бәйтерек» холдингінің баспасөз қызметі

Қазақстан осыдан біраз жыл бұрын ұлттық даму институттарын, қаржы ұйымдарын басқару және экономиканы оңтайландыру үшін «Бәйтерек» Ұлттық холдингі құрылды.

 Холдингтің жалғыз акционері – Қазақстан үкіметі. Құрамына 7 еншілес компания кіреді. Олардың қатарында «Қазақстанның даму банкі» АҚ, «Отбасы банк» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Қазақстанның тұрғын үй компаниясы» АҚ, Qazaqstan Investment Corporation АҚ тәрізді капиталы қомақты компаниялар бар.

2013 жылы «Бәйтерек» алғаш құрылғанда ел үкіметі оны әбден мақтады. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтан бастап, өзге де атқарушы билік өкілдері болашақта «Бәйтеректің» жапырағы жайқалып, экономиканы дамытудың драйверіне айналады дегенді жиі айтты. Холдингке мемлекеттік және үкіметтік бірнеше бағдарламаларды жүзеге асырудың міндеті жүктелді. «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам», «Индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасы, «Бизнестің жол картасы – 2025», 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы, «Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасы, «Қарапайым заттар экономикасы», «Қазақстан Республикасының ұлттық экспорттық стратегия» бағдарламасы, Тұрғын үй-коммуналдық дамудың «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы. Міне, осыншама бағдарламаларды жүргізудің негізгі операторы «Бәйтерек» болды.

Биыл да үкімет «Бәйтерек» холдингінің экономикалық жобаларға құятын капиталын 1 трлн теңгеге ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұл жайында ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді. Министрдің сөзінше, биыл және одан кейінгі жылдары экономикалық өсудің қарқынын ұлғайту үшін үкімет экономиканың нақты секторын қаржыландыруды арттырады. Осыған байланысты биыл «Бәйтерек» холдингіне бюджеттен 1 трлн теңге бөлінеді. Холдинг қаржыландыратын жобалар өңдеу өнеркәсібінің қуатын ұлғайтып, өнімділігі жоғары жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді. «Бәйтерек» бизнесті қолдау үшін екінші деңгейлі банктермен тығыз байланыс орнатып, жеке және мемлекеттік қатысушылар үшін қаржыландыруды арттыратын болады. Холдинг жанынан Кепілдік қоры құрылып, оның қызметі құны 7 млрд теңгеден басталатын жобаларды қолдауға бағытталады.

Әрине, бір қарағанда «Бәйтерек» жобаларды қаржыландырудың жаңаша құралдарын енгізіп жатқандай көрінеді. Алайда сарапшылар «Бәйтеректің» сол баяғы ескі дағдысы мен үйреншікті жүрісінен жуырда арыла қоймайтынын айтады. Өйткені холдинг биыл да әдеттегі сарынына басқалы отыр. Биыл холдинг бюджетке телміріп, үкіметтен ғана 1 трлн теңге алып қоймайды, Қытайдан да 400 млн юань қарыз сұрап отыр. Мұны «Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин мәлімдеді. Холдинг бұл қарыздарды 10-15 жылдық жобаларға бермекші. Қаражат негізінен ауыл шаруашылығы саласын дамытуға жұмсалмақ.

Холдингке осы уақытқа дейін Ұлттық қордан да қаражат бөлінді, зейнетақы қорының да қаражаты беріліп келді. Биылдың өзінде холдингке көлік жобалары үшін 173 млрд теңге, аграрлық-өнеркәсіптік кешен үшін 213 млрд теңге зейнетақы қорынан берілді. Болашақта холдинг арқылы электр энергиясын дамыту жобаларына 1,5 трлн теңге қаражат БЖЗҚ-дан тағы берілмек. Бұдан басқа холдингтің сыртқы қарыздары да бар. 2021 және 2022 жылдары «Бәйтерек» холдингі Қытайдың мемлекеттік даму банкінен 2021 жылы 155 млн доллар және 2022 жылы 104 млн доллар қарыз алған. 2022 жылы Қытайдан тағы бір кредит – China Construction Bank Corporation-нан 100 млн доллар алған. Сонымен қатар басқарушы холдинг 2022 жылы JPMorgan Chase Bank N.A.-дан 120 млн доллар тартқан. «Бәйтеректің» доллармен алған қарыздары ғана емес, рубльмен алған борышы да бар. 2022 жылы холдинг Еуразиялық Даму банкінен (ЕАДБ) 40 млн рубль қарызға алып, 2023 жылдың ақпанында жапқан. Тағы бір ЕАДБ-дан алынған 4 млрд рубль қарызды қазақстандық тарап 2027 жылдың соңына дейін жабуы керек.

Былтыр президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі сыртқы қарыз мөлшеріне шектеу енгізу қажеттігін айтқан. Үкімет осыдан кейін «Самұрық-Қазына» мен «Бәйтерек» үшін сыртқы қарыз мөлшеріне шектеу енгізуге арнайы бұйрық та шығарған. Олардың қарызының шекті көлемі: «Самұрық-Қазына» – 5,7 трлн теңге немесе 12,5 млрд доллар, «Бәйтерек» үшін – 2,3 трлн теңге немесе 5 млрд доллар көлемінде бекітілді.

Бағдарламалардың нәтижесі түгілі, атын ұмыттық

Экономикалық бақылаушы және саясаттанушы Әсем Қасымханова үкіметтің бұл бекітіп берген лимитін дұрыс емес деп есептейді.

«Қоржынында 1 трлн теңгеге де жетпейтін таза табысы 416 млрд теңгені ғана құрайтын болса қарыз лимиті де соған сәйкестендірілмей ме?! Президент «қарызды шектеңдер» дейді. Ал үкіметтің қарызды шектеу құнын 2,3 трлн теңге етіп көрсетуі «тапқан табыстан асырып қарыз ала беріңдер» дейтіндей көрінеді. Күні кеше ғана «Бәйтерек» Қытайдан 400 млн юань қарыз алатынын айтты. Холдинг төрағасы «бұл тек қарыздың басы» деді. Демек әлі де қарыз ала береміз деген сөз ғой. Осы уақытқа дейін «Бәйтерекке» қаншама қаржы құйылды. Қаншама мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырдық. Кейбірінің нәтижесі түгілі, атауын ұмытып қалдық. Басқаны қоя тұрып, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қо­рын­дағы қаражаттың 1,5 триллион теңгесі инфра­құры­­лымдық жобаларға салынатыны айтылды. Үкімет пен Ұлттық банк «жобаларды бұлай қаржыландыру экономикамызды дамытады. Бұл салымшылардың зейнетақы жинақтарына тұрақты инвестициялық кіріс әкеледі» деді. Қазір керісінше, жұрт зейнетақы қорындағы инвестициялық табыстың азайып кеткенін айтып жүр. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қаңтар айында 284 млрд теңгені жоғалтты. Қор өкілдерінің айтуынша, валюта бағамының құбылуы, қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі инвестициялық табыстың кемуіне әсер еткен.

Егер «Бәйтерек» холдингі жүйелі түрде, барлық мүмкіндіктерін пайдаланып жұмыс істегенде, зейнетақы қорынан осы уақытқа дейін берілген қаражаттар пайдасын көрсетер еді, бұлай минусқа кетпейтін едік. Керісінше, инвестициялық табысты өсіріп, зейнетақы қорына қайтарып отыратын еді. Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыратын бұл холдинг қызметкерлері 6 жалақы мөлшерінде сыйақы алады. Былтыр холдинг қызметкерлерінің жалақысына ғана 1,5 млрд теңге жұмсаған. Негізінде, зейнетақы қорының алдында, яғ­ни болашақ және қазіргі зейнет­кер­лердің алдында нақты жобалар емес, «Бәй­терек» пен «Самұрық» жауапты бола­ды. Сондықтан бұл холдинг арқылы бағытталатын қаражатты тек қана электр энергетика саласына сала беруге болмайды. Қаражаттың үштен бірі инфр­а­құры­лым­дық жобаларға, қалған ақшаны эко­но­ми­каны әртараптандыруға және ішкі ұсы­нысты арттыруға қатысты жобаларға ба­ғытталуы керек. «Үкімет+Бәйтерек+Самұрық» үшеуі бірігіп жұмыс істеуі керек. Өйткені экономиканы дамытудың негізгі көзі солардың қолында. Әсіресе «Бәйтеректің» жұмысында ашықтық болуы қажет».

Сарапшылар ғана емес, 2023 жылы Дүниежүзілік банк «Бәйтерек» холдингінің дамуына арналған баяндамасында құрылымның жұмысында мүлдем ашықтық жоқ екенін көрсеткен. Холдингтің жұмысының ашық болмауы экономиканың дамуына, тиімді қаржы нарықтарын тартуға қатты бөгет екенін атап өткен. Жағдайды түзеу үшін Дүниежүзілік банк «Бәйтерек» холдингіне реформа жүргізуді де ұсынған.

Экономика ғылымының докторы, профессор Жаңабай Алдабергенов былай дейді:

«Дүниежүзілік банк сарапшылары 2023 жылы үкімет пен басқа да мемлекеттік органдарға бірден бірнеше ұсыныстар дайындады. Соның ішінде қаржы министрлігіне «деректерді өңдеу және жариялау процесін жақсарту» ұсынылды. Ұлттық экономика министрлігіне холдингтің қарызы мен кепілдіктері бойынша ашық есеп жүргізіп отыру айтылды. Холдингке қаржылық тұрақтылықты және нарықтық мінез-құлықты бағалаудың жаңа жүйесін әзірлеуі керектігі ұсынылды. Сондай-ақ Дүниежүзілік банк бірінші кезекте үшінші тарап акционерлерін тарту есебінен жеке қаржыландыру үлесін ұлғайтуды ұсынады. Қазіргі уақытта «Бәйтеректің» жалғыз акционері үкімет. Холдинг облигациялар шығару арқылы ғана қаражат тартады. Бұл тәсілді өзгерту керек. Бізге тікелей инвестициялар тарту бағытын қоса ұстанған абзал. Алайда бұған құлақ асып отырған ешкім жоқ. Холдинг арқылы тікелей инвесторлар тартудың орнына әлі сол сырттан қарыз алу, облигациялар шығарып оны үкімет зейнетақы қоры мен Ұлттық қордың қаражатына сатып алу бағытынан жабысып ажырамай келеміз. Холдинг құрылғалы 12 жылдан асты, сол тепеңнен танбай келеміз. Бұл бағыт сыртқы қарыздан да, ішкі қарыздан да оңай құтқармайды.

Осылай жүре берсек, тіпті «Бәйтерек» арқылы берілген қаражаттарды қайтару тәуекелі артуы мүмкін. Мысалы, 2023 жылы «Бәйтерек» холдингінен ең көп лизинг алған компанияның бірі – «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мен оған бағынышты тасымалдаушылар болған. Олардың алған лизингінің жалпы сомасы 225,6 миллиард теңгеге жеткен. Былтыр ҚТЖ-ны Жоғары есеп палатасы дефолт жағдайында тұр деп те айтты. Ал бұл компания болашақта «Бәйтеректен» алған қарызын қайтара ма?! Осындай сұрақтарды ашық талқылау керек».

Иә, жұмысы ашық, бақылауы мықты болмаса «Бәйтеректің» экономикаға сая болмайтын түрі бар. Демек осы холдингпен біте қайнасып жұмыс істеуі тиіс Серік Жұманғарин басқарып отырған ұлттық экономика министрлігі «Бәйтеректі» бюджеттің қаражатымен немесе қарызбен қашанғы суара берер екен...

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ