Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:12, 02 Наурыз 2023

Жұмаш Кенебай-Көкбөрі: Телеарналарды жаулап алған Қабатовта, Қоянбаевтар әбден мезі етті

None
None

Биыл Қазақстан ұлттық телеарнасының құрылғанына 65 жыл толып отыр. Осы мерекеге орай, қазақ телевизиясының ардагері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қоғам қайраткері Жұмаш Кенебай-Көкбөріні әңгімеге тарттық.

– Жұмаш аға, қазақ телевизиясының ардагерісіз. Биыл қазақ телевизиясының құрылғанына 65 жыл толып отыр. Алдымен, Сізді осы айтулы датамен құттықтаймын!

– Рақмет, Жарас інім!

– Сізді осы мерекемен әріптестеріңіз, Қазақ телевизиясының басшылары да құттықтап жатқан болар?

– Осы арада мен қанша дегенмен пәлембай жыл Қазақ телевизиясының ыстығы мен суығына бірдей төзген, ардагер әріптестерімді, жас ұрпақты осынау төл мерекемізбен шын ниетіммен құттықтағым келеді! Той, құтты болсын, достар!

Бір қызығы, өзіңнің сұрағыңа орай, не айтарымды білмей отырмын. Құттықтау жөнінен қазақ телевизиясының басшылығы, яғни ол жақ тым-тырыс. Себебі де маған түсініксіз. Мынадай мереке кезінде өкпе айтқаным жараспас. Ештеме де мәңгілік емес, бәрі өзгереді. Менің ештеңеге де, ешкімге де өкпелегім келмейді. Жарайды, бұл туралы кейінірек уақыт болса, арнайы тоқталармын деп те ойлаймын кейде...

– Өзіңіз қызмет еткен жылдары Қазақ телевизиясында қандай телехабарды дүниеге әкелдіңіз?

– Жалпы, Қазақ телевизиясында сонау 1980-ші жылдан тележурналистік қызметімді бастағаным белгілі. Айтпақшы, Қазақ телевизиясына Қазақ радиосынан ауысып келген едім. Басында қиын болды. Ал кейін көрермендер көңілінен шыққан: «Түрік даналары», «Дара тұлғалар», «Тұлпардың тұяғы», «Өнерім- өмірім» және т.б. авторлық телебағдарламаларым сол кездегі жұртшылық назарын өзіне аударған дүниелер болғаны өтірік емес. Жоғарыда атап өткен телебағдарламалардың авторы әрі жүргізушісі өзім болғанымды қалың көрермен жақсы білер деп ойлаймын...

Мәселен, «Түрік даналары» авторлық телебағдарламам негізінен, барша түрік халқына ортақ Томирис, Мөде қаған, Анахарсис, Күлтегін, Білге қаған, Мұстафа Шоқай, Мағжан Жұмабайға дейінгі аралықты қамтитын әрқайсысы 30 минуттан тұратын, Қазақстанның және шетелдердің белгілі тарихшы ғалымдары қатысатын тележоба болды. Бір «Түрік даналарының» тұрақты басталуы (шапкісі) «Алаш маршының» алғашқы шумағы:

Арғы атам – Ер Түрік,

Біз Қазақ еліміз.

Самал тау, шалқар көл

Сарыарқа жеріміз – деп, басталып, ұлы Мағжанның әйгілі «Түркістан» өлеңінің:

Түркістан – Ер Түріктің бесігі ғой,

Түркістан – бар Түріктің есігі ғой,

Тамаша Түркістандай жерде туған,

Түріктің Тәңір берген есімі ғой...

және өзімнің осы тақырыптағы жыр жолдарымнан үзінділер оқып отырамын. «Түрік даналарының» біраз хабарлары әлеуметтік желілерде әлі күнге дейін сақталған. Әуезі қазақ күйімен көркемделген. «Түрік даналарының» режиссуралық, техникалық жағынан көркемделуі үшін айрықша қызмет еткен режиссер апайым Клара Қорған, Боран Мұсабай, Ботагөз Исмайыл қарындасым және т.б. әріптестеріме алғысым шексіз!

Айтпақшы, осы «Түрік даналары» авторлық жобам жөнінде ҚазҰУ-дің бір ғалымы докторлық диссертация қорғағаны рас. Әр жылдар сайын  журналистика факультетінің қаншама студенттері диплом жұмыстарын қорғап жататын. «Түрік даналарының» өзінен 40-тан астам телехабар жасаппын. Менің бұл телехабарларымды сол кездің өзінде Түркия  телеарналары өздерінен көрсетіп, Туран Язған сияқты барша түрік халқының зерттеу орталығының басшысының тікелей нұсқауымен «Тарих» сияқты белгілі журналдары менен сұхбаттар алып, ТРТ каналдары арнайы хабарларға шақырып жатқаны бүгінгідей есімде. Әзербайжан телеарнасы да менің бірнеше телехабарымды Түркиядағыдай өз арналарынан қазақ тілінде көрсетіп, сол елге мені арнайы шақыртып, құрмет көрсетті. «Түрік даналары» апта сайын әр бейсенбіде кешкі сағат 20:30-да тұрақты көрсетілетін. Сол кездегі Қазақ телерадио комитетінің төрағасы Камал Сымайылов, орынбасары Ғаділбек Шалахметовтің, «Алатау» арнасының басшысы Фатима Бегембаеваның, Құсыман Игісіннің және т.б. менің бұл телехабарларыма деген көзқарастары да керемет болды! Қазақ телевизиясының апта сайынғы лездемесінде телехабарым үздік деп табылып, аталып өтіп жататын.

Айтпақшы, «Түрік даналарын» алғаш рет 1992 жылы өзім Алматы қалалық әкімдігінде мемлекеттік қызметте жүріп, сол кездегі «Таңшолпанның» бас редакторы Иманбай Жұбаевтың ұсынысы бойынша әр апта сайын жұма күні таңғы 8-00-де тікелей эфирден жеті минуттай өзім жүргізетінмін. Тікелей эфирде менің оң жағымда айға қарап ұлып тұрған көкбөрінің суреті болатын. Иә, бұл да бүгіндері мен үшін таза естелікке айналған ғажайып күндер еді. Кейін Алматы қалалық әкімдігінен Қазақ телевизиясына ауысып келіп, Рафаэл Жұмабаевтың басшылығында «Түрік даналарын» жарты сағаттық телебағдарламаға айналдырдым. Қазір ойлап отырсам, ол күндер мен үшін ертегідей ғажап екен!..

Осы «Түрік даналары» телебағдарламамның тізбекті үш хабары:  «Абай тойынан кейінгі ойлар» үшін 1995 жылы ЮНЕСКО-ның сол кездегі төрағасы Федерико майордың қолынан Әмір Молдабеков екеуміз «ЮНЕСКО сыйлығының лауреаты» деген атақ алдық. «Түрік даналарының» тұрақты ғылыми жетекшісі марқұм профессор Марат Барманқұлов болатын. Ұмытып барады екенмін, «Түрік даналарының» ұлы бабамыз Мұстафа Шоқайға арналған кезекті хабарын сол кездегі «Азаттық» радиосының басшысы Хасен Оралтай ағаның тікелей ұсынысымен Алманияның Маиндағы Франкфурт қаласында орналасқан «Еуропа түрік федерациясының» қаржыландырумен: Фәдли Әли, Әмір Молдабек сол елге арнайы сапармен барып, бір ай Мұстафа бабамыз жүрген ізбен жүріп, ол кісіге арналған хабарымызды ойдағыдай шығарған едік. «Түрік даналарының» Мұстафа Шоқайға арналған бұл хабарында ол кісінің 1932 жылы Берлинде түрік жастарының бас қосуында сөйлеген сөздерін пайдаланғанымыздың өзі керемет табыс еді! Менің бір таңғалғаным Мұстафа Шоқай өзінің сол сөзінде қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабайдың атақты «Түркістан» өлеңін толық оқып шыққаны дер едім...

– Тағы қандай бағдарламаңыз болды?

– Ал «Дара тұлғалар» атты авторлық тележобам профессор Марат Барманқұлов, генерал Мұрат Қалматаев және т.б. сол кездегі танымал тұлғаларға арналды. «Тұлпардың тұяғы» атты тележобам кезінде қызыл жендеттер қолынан өлтірілген қасиетті «Алаш» көсемдерінің бүгінге жеткен ұрпақтарына бағышталған еді. «Тұлпардың тұяғының» алғашқы хабары «Алаш арулары» деп аталды. Халел Досмұхаметовтың қызы Қарашаш апай, Міржақып Дулаттың қызы  Гүлнәр Міржақыпқызы, Ахмет Байтұрсынұлының қызы Айман Ахметқызы және басқа да қырықтан астам аруларға арналған-ды. Бұл телехабарларым кезінде көрермендер ықыласына айрықша бөленген дүниелер болды.

— Еңбектеріңіз үшін жоғары жақтан қандай сый-сияпат алдыңыз?

–Мен бұл еңбектерімді атақ, сый-сияпат алайын деп жасаған пенде емеспін. Түркияның тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік: «Сен, сол ұлттың перзенті болған соң, ұлтыңа қалтқысыз қызмет етуге тиіссің. Өйткені сен, сол ұлттың өкілісің. Ал еткен қызметің үшін сол ұлтыңнан бідеңе дәметуің ұят. Себебі, сен, осы ұлттың перзентісің!» деген керемет сөзін өміріме бағдар шам етіп алдым.

– Өзіңіз жұмыс жасаған уақытпен салыстырып айтыңызшы, қазіргі Қазақстан ұлттық телеарнасының шығармашылық сапасы қалай?

– Бұл мен үшін жүрегімді қан жылататын сұрақ. Сонау 80 жылдардан 2000 жылға дейінгі аралықта Қазақ телевизиясында қызмет еткен менің әріптестерімнің көпшілігі шын мәніндегі өз істерінің шеберлері еді. Бір ғана мысал, сол кездегі «Тамаша» ойын-сауық отауы бағдарламасы, онда ойнайтын актерлер, дикторларымыздың  сөйлеген сөзі, қимылы шынайылығымен есімде қалыпты. Ал қазір телеарналарды жаулап алған қабатовтар, қоянбаевтар және т.б. сайқымазақтардың көзге қораш көрінетіні өтірік емес. Сонан кейін бір басып айтайын дегенім, телеарнада таңның атысынан түн ортасына дейін шектен шыққан ойын-сауықтың көрсетіліп жатқаны, қазақ көрермендерін әбден мезі еткені де ешкімге жасырын емес.

– Шығармашылық сапасы дегенде журналистердің кәсібилігі, тіл тазалығы, сөз қолдануы, редакторлығы туралы білгіміз келген еді...

– Менің бір байқағаным, аталмыш телеарнада тележурналистер емес, кілең әртістер жұмыс істейтін сияқты көрінеді. Олардың сөз саптасы, экранда өздерін ұстауы туралы шағын сұхбатта айтып тауысу қиын.

Осы арада менің айтайын дегенім, таңнан қара кешке дейін негізінен сұхбат берушілер кілең әртістердің болуы, тақырыптың әртістер туралы болуы – өте арзан, ең жеңіл жанр. Жалпы, сұхбат ең оңай, жеңіл жанр ғой. Менің бір шетелдік досым айтып еді: «осы сендердің Қазақстанда әртістерден, сайқымазақтардан басқа мамандық иелері жоқ па?» – деп. Міне, осы сұрақтың өзінен көп нәрсені аңғаруға болатын сияқты.

– Ақпарат – идеология. Ресейліктердің ой-санасын көгілдір экран жаулап алған. Оны Ресей мен Украина арасындағы соғысқа деген теріскейдегі көршілердің көзқарасынан күнде көріп отырмыз. Ал біздің телеарналар қазақтың ұлттық идеологиясына, мемлекетке қаншалық қызмет етіп отыр? Телеарналар бөлініп отырған миллиондарды ақтап жатыр ма? Сіздер қызмет еткен жылдары қандай тұлғалар жұмыс жасады қазақ телевизиясына?

– Бауырым, осы сұрағыңнан-ақ көп нәрсені аңғаруға болады. Бірден басын ашып алайын, біздің кезімізде әр хабарға қатысқан актерлерден салмақтылықты, салиқалықты көретінбіз. Ал қазіргі сайқымазақтарға қарап отырып, өзің жер болады екенсің. Менің құрдасым марқұм Тоқсынның сахнада өзін ұстауы, әзіл-қалжыңы қандай керемет еді! Қазіргі актерлерден ондайды көре алмайсың. Мысалы, ана әйел рөлін сомдайтын азаматқа қарап отырып, не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің. Міне, бүгінгі біздің жеткен жеріміз – осы!

Қазақ телевизиясының 65 жылдық торқалы тойы кезінде қазақ телевизиясы ардагерлерінің көңілін бұзғым келмейді. Амандық болса, той өткеннен кейінгі бір уақыттарда жалпы Қазақстандағы телеарналардың ұлттық идеологиядан ат басын тартатынын, жалпы қазақ мәселесіне ат үсті қарайтынын, бүгінгі жас ұрпаққа қандай ұлттық тәрбие беріп жатқаны жайында бөлек әңгіме қозғасақ па деген ой бар. Оны алдағы уақыт көрсетер...

– Жұмаш аға, сұхбатыңызға көп рақмет!

Тегтер: