Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:15

Жұмбағы көп жас өлім. Шерзат ісі күрделеніп барады

Қаржаубай Нұрымов пен Нұрғанат Ғайыпбаев
Қаржаубай Нұрымов пен Нұрғанат Ғайыпбаев. Фото: Жас Алаш коллаж

Талғарда Шерзат Болаттың кіші әкесін туған-туыстары мен жиналған қауым ақтық сапарға шығарып салды.

 Марқұм Нұрқанат Ғайыпбаев Шерзаттың жанына жерленді. Жаназадан соң Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовты полиция ұстап әкетті. Кейіннен 15 тәулікке қамалғаны белгілі болды. Онымен бірге полиция екі қарындасының біріне айыппұл салып, екіншісін 15 тәулікке қамап, азаматтығы болмауына байланысты елден депортациялайды деген ақпарат бар. Ал Нұрқанат Ғайыпбаевтың өзіне қол салғанына туыстары мен қоғам сенбей отыр. Қазіргі күнде Алматы облысы полиция департаменті Қаржаубай Нұрымовтың ісін сотқа жолдады. 

Қаржаубай Нұрымов неге ұсталды?

Талғарда қазаға жиналған адам қарасы көп болды. Марқұм 4 қазанда бір топ адамның қолынан қатыгездікпен қаза тапқан 16 жастағы Шерзаттың жанына жерленді.Жерлеуден қайтқаннан соң Қаржаубай Нұрымовты полиция ұстап әкетті. Себебі Нұрқанат Ғайыпбаев қайтыс болар түні Қаржаубай Нұрымов інісін іздеген. Күзетте отырған полиция қызметкері «Мен айтты деме, інің тауда» деген. Олар төбе басындағы бейітке қарай бара жатқанда көлікпен бір топ адам мола жақтан түсіп келе жатқан. Күзеттегі полиция қызметкері олардың құқық қорғау адамдары екенін айтқан. Көп өтпей Қаржаубай Нұрымов інісінің денесін тауып алған. Содан кейін ол полиция қызметкеріне «жерлеуден кейін сенімен сөйлесемін» деген. 10 желтоқсанда жерлеуден қайтқаннан соң Қаржаубай Нұрымов сол күнгі күзетте отырған полиция қызметкерін үй жағынан көріп қалған. Ол Нұрымовтан қашып кетіп, көлікке кіріп, шықпай қойған. Шерзаттың әкесі мен полиция ортасындағы дау осы жерден басталады. Себебі құқық қорғау органдары Қаржаубай Нұрымовпен күзеттегі полицияны сөйлестірмеген. Нұрымов полиция қызметкерінен сол күнгі түндегі оқиға қалай болғанын сұрағысы келген. Бұдан кейін ол жүк көлігінің үстіне шығып, тергеудің әділ өтуін, журналистердің келуін талап еткен. Әйтпесе қолындағы пышағымен тамырымды кесемін деп айтқан. Бірақ полиция қызметкерлері журналистерді шақырған жоқ, оны күштеп көліктен түсіріп, қолын қайырып Еңбекшіқазақ ауданындағы полиция басқармасына алып кеткен.

Қаржаубай
Фото: ЖИ

«Жас Алаш» тілшісі Нұрымовтар отбасына хабарласқанда, Есік қаласына келуімізді өтінді. Біз 17:30-дар шамасында полиция басқармасына бардық. Бірақ Қаржаубай мен туыстарын полиция түсініктеме алуға ішке алып кіріп кеткен екен. Кейіннен Қ.Нұрымовпен психологтар жұмыс істеп жатқаны айтылды. Түн жарымына дейін ресми орган тарапынан да, Қ.Нұрымов пен туыстары жағынан да ешқандай мәлімдеме болмады. Содан кейін полиция басқармасына бірнеше жедел жәрдем көлігі мен басқа да көліктердің кіріп-шығып жатқанын көріп отырдық. «Қаржаубай полиция басқармасында қалды, кейбір туыстарын ауруханаға алып кетті» деген сыбыс тарады. Бұл туралы ешкім ресми мәлімдеме жасамады. Ал БАҚ өкілдері қайда барарын білмей дал болды. Біраздан соң басқармадан шығып жатқан жедел жәрдем көліктерінің артынан еріп біз де Есіктегі ауруханаға бардық. Ол жерден Алматы облысы полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Бағдат Әшімов шығып, ресми мәлімдеме жасады. «Жас Алаш» ПД басшысынан Қаржаубай Нұрымовты үйіне қашан жіберетінін сұрады.

«Қаржаубай мырзаны босату немесе босатпау біздің қолымызда емес. Оның ісі сотқа жолданды. Сот қандай шешім қабылдайды, содан кейін көреміз. Сот жеткізіп қарай ма, әлде онлайн қарай ма, оны өзі шешеді. Бірақ бұл іс қаралады. Ол полиция қызметкерінің көлігіне шабуыл жасады. Қоғамдық тәртіпті бұзды. Ал оның мәлімдемесі бойынша ақпараттар тексеріліп жатыр. Тергеу де жүріп жатыр. Соның бәрі анықталғаннан кейін сіздерге жан-жақты мәлімет беріледі. Нұрымов ісінде полиция тарапынан оның хаты жариялану мәселесіне келер болсақ, Қаржаубай бұл ақпаратты бізге өзі берді. Біз одан «ақпаратты өзің жарияла» дегенбіз, ол «өздеріңіз жариялаңыздар» деді. Содан кейін біз хатты көпшілікке жария еттік», – дейді Алматы облысы полиция департаменті өкілі.

Бұдан кейін Қаржаубай Нұрымовтың туыстарынан қандай да бір пікір алу мүмкін болмады. Тіпті олардың емханада ма, әлде, басқа жерге алып кетті ме? Оны да біле алмадық.

Шерзат Бола пен Нұрғанат Ғайыпбаев
Фото: ашық дереккөз

Нұрқанат Ғайыпбаевтың жұмбақ өлімі

Бұндай дау-дамайдың тууына Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың жұмбақ жағдайда көз жұмғаны себеп болып отыр. Оның өзіне қол салып өлгеніне туыстары да, қоғам да сенбейді. Мысалы, 9 желтоқсанда Қаржаубай Нұрымов әлеуметтік желіге «халық шындықты білсін. Бауырым бір таныс жігітке сеніп барған, оны басқа біреулер өлтірді, ол факт, көрген ел бар, айтуға қорқады» деген жазба қалдырды. Кейіннен Нұрқанат Ғайыпбаевтың құлағының артынан соққы алған суреті де әлеуметтік желіге салынды. Бұл жайттар Ғайыпбаевтың суицид жасады деген полиция қызметкерлерінің ресми мәлімдемесіне сенімсіздікті қоғам арасында күшейте түсті. Саясаткер, блогер Дінмұхаммед Қаматай да қоғам Ғайыпбаевтың өзіне қол салғанына сенбейтінін айтады. Ол кейбір күмәнді жайлар туралы пікір де білдірді.

«Нұрқанат бауырымыздың өзіне қол салғанына мен де сенбеймін. Бүкіл халық сенбейді. Себебі ол бауыры үшін күреспей, әділеттікке жетпей өзіне қол жұмсамайтын еді. Отбасының мүшелері де оның өзіне қол салғанына сенбейді. Суреттерде де денесіндегі жарақаттар көрініп тұр. Егер ол суицид жасағысы келсе, үйінде де жасай алатын еді. Менің ішкі істер министрлігінен сұрайтыным, неге Нұрқанаттың артынан құқық қорғау органдары бармаған? Олар неге өз жұмыстарын дұрыс атқармайды? Генпрокуратура отбасының әрбір мүшесіне өзінің қызметкерлерін тағайындау керек еді», – дейді Дінмұхаммед Қаматай.

Әдейі өлтіруі мүмкін бе?

Заңгер әрі саяси құқық қорғаушы Асылбек Қараев «Жас Алашқа» қара жамылып отырған отбасыға көрсетіліп жатқан қысымдар туралы айтып берді. Оның сөзінше, 16 жастағы Шерзаттың өлімі, бір отбасының үйінен, табысынан айырылуы оларға өте ауыр тиген.

«Бұл оқиғада бастапқы Шерзаттың өлімінен бастап, оған қарамай қайғы жамылып отырған отбасының үйін өртеп кеткен кезден назар салуымыз керек. Оған байланысты қылмыстық істің қандай жағдайда екені айтылмайды. Бұдан бөлек, резонанс туғызған жағдайлар өте көп болды. Оның ішінде «пышақ пәленшенікі екен, өздері кінәлі екен. Нұрымовтарды жауапқа тарту керек» деген сияқты сөздер әлеуметтік желіде айтылып қалып жатты. Әрине, мұндай сөздер бір отбасыға өте ауыр. Күн көріс табысынан айырылып отырғанда, қара жамылып отырғанда, үйін өртеп жібергенде қысым өте үлкен болды. Қысым үлкен болғасын, жауапкершілік те үлкен болады. Мұндай жағдайлар бір отбасының тірегі Нұрқанатқа да, оның ағасына да өте ауыр тиеді», – дейді заңгер.

Асылбек Қараев
Фото: Жас Алаш

Сонымен бірге Қараев Ғайыпбаевтың өлімінде күмәнді жағдайлардың бар екенін растады. Өз сөзінде полиция қызметкерлерінің кейбір әрекеттерін «біліксіздігін көрсеткен әрекет» деп сынады.

«Ғайыпбаевтың өліміне халықтың күмәнданатындай себебі бар. Біріншіден, ішкі істер органдары оларды қорғауға алды. Үйін күзетеді, Талғарда әскерилер тыныштықты сақтап жүр. Соған қарамастан, құқық қорғау органдары мынадай өлімге қалайша жол берді? Қалайша Нұрқанат түн ортасында жалғыз шығып кетті. Сіз бен біз тергеуші орган емеспіз, олардың ресми жауабын алмайынша, күмәнді жағдайларды ғана айтамыз. Екіншіден, түрлі қорқыту-үркіту әрекеттері болып жатқанда, түрлі қоңыраулар соғылып жатқанда, өздері де түрмеден хабарласты деп айтты емес пе? Мұндай жағдайда Нұрқанатты қасақана өлтірді деген сөз халық арасында желдей есті. Оған нүкте қоятын тергеушілер. Үшіншіден, «әлеуметтік желіде жазып қоштасты, неге дыбыстық хабарлама қалдырмады?» деген сөздер де айтылып жатыр. Егер қасақана өлтірген жағдайда, телефоннан басқа біреу жазуы да мүмкін. Қолхат тастап кетіпті, анау-мынау дегені сол, әлеуметтік желіде жазғаны болу керек. Ол қолхатқа жатпайды. Менің тергеушілік кәсібімде де мұндай жағдайлар болды. Сондықтан көптеген жағдай зерттелуі керек. Төртіншіден, тергеу әлі басталып, аяқталмай жатып, экспертизаның қорытындысы шықпай жатып, ішкі істер органдарының өзіне қол жұмсады деген тұжырымдамаға келуінің өзі халыққа күмән туғызады. Мынадай әділетсіз заманда бәрі мүмкін. Оны әдейі өлтіруі де мүмкін. Адам өлімі болып тұрған жағдайда тергеу органдары міндетті түрде тексереді. Бірақ алдын ала мәлімдеме жасап жіберуі, «өзіне қол жұмсады» деуі – өз біліксіздіктерін жасыру мақсатында жасалған дүние, «сасқан үйрек артымен сүңгиді» дейді ғой. Бұл да сондай дүние», – дейді Асылбек Қараев.

«Ғайыпбаев оқыған-тоқыған адам, қатесіз жазады»

Нұрқанат Ғайыпбаевтың өліміне қатысты белгісіз жағдайлар көп. Оның WhatsApp желісіндегі жазбасына да күмәнмен қарайтындар бар. Мысалы, марқұмды танитындар Ғайыпбаевтың біреуге бірдеңе жазудан гөрі дауыстық хабарлама жіберуді құп көргендігін айтады. Содан кейін ол тек қазақша шрифті пайдаланғаны да айтылып қалып жатыр. Қоғамның басым бөлігі «Ғайыпбаев алдағы Шерзат ісіне қатысты сотта жәбірленуші әрі куәгер ретінде қатысатын еді, оны өлтіріп кетті» деп те санайды. Қаржаубай Нұрымов видеода Ғайыпбаев қайтыс болған жерді көрсете жүріп, інісінің денесін отырған күйі тауып алғанын, жіңішке ток сымы мойнына байланып тұрғанын, оның Ғайыпбаевты буындырмағанын, тек сымның ізі мойнының бір жағына ғана түскені туралы тәптіштеп баяндап берді. Бұл да қоғам арасында күмәнді жайттарға отқа май құйғандай әсер етті. Тіпті марқұмның әпкесі Бақыт інісінің қатесіз жазатынын да айтты.

«Біз үндемеген едік. Барып айттық, Нұрқанатымызды өлтіріп кетті. Енді кімді өлтіреді, Қаржаубайды ма, мені ме? Біз ешкімнен нан сұрамадық, ешкімнің ала жібін аттамадық. Інім барлық адамға бір уақытта, 00:24-те жазған. Інім еш уақытта клавиатураны пайдаланып жазбайтын, үнемі дыбыстық хабарлама жібереді. Ол медицинаны бітірген, оқыған-тоқыған адам. Қатесіз жазады», – дейді Нұрқанаттың әпкесі.

Елнұр Бейсенбаев
Елнұр Бейсенбаев. Фото:ашық дереккөз

Депутаттар не дейді?

Қоғам арасында резонанс тудырып, талқыланып жатқан Шерзат пен ағасының өлімін халық қалаулылары – кейбір депутаттар білмейтін болып шықты. Ринат Зайытов журналистерге берген жауабында Шерзат ісінен хабарсыз екенін мәлімдеді. Тіпті істі ушықтырып жатыр деп БАҚ өкілдерін кінәлағандай сөйледі. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев қоғам арасындағы талқыланып жатқан Нұрымовтар отбасындағы бұл оқиғалар сот бітпей, парламентте талқыланбауы керек деп есептейді.

«Мұндай қоғамның назары жіті түсіп тұрған жағдайда Ғайыпбаевтың хаты сияқты дүниелер жариялануы керек. Халық бар мәліметтен хабардар болып отырсын. Біз депутаттар да қазір толық мәліметке ие емеспіз. Қоғам арасында резонанс тудырып жатқан бұл оқиға парламентте талқылануы тікелей сотқа байланысты. Бұл жердегі оқиғалар нақты дәлелмен болмағасын депутаттардың пікірі екіұдай шығады. Тергеу амалдары бітпей, бұл іс парламентте талқыланбауы керек. Себебі мәселені одан ары ушықтырамыз», – дейді депутат.

Бүгінде халық арасында Ғайыпбаевтың өлімі де Шерзат қазасы сияқты қызу талқыланып жатыр. Тіпті 10 желтоқсан күні түнде Талғарда митинг болатынынан қорыққан полиция қаланы қоршап тұр деген де ақпарат шықты. Бірақ кейіннен ПД басшысының бірінші орынбасары Бағдат Әшімов бұл сөзді жоққа шығарды. Наразылықтан сақтанған болуы керек, 11 желтоқсанда Талғар прокуратурасы митингке шыққандар қылмыстық жазаға тартылады деп мәлімдеме жасады. Қазір бір ғана облыс емес, бүкіл Қазақстан Нұрымовтар отбасына қатысты әрбір ақпаратты қалт жібермей бақылап отыр. 11 желтоқсанда ішкі істер министрлігі басшысының орынбасары Санжар Әділов Шерзат Болатқа қатысты тергеу жыл соңына дейін аяқталатынын хабарлады. Ішкі істер министрлігі басшысының орынбасарының айтуынша, жақын арада бұл іске қатысы барлар жауапқа тартылады. Қазір осы қылмыстық іс бойынша 11 айыпталушы қамауда отыр. Ал қоғам болса, ашық сот талап етіп жатыр.

Тұрсынбек БАШАР