Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 08:00

Жұмысшы мамандықтары жылы қалай аталып өтуде?

Жұмысшылар
Фото: ЖИ

2025 жылдың 10 қазанында Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония қабырғасында Жұмысшы мамандықтары жылы мен Еңбек күніне арналған «Адал еңбек – адал азамат» атты қалалық мерекелік іс-шара өтті.

Аталған шараның басты мақсаты – жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру, еңбекке адалдықты дәріптеу және кәсіби шеберлігімен көзге түскен еңбек озаттарын қоғам назарына ұсыну. Сонымен қатар бұл күн – елбасы Жарлығымен бекітілген Еңбек күні мерекесін лайықты апат өтуге, еңбек адамдарына деген құрметті арттыруға бағытталған.

Мерекелік жиын барысында «Еңбек жолы» және «Парыз» конкурстарының өңірлік кезең жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды. Мәселен, «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша III орын иегері Смағұлов ұстаздар әулеті, бұл номинацияның II орын иегері Бекжановтар ұстаздар әулеті болса, I орынды Бурлиновтар теміржолшылар әулеті иемденді. Сонымен қатар «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша III орын иегері Алма Тұрарқызы Сәулебаева, II орынды Мұратбек Торғайұлы Сыздықов, ал I орынды Дисембай Бейсембайұлы Шәйкенов алған еді.

«Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» номинациясы (ірі кәсіпкерлік субъектісі) бойынша III орын иегері Modex Astana жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, II орынды «Центрказэнергомонтаж» акционерлік қоғамы, I орын иегері Dar Rail жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңіс тұғырынан көрінді.

«Бұл марапат біз үшін жай ғана жүлде емес, бұл – біздің командаға, әріптестерімізге берілген үлкен құрмет пен мойындау. Себебі біз күн сайын аянбай еңбек етіп, жауапты саланың жүгін көтеріп келеміз», – деп атап өтті Dar Rail жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Дүйсенов Ринат I орын алуына байланысты.

«Осындай марапат пен мойындау бізге жаңа серпін береді. Бұл дұрыс бағытта келе жатқанымыздың дәлелі. Демек, біз жұмысымызды адал әрі кәсіби деңгейде атқарып жүрміз. Бұл тек басшылықтың емес, бүкіл ұжымның ортақ жетістігі», – деп атап өтті ол.

«Қазіргі таңда компанияда 600 қызметкер еңбек етеді. Олардың басым бөлігі өндірістік персонал: машинистер, слесарьлар, жүк қабылдап-тапсырушы мамандар, инженерлер мен техникалық қызметкерлер. Олар еліміздің төрт облысында, бес қаласында табысты қызмет атқаруда», – деп қуанышымен бөлісті.

Алма Сәулебаева, «Үздік тәлімгер» номинациясының иегері:

«Жай, қарапайым жұмысшыларды сыйлап, марапаттап, осындай сый көрсету үшін жинап отырғанның өзіне бір марқайып қалады. Осы жылы көп шаралар істеліп жатыр. Соған мен өте ризамын», – деді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шараның басты мақсаты – еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін көтеру және жас буынды кәсіпке баулу.

Ерлан Жүсіпов, қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары:

«Үздік династияны таңдаймыз, 3 орын болады. Сонымен бірге ең үздік тәлімгер анықталады, жастардың арасынан ең үздік жас жұмысшыны марапаттаймыз. 1 600 адамға арналған мереке. Сонымен бірге жастарды да шақырдық. Себебі жастар жұмысшы мамандарының маңызды екенін көру керек», – деді.

Жұмысшы мамандықтарының үздік өкілдеріне қала әкімінің атынан алғыс хаттар, дипломдар, гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Биылғы Жұмысшы мамандықтары жылы – еңбек адамының қоғамдағы беделін көтеруге, жастарды нақты кәсіпке баулуға және еңбекке деген көзқарасты жаңғыртуға арналған маңызды бастама. Бұл – ел экономикасының іргетасын қалаушы қарапайым жұмысшылардың еңбегін бағалау, олардың үлесін лайықты деңгейде насихаттау жолындағы үлкен қадам.

Адал еңбегімен елге үлгі болған азаматтар құрметке лайық!

Салтанатты бөлімнен кейін кеш концерттік бағдарламамен жалғасты. Шара қонақтарына отандық өнерпаздар патриоттық әндер мен музыкалық қойылымдар тарту етті.

Әнуар ҚАЙЫРБЕК

Астана қаласы