Жұмыссыздық – еңбек нарығындағы басты көрсеткіш
Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі 2023 жылғы мәлімет бойынша 4,8%-ды көрсеткен. Бұл өткен тоқсандармен, өткен жылдармен қоса алғанда да, өзгермей келе жатқан тұрақты көрсеткіш деуге болады. Ресми мәліметтерге сенсек, 2022 жылғы I тоқсанымен салыстырғанда жұмыссыздық деңгейі төмендеген. Десе де сандар ақиқаттан алыс сөйлеуі мүмкін. Шын мәнінде елде жұмыссыз жастардың саны көп.
2023 жылғы көрсеткіш бойынша елімізде екі қолға бір күрек таппай жүрген жастар өткен жылдың соңғы тоқсанындағыдан 3%-ға артып, 4,1%-ды көрсеткен. Айта кету керек, жұмыссыздық көрсеткішіне белсенді жұмыс іздеп жүрген және қазіргі уақытта жұмысқа орналасуға мүмкіндігі бар, бірақ жұмыссыз жүрген адамдар қосылады. Ал белсенді түрде жұмыс іздемейтін жұмыс жасындағы азаматтар бұл санатқа жатпайды.
Ал елдегі NEET жастарының яғни жұмыс істемейтін және білім алумен немесе оқытумен айналыспайтын 16-24 жас аралығындағы жастардың үлесі 7,9%-ды құрайды. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қаңтар айының соңындағы деректері бойынша халықты жұмыспен қамту органдарына жұмыс іздеп жүргендер 57,2 мың болған. Олардыың 13 мыңы кәсіптік оқытуға немесе қайта даярлауға, біліктілігін арттыруға жіберілсе, 12,7 мың адам қоғамдық жұмыстарға қатысқан. Сөйтіп жалпы жұмыспен қамту бойынша барлығы 36,4 мың іс-шаралар көрсетілген. Жақында Мәдениет және ақпарат министрлігі жұмыссыз жастарға өз идеяларын іске асыру үшін 1 миллион теңге алуына мүмкіндік беретін жоба іске қосылғандығанын мәлімдеді. Бұл NEET жастардың санын азайтып, талабын шыңдауға жұмысқа орналасу жолындағы кедергілерді еңсеруде маңызды қолдау.
Сонымен қоса, еңбекпен қамту мақсатында 2021 жылдың шілде айынан бастап еңбек нарығында онлайн режимде сұранысқа ие дағдыларды қысқа мерзім ішінде оқытудың бірыңғай порталы (https://skills.enbek.kz) жұмысын бастаған. Бұл өз біліктілігін арттырып, кәсіптенуге ниетті әрбір республика азаматына қолжетімді қысқа мерзімді онлайн курстардың маркетплейсі. Осы “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы аясында «Қоғамдық жұмыстар» бағдарламасымен былтыр 8474 адам жұмысқа орналастырылған болса, биыл 6 932 адамды қамту жоспарлануда. Бұл бағдарлама әртүрлі саладағы 350 кәсіпорын мен мекемені қамтиды. Ал «Бірінші жұмыс орны» жобасы 35 жастан аспаған жастар үшін бірінші жұмыс орнында кәсіби білім мен дағдыларды беруге бағытталады. Бұл бағдарлама да биыл 400-ге жуық маманды қамтымақ. Бұдан бөлек «Әлеуметтік жұмыс орындары», «Жастар тәжірибесімен», «Ұрпақтар келісімшарты», «Күміс жас» сияқты түрлі бағдарламалар халықты, соның ішінде жастарды еңбекке баулып, кәсіп игертуге, жұмыс орындарында азаматтарды бейімдеу сұранысқа ие дағдыларды меңгеруге бағытталған. 2023 жылы осындай цифрлық жұмыспен қамту орталықтары арқылы 150891 азамат яғни белсенді жұмыс іздеушілердің 35%-ы тұрақты немесе уақытша жұмысқа орналастырылған.
Жұмыссыздық факторларының деңгейі мен тұрақтылығы жеке азаматтардың әлеуетінен бөлек жалпы экономикаға кең ауқымда әсер етеді. Сонымен қатар сатып алу қабілетін төмендетіп, басқаларды да жұмыссыздыққа әкелетін каскадты әсер етуі мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, жұмыссыздық деңгейінің жоғары болуы экономиканы тежеп, өндірілген қызметтер немесе тауарлар үлесін азайтады. Жалпы кез келген елдің әлеуеті оның әр азаматының қарым-қабілетіне, біліктілігі мен қоғамдағы орнынан айқындалады. Демек елдегі жұмыссыздық мәселесін шешу сұраныс пен кейбір салалардағы жұмыс орнының жетіспеушілігін тоғыстырып экономикаға серпіліс жасайтын қадам.
Қосқанат Бауыржан