Журналист шетелдегі қазақтар туралы кітап шығарды
«Жат жұрттағы қазақтардың өмірі мен тағдыры» атты шетелдегі қазақтар туралы журналист Қадірәлі Сарыпбектің кітабы жарық көрді.
Автордың мақалалар жинағы алыстағы ағайынның үнін атажұртқа естіртіп, ыстық сағынышқа толы сәлемдерін жеткізуді басты мақсат еткен.
Кітап автордың алғы сөзінен және өмірбаянынан басталып, 5 бөлімнен жалғасады. Әр бөлім басқа елдердегі қандастарымыз бен шетелде тұратын отандастарымыздың авторға берген сұхбаттары суреттерімен бірге жинақталған.
«Ауған қазақтарының қилы тағдырлары және мұң-мұқтаждары» бөлімінде Ауғанстан еліндегі этникалық қазақтардың проблемалық мәселелері мен олардың атажұрттан қоныс аударғандағы тарихы туралы мақала мен сұхбаттар түрінде баяндалған.
«Пәкістан қазақтарының қиындыққа толы күнкөрісі» бөлімі құжаты жоқ қандастардың осы елдегі күн көрістерін баяндап, қиындыққа толы өмірлерін суреттеген.
«Иран қазақтарының атажұртқа оралуындағы кедергілер» бөлімі Иран ислам республикасындағы этникалық қазақтардың жай-күйіне тоқталып өткен.
«Қаймағы бұзылмаған Моңғолия жеріндегі қазақтар» осы елдегі қандастарымыздың салт-дәстүрі, ана тілдерін сақтауы атамекендегі ағайыннан артық болмаса, кем емес. Өзге елдің әр жерінде қоныс аударып, өмір сүріп жатқан қазақ бауырларымыз туралы жазылған.
«Қарт құрлықтағы қазақтардың тіршілігі мен бақ дарыған өмірі» бөлімі Еуропа мемлекеттері мен алпауыт әлем елдеріндегі қазақтар туралы жазылған. Олардың саяси көзқарастары, күнделікті қым-қуыт тіршілік жайлары көрініс тапқан.
«Әсіресе, Ауғанстан мен Пәкістандағы қандастарымыз жапан түзде жалғыз қалғандай күй кешуде. Ауғанстан билігін Талибан қозғалысы қолға алған соң, ондағы қазақтар жиі-жиі көмек сұрап, атамекеннен көп үміт күтті. Олардың «қазақпын» деген бір ғана жылы сөздеріне иланып, мәселелеріне құлақ түріп, көптеген мақала жаздым.
Тек Ауғанстан мен Пәкістан мемлекеттеріндегі қазақтар ғана емес, Иран, Моңғолия, Еуропа елдеріндегі қазақтардың да сұхбаттары жазылған. Олар қайда жүрсе де атамекендегі сіз бен біздің амандығымызды тілеп, елдегі жаңалықтардан мақрұм қалмай, әркез назарда ұстауда. Шеттегі қандастар туралы жіті танысып, «олар атажұртқа неге оралмайды» деген сансыз сұрақтарға, өздеріңіз осы кітаптан жауабын табасыздар деп үміттенемін», - дейді 28 жастағы автор.
Журналистің айтуынша, кітап қалың оқырман қауымға, оның ішінде әлемдегі этникалық қазақтар туралы зерттеу жүргізгісі келген сала мамандарына ұсынылады. Осы бағытта бірге серіктестік орнатып, қандай да бір сұрақтар бойынша байланыс орнатуға дайын екендігін айтады.