Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:37, 21 Қазан 2022

«Жұрт бүгіншіл, менікі ертең үшін»

None
None

«Өз қадіріңе лайықты сөз айт» демекші. Осы мақаланы жазар алдында мені толғандырып отырған екі мәселеге тоқтала кетсем.

Ол басқа емес, білім сапасы бойынша мектеп жайында. «Кемеңгерге де кеңес керек» дегендей, бұл мәселе бойынша ашық хат та жазып, ол хатымды елордаға Оқу ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтың алдына, жеке қабылдауына кіре алмағандығымнан министрліктің рұқсаттама бюросына 09.08.2022 жылы хатымды тіркеп, қалдырып кеттім.

Одан бері бұл хатыма министрден жауап болмағандықтан, баспасөз арқылы қайталап өтейін. Ол жайдың анық-қанығы Жетісу облысы Жаркент қаласындағы Жамбыл атындағы орта мектебінің бір ерекшелігі – бүгінгі таңда ауданда тіркелген 50 мектептің арасында мектеп балансында тұрған 1,5 га спорт алаңы бар. Міне, осы тозығы жеткен топырақты дайын алаңға заманауи, талапқа сай 100 х 65 метрлік үлкен футбол алаңына айналдыра 400 метрлік резеңкелі жүгіру жолдары мен кеңінен сиятын 40х30 м екі трибуна және мини-футбол, баскетбол, волейбол спорт алаңдары түсер стадион салуды 2008 жылдан бері айтып та, жазып та құзырлы орындардың есігі мен табалдырығын тоздырумен келемін. Бұл мәселемен бұрынғы облыс әкімдерінен тартып, білім басқармалары алдына мектеп стадионының жобасын ұстатып, соқырға таяқ ұстатқандай болғанымен, тіпті биылғы 2022  балалар жылына облыс әкімінің шешімімен осы мектеп стадионының жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға облыстық білім басқармасы бюджетінен 58,0 млн теңге бөлініп, оны порталға қойып отырса да аудандық білім бөлім басшысы Т.Қастеев болса тендерлік конкурсқа жариялауға жобалық-сметалық құжаттарын өткізбей отыр.

Сонда «Домбырам не дейді, мен не деймін» дегендей осы білім саласы ішінде мектеп директорлары арасында «Тендер» дегенше, «Жеңдер» десейші!..» – деген әжуа сөз нақылға айналғаны анық. Оның үстіне алдын-ала берер «шәпкесі» бар дегендей. Тендер атаулының мемлекеттік сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлықтың «сара жолына» айналғаны рас. Заң қатайтылып, жаза күшейтіліп жатса да, алтын көрген періштедей жолдан таятын осындай шенеуніктерді біле тұра оларды Оқу ағарту министрі сізге және құқық органдарына ашық айтпасқа басқа шарам қалмады.

Ал енді, кезінде парламентте шындықтың атасы атанған Шерхан Мұртазаның «Тура биде туған жоқ», «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» – деп әділеттікті қадап тұрып айтатын қайран абыз қаламгер ағамыздың сөздеріне сүйеніп, екінші мәселеге келер болсам: тағы да сол Жамбыл мектебіне қатысты гәп. Осы мектеп түбінен 2013 жылы қоршаған ортаға зиянды қалдықтарын бөлетін болғандықтан, мектеп жанынан Жаркент крахмал сірне зауыты амалсыз бұрынғы банкрот болған кукуруз жүгері зауытының 50 гектар жеріне көшіп барды. Ал осы, Жамбыл мектебі сонау 1972 жылы 600 оқушыға арнап салынған. Бүгіндері бұл мектепте үш тілде (қазақ, орыс, ұйғыр) оқушылар саны күнінен-күнге артып, 1900-ден асып, оқушы балалар қысылып-қымтырылып, екі ауысымнан артып, үш ауысымда оқыса да, мектеп тарлық еткендіктен, бүкіл республикада соңғы қоңырау бір күнде соғылса, балалардың көптігінен Жамбыл мектебінің мектеп бітірушілерімен екі күн қоңырау соғылады.

Бұл мәселе бойынша одан бері ауыса беретін үш аудан әкімдерінің алдына кіріп, жапсарлай жаңа мектеп салу жөнінде жазбаша түрде хат жазып, шешіп берулерін сұрағанмен, аудан әкімдері орынбасарларына сілтеп, орынбасарлары құзыреттері жетпейтіндерін айтып, жер бөліміне сілтеп, ал жер қатынастары кадастрлігінде отырған қызметкерлер мектеп жанындағы жердің заңды жекеменшік иесі бар деуімен гос актілерін көрсетумен шаруаларын бітіріп, іс бітті қу кеттімен отыр.

Сонымен, ешкімнен ықпайтын бұл «кісі» З.Кузиев биылғы жазда аяқ-асты Ассамблея арқасында парламент мәжілісінің депутаты да болып үлгерді. Сол депутат мырзамен одан кейін көзбе-көз жолыққаным да бар. Алматы облысы екіге бөлініп, облыс әкімдері ауысып, Жаркентке Жетісу облысының жаңа әкімі келіп, ауданға келгенде әлгі ел-жұртпен санаспайтын З.Кузиев мырзаға жаңа аудан әкімі мен кеткен аудан әкімдерінің көзінше бетіне басып тұрып айтқаным:

«Бұрынғы облыс әкімі А.Ғ.Баталов мырза қызметінен кетерде Талдықорған қаласының төрінен жұмыс істетіп отырған бизнес кәсіпкерлерімен келісіп, жерлерін мемлекеттік сатып алу арқылы өндіріс орындары көшіріліп, бұзылып босаған жерге өскелең жас ұрпақ үшін келіскен зәулім жүзу спорт бассейнін салып қолданысқа беріп кеткені туралы» – айтқанмын.

«Ойды ой қозғайды» дегендей, көңіл шіркін арманда шек бар ма? Шынтуайтын айтқанда осы Жамбыл мектебі түбінен көшіп кеткен кәсіпорын иесі, өзі ірі кәсіпкер әрі меценат З.Кузиев мырза мемлекеттік серіктестік ретінде КХА-ға ұсыныспен шықса, осы Жамбыл мектебіне жапсарлай жайлы жаңа мектеп салып берсе әуелеті де жетіп, әрі зор мәртебе емес пе?!

Осылайша ойымды қорытындылай келе сөзімнің аяғын Алаш қайраткері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Жұрт бүгіншіл, менікі ертең үшін» деген сөзін келтіріп, елін ояту үшін әліппесін түзіп, ұлт санасын оятып кеткен есіл ер есімін ауданымыздағы бір мектепке есімі берілсе, – деген ұсынысымды білдіре отырып, осы мақалаға арқау болып отырған Жамбыл мектебінің жалпы орналасу архитектуралық сызбасы мен жобасын тіркеп отырмын.

Тегтер: