Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:35

"Жұрт су үшін Аллаға жалбарынып, тасаттық жасап жүр” - депутат Сәдібеков

Сәдібеков
Фото: ашық дереккөз

Депутат Ұласбек Сәдібековтің айтуынша, Түркістан облысындағы бірқатар аудандар қуаңшылыққа ұшырап, тұрғындар амалсыздан тасаттық жасап жатыр.

Сәдібековтың сөзінше, биылғы қуаңшылық елдің бірнеше аймағына ауыр соққы болып тиіп, халықтың тіршілігін қиындатқан. Түркістан облысындағы Бәйдібек пен Созақ аудандарында жағдай тіпті мүшкіл: шөп шықпай, жайылымдар қурап, су көздері тартылып қалған. Мұның бәрі тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер етіп отыр.

  • Малға азық табу мұңға айналған халық күнде тасаттық беріп, тәңірге жалбарынып отыр. Кеше ғана Бәйдібек ауданындағы егіннің басында болдым. Енді жаңбырдан күдерін үзіп, еккен егініміз комбайн орағына ілінсе екен деп құдайдан тілеп отыр. Су үнемдеу жолдары неге халық арасында кеңінен қолданылмай жатыр, - деп сұрады депутат.

Министр не дейді?

Бұл сұраққа жауап берген Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, былтыр су үнемдеу технологиясын қолданған шаруаларға берілетін субсидия көлемі арттырылған. Министрдің мәліметінше, бұған дейін шығынның 50 пайызы ғана өтелсе, қазір бұл көрсеткіш 80 пайызға дейін ұлғайтылған. Оның ішінде 30 пайызы жергілікті әкімдіктердің бюджеті есебінен қаржыландырылады. Алдағы жылдары бұл қолдау көлемі одан әрі өсіп, 2027 жылға дейін су үнемдеу технологиясын енгізген шаруалар үшін шығынның 85 пайызына дейін өтелмек. Керісінше, мұндай технологияны қолданбаған шаруашылықтар үшін ағын суға берілетін субсидия мөлшері 30 пайызға дейін қысқартылатын болады.

Нұржігітов мемлекет ереже мен заңдар негізінде су үнемдейтін технологияларды енгізуге балық мүмкіндіктерді жасап отырғанын айтты.

  • Су үнемдеу құралдарын шығаратын екі зауытымыз бар. 2024 жылы іске қосылған. Толық қуатын енді шығайын деп отыр. Былтыр жаңбырлатып суару жүйесі 70 мың гектарға орнатылса, соның 7 мың гектарын отандық зауыттар шығарды. Биыл осы зауыттарға 30 мың гектар жерге қажетті тапсырыс түсті, - дейді ол.

Су тапшылығы және оны тиімді пайдалану мәселелері Үкімет сағатында әлі де қаралып жатыр.