Жүзбаевтар әулетінің феномені
«Теріскей толғаулары» – ғылыми монографиялық еңбек
«Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған,
Түріктің тәңір берген несібі ғой», – деп Мағжан ақын жырлаған қасиетті Түркістанда 119 жыл бұрын ел болашағына алаңдаушылық білдірген үш жүздің игі жақсылары бас қосқанын біреу білсе, біреу білмес. Мұны айтып отырғанымыз – небәрі 20 жастағы Сүгір Әлиұлы сол жиында өнер көрсетіп, бабалар батасын алған. Шертпе күйдің атасы атанған күйшінің 60 күйін түпнұсқада қамтыған дәулескер күйші, ұстаз-ғалым, профессор Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Жанғали Жүзбайдың «Теріскей толғаулары» кітабының тұсаукесері болды.
Қожа Ахмет Яссауи музей қорығында өткен тарихи шараға қатысып, куәсі болу үлкен сезімге бөледі. Нағыз ұстаз-ғалымға тән, ғұмырының мақсатына айналған көп жылдық зерттеу еңбегінің жемісін ұсынған Жанғали Әлімханұлына Алланың нұры жаусын, еңбегің жана берсін дегіміз келеді! Осындайда: «Ұяда не көрсең – ұшқанда соны ілесің», – деген халық даналығының жайдан-жай айтылмағанына, атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан тектілік, тазалықтың жорығында келе жатқан Жүзбаевтар әулетінің Сүгір күйшімен араларында қандай байланыс бар деген заңды сұрақ туындайды.
Байланысқа себепші алтын көпір, Жүзбаевтар тарайтын Әлімбековтер әулетінің бір бұтағы, Жүзбай ақсақалдың інісі Сүгір күйшінің Созақтағы үйімен көрші тұрған, елге сыйлы, сырбаз азамат, бас есепші қызметіне дейін көтеріліп, бухгалтерлік есеп саласына еңбегі сіңген майталман маман Мырзахан Әлімбеков болатын. Мырзекеңнің қолында болған кенже інісі Сейтхан (Сейтқали) Әлімбеков – Сүгірдің шәкірті. Күйшінінің қасында жүріп, өнерін бойына сіңірген дәулескер күйші.Осы екі ортада Мырзекеңнің ағасы, Жүзбайдың үлкен ұлы – Әлімхан да келіп кетіп жүретін. Сейтхан ағамыз сол Мырзекеңнің үйінен бір үйден кейін көршілес тұратын Айман Қыдырбаева апамыздың қызына үйленіп, ата қонысы Қарабұлаққа кеткен болатын. Әлімхан Жүзбай да Мырзекеңнің үйінде жатып 1959 жылдары Созақтағы малшы-механизаторлар дайындайтын училищеде оқыды.
Әлекең күйшіден күй үйренбесе де, Мырзекеңнің дастарханында отырғанда Сүкең –тартқан күйлердің қағыстарын көңіліне тоқып, қолына су құйып батасын алған ең соңғы шәкірті. Әлекеңнің зеректігі мен сезімталдығының арқасында Сүкеңнің бұрын тартыла бермейтін біраз күйі қайта жаңғырды. Сейтхан ағасымен бірге перзенттеріне үйретіп, сіңірген еңбегінің, алтын қазына күй мұрасына қосқан үлесінің нәтижелі жемісін бүгінгі ұрпақ көруде.
Созақтағы оқуын аяқтаған Әлекең де, Сейтхан ағасының ізімен Салиха әпкемізді жетектеп Қарабұлаққа оралғанынан да хабардармыз. Салиха әпкеміз – Сүгір атамыздың кіші қызы Оңғар әпкеміздің қатарлас құрбысы, Мырзакеңмен қызметтес, аралас қарым-қатынаста болған соғыс және еңбек ардагері, білгір дәрігер, ағаларынан қалған тұяқ Салиха, Күлшім, Ұлшым қарындастарын қамқорлығына алған елге сыйлы азамат Сәттібай Мәркенбаевтың қарындасы, Сүгір атамыздың үзеңгілесі Сейсен ақсақал мен Бәтен ананың қызы. Сүгір атамыз: «Мырзахан сен көшпесең болмас, інілерің күй үйренем деп келіп, қыздарымызды қоймай бара жатыр», – деп әзілдейтін көрінеді. Күйшінің әзілдейтініндей-ақ бар. Үй арасында үй жоқ көршілес отырған Смағұл Исаұлы ағамыздың үлкен қызы Ұлбала әпкеміздің де Сәбден жездеміздің етегінен ұстап Қарабұлаққа, Жұмашовтар әулетіне келін болып түскен, Мырзекеңнің інісі Бостанның жұбайы да таманың қызы болатын. «Құда мың жылдық» дегендей, Хасен Жүзбайұлының құдай қосқан қосағы Бақтылы Беркіншеқызы, оның келіні де – Сүгір атамыздан тараған атанның қыздары.
Сүгір күйшінің берген батасы қабыл болып, өнер қонған Әлімхан күйші мен батыр ана Салиха әпкеміздің ұлдары мен қыздарының шетінен өнерлі, білімді, өнегелі болып өсуі – ана сүтімен дарыған уыз тәрбиенің, қажырлы еңбектің жемісі. Өзінің өнерімен, іздемпаздық, ғалым-ұстаздық қырларымен қазақ елін ғана емес, әлемдік өнер сүйер қауымды тамсандырып, тәнті етіп жүрген Жанғали Әлімханұлы – осындай қарапайым отбасынан шыққан дара тұлға. Жанғалидың соңынан ерген елімізге танымал дәулескер күйшілер: Сәрсенғали, Ерғалилар қатарының Мақсат күйшімен толығуы, домбырада шертпе күйді жатық орындайтын қарындастары Айгүл мен «Сарыны шертпе күйдің елесінде, Желмая күй жөңкіліп желетіндей. Естілмесе саумал күй елегзимін, Сүгір күйші тұрғандай жел өтінде» деп жырлайтын ақын Жұпардың жұпар жыры тынысыңды ашып, жүрегіңе қуаныш сезім ұялатады. (Домбыра тартумен бірге қаламы қалыптасқан, өзіндік үні, айтар ойы бар республикаға танымал ақынның бірнеше жыр жинағы баспадан шыққан, облыстық жазба ақындар жыр мүшәйрасының жүлдегері).
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп атам қазақ айтқандай, 1980 жылдары Алматы халық шаруашылығы институтында оқып жүрген кезінде Қырғызстанда өткен бүкілодақтық жарыста самбо күресінен жеңімпаз атанып, Созақ ауданынынан шыққан тұңғыш КСРО спорт шебері, Сүгірдің боздарындай («Боз айғыр», Боз бие», «Боз інген») топ жарған тарлан боз Нұрғали Жүзбаев та осы әулеттің кенжесі. Өкінішке қарай, өмірден ерте өтіп кетті. Аудан көлемінде Нұрғали Жүзбаев атында спорттық жарыс өткізіліп тұрса, ұрпақ тәрбиесіне қосқан зор үлес болар еді. Тіл-көзден аман қылсын, Жүзбаевтар әулетінің феномені осылай жалғаса береді.
Өзіміз тұсаукесеріне куә болған Жанғали Әлімханұлының «Теріскей толғаулары» кітабы соның дәлелі. Бұл кітап ұстаз-ғалымның көп жылдық зерттеу-зерделеулерінің, ізденістерінің, тірнектеп жинаған материалдарының жиынтығын қорытындылайтын ғылыми монографиялық еңбек дер едім. Осы тұрғыдан қарағанда Сүгір күйшінің 60, шәкірттерінің 40-тан аса күйін қамтыған оқулықта бұрын-соңды атын естігеніміз болмаса, жұрнағы да, нұсқасы да кездеспейтін күйшінің «Жорға байтал», «Базарбай – Тәшен» және тағы басқа да күйлерінің нотасымен берілген. Мұны күй мұрасына қосылған баға жетпес алтын қазына, жұмыстың ғылыми жаңалығы ретінде қабылдайтын болсақ, кітаптың оқу құралы деп аталуына келісе алмайтынымды айтқым келеді.
Оқулықтар мен оқу құралдары бұрыннан оқу жүйесінде қалыптасқан оқулықтар мен оқу құралдарының сүрлеуіне сүйене отырып, автордың құрастыруында студент жастарға, қалың оқырман қауымға ұсынылатын материал. Жанғали Жүзбайдың «Теріскей толғаулары» кітабы – оқулықтардың да, оқу құралдарының да, сапасы жоғары докторлық диссертациялық жұмыстың да функциясын қамтыған студент жастардың, кірпияз зертеушілер мен орындаушылардың биік талғамынан шығатын, мемлекеттік сыйлыққа ұсынылуға лайықты ғылыми еңбек.
Менің ұсыныс-пікірімді қалың жұртшылық та, Ақтоты Райымқұлова басқарып отырған еліміздің мәдениет және спорт министірлігі де, тума талантты жазбай танып, жұмысқа шақырып қабылдаған еліміздің, ұлтымыздың мақтанышы Астана өнер университетінің ректоры әлем және Қазақстанның халық артисі, профессор, академик Айман Мұсаходжаева да теріс дей қоймас. Кітаптағы Жанғалидың өз орындауында нотасымен енген Сүгір күйлері, бұрын басқа күйшілердің орындауында да, зерттеушілердің еңбектерінде де кездеспеуі – «Теріскей толғауларының» ғылыми жаңалығы деген пікірімізді дәлелдей түседі.
Іздеп табушысы да, нотаға түсірушісі де, орындаушысы да өзі бола тұра («Мен» деген сөзді қоспай) сирек орындалатын күйлері тарауына ендіруі қандай кішіпейілдік, биіктік десеңізші. Әсіресе Жанғалиды көргенде Сүгір күйшіні көргендей боламын деп масаттанатын, туған ауылы Ақтөбеге келіп күйші қариялармен қатар отырып күй тартқанын үш рет көзімен көрген қайраткер, абыз ақсақалымыз Мырзатай Жолдасбековтің (осындайда «айтпаса сөздің атасы өледі» дегендей анаған да, мынаған да беріліп жатыр ғой деп ешкімді күстаналаудан аулақпыз десек те, «Мырзекеңе Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерілігінің берілмеуі қалай?» деген ойы тілдің ұшына орала беретінін несін жасырамыз), Сүгір күйшіні пір тұтқан қайталанбас біртуар тұлға Асқар Сүлейменов ағамыздың «Қосбасар», «Секен» күйлерінің кітаптың шәкірттері бөліміне еніп, лайықты орын алуы Сүгір күйшіге көрсетілген зор құрмет!
ОйымдыТаласбек Әсемқұловтың «Алматы-ақшамы» газетінің 2019 жылдың 21 наурызында халықтың сұрауымен Қазақстан Респуликасының еңбек сіңірген қайраткері Қали Сәрсенбайдың пәрменімен, біраз үзілістен кейін қайта басылып жарық көрген «Кемеңгердің өмірінен бір үзік сыр» мақаласынан Асекең мен Таласбектің арасында өрбіген эссе диалогымен түйіндегім келеді: «Айса Ғалайыссалам кресте өлді, адамзат үшін өлді деп жатады. Жанында тұрып куә болған жоқпыз. Бірақ әбден мүмкін. Алайда Айсадай даңқы шықпаса да, ерлігі содан бір мысқал да кем емес бірнеше қазақты білем. Дәулеткерей, Тәттімбет, Құрманғазы мен Сүгірді айтып тұрмын. Бұлар құныкер болып Алланың алдына барып, қазақ үшін ғана емес, адамзат үшін, инсаният үшін сөз айтқан. Адамзатты ақтап шыққан. Тек асылық айтты деме, менің сөзімді асқақ қылған – күйдің аруағы. Күй қандай киелі болса, менің сөзім де сондай өр. Ойдан шығарып айтып тұрғам жоқ бұл сөзді», – дейді кемеңгер. Бұдан асқан бағалау, бұдан асқан құрмет бола ма, айтыңыздаршы ағайын?! Сүгір күйшінің 60 күйін қамтығын «Теріскей толғаулары» кітабының шығуы, автордың мерей жасқа толуымен тұспа-тұс келуі – Жаратушының сүйген құлына жасаған сыйы болса керек.
Әбді-Мәди БАЙДӘУЛЕТОВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті,
экономика ғылымдарының кандидаты