Жүзжылдық арман
Жүзжылдық белес – айтулы белес. Оған жеткен де бар, жетпеген де бар. Тарихтың тайғақ жолында бағдарынан жаңылып, саясаттың құрсауында, тағдырдың толқынында көші ауып, жардан құлаған басылымдар аз емес.
Оған қарағанда жүз жылдың бедерінде шабысынан танбай, қазіргі күнге абыроймен жеткен сүйікті «Жас Алашымыздың» мерейтойына шүкіршілік дейміз! Қалай сөйлесең де, қандай жылы сөз арнасаң да жарасады. Өзімізді үкілеп қарсы алып, қанатымызды қатайтып, бұрқ-сарқ қайнаған баспасөз айдынына қосқан қарашаңыраққа кімдер келіп, кімдер кетпеген? Ақпарат әлемінде шоқ жұлдыздай жарқыраған талай марқасқалардың естеліктері айтылыпты, небір ғажайып оқиғалар жазылыпты. Елдің жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, ұлттың, тілдің қамын жеп, азулымен алысқан, тілдімен тірескен тілшілердің ізі сарғайған парақтарда сайрап жатыр. Бәрі де дұрыс, бәрі де орынды.
1987 жылдың қаңтарында «Лениншіл жастың» табалдырығын аттай сала жарық көрген «Нашақорлық тұманы» атты алғашқы мақаламыз «кіші ЦК-ның» бұйралауынан бір-ақ шығарды. Жастық максимализмнің әсері болар. «Жас ұрпақтың өміріне қауіп төндіретін нашақорлық дертінің алдын алу шараларын жасауға міндетті қалалық комсомол ұйымы қайда қарап отыр?» деп соғып жіберіппіз. Оның ұшығы жоғарыға тиіп кеткені белгілі ғой. Комсомолдың орталық комитеті «советтік бақытты өмір салтына аямай күйе жаққан идеялық теріс мақаламызды» тулақтай түтті.
Елде Желтоқсан ызғары әлі басылмаған уақыт. «Қазақ ұлтшылдарын» жазалау науқанының қарқыны қатты. Құрамында КПСС партиялық бақылау комиссиясының төрағасы М.Соломенцев, КСРО бас прокурорының орынбасары О.Сорока, КГБ төрағасының орынбасары Ф.Бобков бастаған мәскеулік штаб бүкіл республикадағы жағдайды тікелей бақылап, «кіші 37-ні» аса қатыгездікпен жүргізіп жатқан. Мына жақтан Алматы обкомының 1-хатшысы М.Меңдiбаев, қалалық комитеттің 1-хатшысы Г.Шулико сияқты қызылкөздер қазақтарды еш жиғызбай тоқпақтап жатты. Соның алдында Желтоқсан дүрбелеңіне қатысы бар деген желеумен 8000 адам қамауға алынған болатын, оның 1500-і әкімшілік-қылмыстық жазаға тартылды. Алды ату жазасына кесілді, арты түрлі мерзімге сотталды. Оның сыртында, жүздеген зиялы қауым өкілдері қудаланды. Ұлттық ЖОО-ның 12 ректоры бір мезетте қызметтен қуылып, мыңдаған студенттер қолдан ұйымдастырылған сылтаумен жазықсыз оқудан шығарылды.
Журналист ретіндегі менің мақсатым желтоқсандық қазақ жастарын «нашақор, маскүнем» деген айыптаудың қандай негізге сүйеніп жасалғанын анықтау болатын. Мақсатымыз орындалды. Жанамалай айтсақ та, Мәскеудің байбаламы жалаң жала екенін дәлелдедік. Нашақорлардың желтоқсандықтарға мүлде қатысы жоқ (18 желтоқсанда ұсталған жас жұмысшы Қайрат Бөлековтің қалтасына КГБ жансыздары көкнәр салып жібергені анықталды).
Ел астанасындағы мұндай сорақылықтардың болып жатқанын құдіреті күшті ЦК білмейді емес, біледі. Бірақ келеңсіз көрсеткіштің бәрі көпшілік назарынан жасырын ұсталатын. Өз құзырындағы «ЛЖ»-ның еркіндігі шамына тиген болу керек, жоғарыдағылар редакцияның «шаңын» қақты. Газеттің бас редакторына «идеологиялық жағынан шыңдалмаған сауатсыз» тілшінің мәселесін қарау қатаң тапсырылды. Бір таңғаларлығы, қалың оқырман дүр сілкініп, мақаланы қолдап шықты. Осы серпіліс әсер етті ме, басшымыз ойламаған жерден бізді «жастар және праволық тәрбие» секторының меңгерушілігіне өсіріп жіберді.
Бұл Уәлихан Қалижанов деген редакторыңыз – қызық кісі ғой! Ағысқа қарсы жүзетін сондай бір өр мінезі бар. Кіші ЦК-ның берген тапсырмасын керісінше орындайды. Үлкен ЦК-ның тапсырмасымен жазылған, «махровый ұлтшылдарды» (А.Тоқпанов, Ш.Смаханұлы, А.Сейдімбеков т.б.) әшкерелеген «Тот» атты мақаланы жариялаудан бас тартады. Бұны жанкештілік дейсіз бе, әлде көзсіз ерлікке балайсыз ба, өзіңіз біліңіз. Бірақ бізге, «күшігінен таланған» (Абай) ұрпақтың өкілдеріне бұл қайтпас қайсарлығы қанат бітіргені анық. Сәл озыңқырап кетсем, айыпқа бұйырмассыздар. Осы журналистік өмірімде өз қызметкерлеріне жыртқыштың тырнағын батыртқызбайтын екі көкжал редакторды көрдім. Бірі – осы Уәлихан ағамыз, екіншісі – Шерхан Мұртаза. «ЛЖ»-да жоғарғы жақтан қысым-қыспақ күшейіп, тынысымыз тарыла бастағанда «Қазақ әдебиетіне» шақырылып, аға тілшілікке ауысып бардым. Азғана уақыттан кейін бөлім басшылығына тағайындалғанда, үлкен ЦК-дан «ол орынға коммунист қаламгерді ұсынамыз» деген әмірлі қоңырау түсіпті. Сондағы Шер-ағаңның айтқаны: «Маған коммунист емес, журналист керек!»
Міне, артымызда осындай арқа сүйер алып қорғанымыз барда неден жасқанайық? Қаламды еркін сілтеуге мүмкіндік алдық. Оның үстіне комсомолдың орталық комитетінде басшылықта болған Уәлихан Қалижановтың құрығы ұзын еді, өз қызметкерлерінің бәріне жағдай жасап, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешіп берді. Үйсіз-күйсіз жүргендері пәтерлі болды. Кейінгі келгендері тіркеуге алынды. Осының алдында ғана «Қазақстан пионерін» басқарғанда да, дәл солай жасаған. Баспаналы болғандардың қатарында алды қырықты еңсерген Тынышбай Рахым, Дәуітәлі Стамбековтен бастап, Алпысбай Шымырбаев, Сәбит Дүйсембиев, Қанат Қайымов сынды ақын-жазушылар бар болатын. Кейін бәрі де шығармашылықпен танылды. Қазақстанның әр қиырынан жиналған біз бас редактордың не жерлесі, не туысы емес едік. Уәлихан ағамыз тек қалам қуатын ғана мойындайтын. Балалар газетінен Сәбит екеумізді шақырғанда да осы себеппен таңдау жасаған болар деп ойлаймын. Жазамын деген адамға сенімнен артық не керек? Мәскеудің жан-жақтан аңдытқан қарауылына қарамастан, «ЛЖ»-ның тынысы ашылды. Жастардың ғана емес, үлкен-кішінің рухани тірегіне айналды. Газет бетінде «Сын болсын, сын шын болсын» деген принцип үстемдік етті. Сөзің әділ болса, басшылар да, қосшылар да еріксіз құлақ асатынын ұғындық. Соның бір-екеуіне тоқталайын.
Бірде оңтүстіктегі Түркістан шаһарынан арыз-шағым түсті. Әдеттегі хаттардан бөлектеу, батыл, деректері ашық көрсетілген. Қысқаша айтқанда, ПМК директоры, кәсіподақ төрағасы және қалалық тұрғын үй-шаруашылық бөлімінің басшысы жеңұшынан жалғасып, пәтер сатумен айналысады екен. «Ал, Табеев, барып қайт!» деді Уәлихан ағамыз. Ол кісі кейде осылай фамилиямызбен атап шақырушы еді. Бардық. Көрдік. Айтылған фактілердің барлығы анықталды. «Құпия үштіктің күйреуі» атты мақаламызда бәрін бүге-шігесіне дейін таратып жазып бердік. Одан басқа, тағы бір нәзік мәселені тілге тиек етіп жібердік. 80 мыңдай тұрғыны бар көне қалада көше сайын асхана, бірақ бірде-бір мәдениет үйі жоқ екен. Нонсенс! Мақала шыққаннан кейін біраз күн өтті-ау деймін. «Бас редактор шақырады» дегенге барсам, кабинетінде Түркістан аупарткомының бірінші хатшысы Нұриддин Балқияев отыр екен. Бірден түсіндім. «Қазір бастайтын болар» деп, іштей жауаптасуға әзірленіп, амандастым. Жоқ, әңгіме басқаша өрбіді. Қарапайым жұрттың үстінен күн көрген «құпия үштіктің» ұясы талқандалыпты. «Оны қойшы, бәрінен бұрын қазақтың Меккесі атанған Түркістанда бірде-бір мәдениет үйі жоқ дегендерің жанымызға қатты батып кетті, соның мәселесімен жоғарыдағы тиісті орындарға кіріп жүрмін», – деген Нұриддин ағамыздың лебізі алғыстай естілді.
Ал енді қараңыз, бүгін баспасөздегі сынға құлақ асып, елге жанашырлық танытатын осындай әділ басшылар бар ма? Әй, жоқ! Жоқ! Әйтпесе мәдениеттің тоқырауы кез келген қоғам үшін қауіпті екенін «Жас Алаш» жазудайын жазып, айтудайын айтып келе жатыр. Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары бүкіл ауылдағы мәдениет ошақтары күйреп тынды. Жекенің қолына өткен ғимараттар мейрамхана, жынойнаққа айналды. Осыған назар аударып жатқан мәдениет басшылары бар ма? Естімедік. Жер-жердегі қараусыз қалған рухани қазыналарымызды кім іздестіреді, кім түгендейді? Мәселен, біз баспасөз арқылы «Қозы Көрпеш – Баян сұлудың Шоқтерегі», «Қодар қазған құдықтар» табылды, енді соны, мыңжылдық қымбат жәдігерлерді мемлекет қамқорлығына алайық деп шырылдадық. Лента қиюдан қолы босамайтын мәдениет министрінің атына хат та жазылды. «Нөл внимание!»
Иә, әдемі сөйлеп, лента қиюмен мәдениет өркендемейді. Мәдениет саласы жан-жақты. Мөлдір бұлақтар сияқты бастауы тұнық болуы керек. Ел арасында бүгінгі жастар кітап оқымайды деген жалған түсінік бар. Ауылда мәдениет үйі, кітап дүкені, кітапхана жабылып тынса, жастар қалай оқымақ? Оның үстіне кітап шығару ісі тоқырады. Баяғы сылтау – қаржы жоқ. Қаржы қайда? Танымал режиссер Ермек Тұрсыновтың айтуынша, «Нартай» сияқты түсірілмеген фильмдерге жұмсалуда. Миллиондар желге ұшуда. Желге емес, қалтаға түсуде. Оның сырын жуырда, шетелге қашып бара жатқан жерінен ұсталған мәдениет министрінің орынбасарынан сұрау керек. Мәдениеттің құлдырауы – қоғамдағы жастардың санасын тұмандатып, деградацияға ұшырауына тікелей жол ашатынын түсінгіміз келмейді. Құлағына айсырға тағып, сылаңдаған әйел кейпіндегі еркектер, езуіне шылым қыстырып, күйеуінің көзіне шөп салуды мін санамайтын атышулы әйелдер шоғыры шықты. Ең сұмдығы – ойнақтап желіккен, өзгенің ұясын бұзған арсыз бикештің қылығы оң, әйелін оңдырмай сабаған күйеуінікі қылмыс деп танылды. Күні кеше ғана Алматыда «жатырын тауарға теңеген» әйелдер біржыныстылардың некеге тұруын талап етті. Астапыр-алла! Біз қайда барамыз? Жастарға қандай тәрбие беріп жатырмыз? Мәдениетсіздіктің қалың тұманын серпілтуге билік аса құлықты емес. Неге? Себебі мәдениетсіз елді басқару оңай.
Міне, «Жас Алаштың» негізгі ұстанымы – осы ұлттық рухсыздықпен күресті жалғастыра беру болмақ деп ойлаймын. Ұлттық рух жоғалса, ең алдымен отбасы күйрейді. «ЛЖ»-дағы «Бекзадалар» атты мақаламызда туған әкесін қарашаңырақтан қуып шықпақ болған безбүйрек ұлдардың тірлігін суреттедім. Ұлы Отан соғысының ардагері, қадірлі ұстаз ағамыз екі баласын өзгелерден кем қылмай өсірді. Жоғары білім әперді, жағдайын жасады. Бірақ, ең өкініштісі, отбасында ұлттық тәрбие алмағаны көрініп тұр. Ауылда туып-өссе де, екеуі де қазақша қақпайды. Алғаш тілдескенімізде-ақ «Покажи твое удостоверение!» деп, жағаға жармасқан сабаздардың кем тәрбие алуын мен анасынан көргенімді жасырмаймын. «Ким булып тура бул жигит?! Биз корреспондент чакырмадык...» деп шаптыққан анасының жастық шағында сүйеу болған қосағын қартайғанда неге сыйламайтынына қапа болдым. Солай деп сұрадым да. Бекер сұраппын, мақала жарық көрген соң, үлкен ЦК-дан бір-ақ шықтым. Апамыз от пен судан аман келген шалымен татуласудың орнына майдандасуға бейіл сияқты. «Ұлттық ар-намысыма тиді» деген үйдей өкпесін партияның орталық комитетіне айдап жіберіпті. «Қане, қай жерде ұлтын жазыппын?» деймін сұсты референтке. «Интересный ты человек, астарында айқайлап тұр емес пе?!» дейді шолақ белсенді. Астарында тұрғаны рас, бірақ нақты аталмаған. Мысы құрыған ол ақырында «ұлттар достығына сына қағатын тілшінің ЦК комсомолдың органында қызмет істеуіне моральдық құқы жоқ» деген нұсқауын жөнелтті.
Ұлттар достығы демекші, Желтоқсан көтерілісіне бірден-бір себепші болған нәрсе осы ұлттар теңсіздігінің бұзылуы еді. Кеңес өкіметінде «аға ұлтқа» жататын қауым ғана бақуатты, алаңсыз өмір сүрді. Қалған бодан халықтар ондай биік дәрежеге көтеріле алмады. Арман қуып, 70-жылдары астанамыз Алматыға жеткенімде, Ресейдің бір қаласына келгендей күй кешкенімді жасыра алмаймын. Кеңселердегі, зауыт, фабрикадағы, көшедегі барлық сөз орысша. Автобустағы жирен шаш апайлардың «Говори по русский!» деген қатаң ескертуі құлаққа түрпідей тиетін. Өзіңнің туған Отаныңда көңіл жасытатын ғайбат сөз есту қандай ауыр! Он жеті жасар бозбаламын ғой, көп нәрсені түсінбеймін. Мен қылмыс жасаған жоқпын. Тек өзімнің ана тілімде сөйледім. Сол үшін мен неге қоғамдық тәртіпті бұзған боп саналам? Неге? Миллион халқы бар астанада қазақша екі интернат пен бір ғана мектеп бар екен. Масқара ғой! Осыншалықты рухани кемсітушілік бұрын-соңды қай елде болды екен? Бұл сауалдарға жауап ала алмадық және жауап беретін де ешкім болмады.
Жан дүниемізді сыздатқан осынау бітеу жара Желтоқсанның ызғарлы күндерiнде жарылғаны рас. Бірақ сол жарылыстың мәнін құлдыратып, билік тағы да «ұлтшыл, нашақорлар» деңгейіндегі кісі сенбейтін кейіпке түсіріп тастады. Мұны кейін Мәскеудің нұсқауымен болған еді десті. Мақұл, солай-ақ болсын. Ал бүгін ше? Маятастағы қазақ-күрд, Шелектегі қазақ-ұйғыр, Маловодное ауылындағы қазақ-шешен, Қордайдағы қазақ-дүнген қақтығыстарында қазақтардың «ұлтшыл», «маскүнем», «нашақор» аталуына кім кінәлі? Мәскеу емесі анық.
Осы орайда, Фридрих Ницшенің «Ізгілік пен зұлымдықтың арғы жағында» атты кітабында айтылған бір тұжырымы еске түседі. «Билікке құштарлық – дүниедегі бар нәрсенің бастауы әрі жауы. Олар тақ үшін өз бауырларын да құрбандыққа шалудан тартынбайды, зорлық-зомбылық жасап, қулық-сұмдықпен әрекет етуді өмірінің өзегіне айналдырады», – депті философ. Шіріген қоғамға бұдан артық баға беру мүмкін емес. Қаншама қилы заманда, қандай қоғамдық формацияда тіршілік құрсақ та, өзгермейтін қағидат. Шындап келгенде, жер бетінде жаман ұлт жоқ. Жаман адамдар ғана бар. Мемлекет өз халқын қалай тәрбиелесе, соған лайықты азаматтар өсіп шығады. Бір мемлекет, бір халық, бір тіл – елдіктің белгісі. Мысалы, Түркияның қуаттылығы осында. 85 миллиондай халықтың төрттен бір бөлігін күрдтер құрайды. Гректер де, қазақтар да, өзгелер де баршылық. Бірақ барлығы тек түрік тілінде білім алады, түрік тілінде сөйлейді. Күрд ағайындардың арасынан президент те, премьер-министр де шықты. Оларды түріктер еш уақытта жатсынған емес.
Біздіңше, Қазақстан халқы да осындай біртұтас болуы керек еді. Бола алмадық. Болу үшін ең алдымен «Қазақстан – 100 ұлттың мекені» деген коммунистік жалған ұраннан арылуымыз керек. Бізде 100 ұлт жоқ. Бір ғана қазақ халқы бар. Қалғандары этнос өкілдері. «Алматыда екі модракан, екі эскимос, бір гагауз, бір пуштун… тұрады» деген ресми ақпаратты оқудың өзі ызалы күлкі туғызады және олардың барлығы да орыс тілінде оқып, білім алатындары басы ашық нәрсе. Бұдан шығатын түйін біреу-ақ: орыстілді мамандарды даярлау – унитарлы мемлекетіміздегі ұлттық тұтастыққа қағылған сына сияқты. Халықтың басын біріктіру емес, бөлуге итермелейді.
Ақиқатын айтсақ, халықты (қазақтілді, орыстілді деп) екіге бөлу биліктің нақ өзінен басталатынын байқаймыз. Мысалы, мектептен. Қазақ мектебі. Орыс мектебі. ЖОО-лар да солай. Тіпті гранттар да осы қағидатпен бөлінеді. Қараңыз, белгілі бір мамандық бойынша қазақтілді шәкірт 90 баллмен сырт қалса, орыстілді абитуриент сол грантты 60 баллмен-ақ қағып кетеді. Міне, теңсіздіктің басы. Сол себепті өзге ұлттардың басым бөлігі (тіпті қазақтар да) орыс тілінде білім алуға ұмтылуда. Олар әлемде орыс тілінің өрісі тарылып келе жатқанын ескермейді. Қытай, жапон, неміс, ағылшындар орыс тілінсіз-ақ өркениеттің ұлы көшін бастап келеді. Айға да, Марсқа да барып жатыр. Ендеше мемлекеттік оқу орындарында тек қазақ тілі мен ағылшын тіліне ғана күш салуды ойластырғанымыз жөн. Білгісі келгендер қалаған тілін өз қаржысымен үйрене берсін. Қарсылық жоқ.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында қазақ тілін әлі күнге дейін жете меңгермеген қазақстандықтарды мемлекеттік тілді үйренуге шақырды. Иә, үндеудің бағыты дұрыс. Бірақ мемлекет басшысының «Барша этнос өкілдерінің ана тілін, салт-дәстүрін дамытуға мүмкіндік жасала береді...» дегені жалпақшешейлік. Сондықтан «Президенттің өзі осылай деп тұрса, кім қазақша үйренуге құлшыныс танытады?» («ЖА», 07.01.2021 ж.) деген сауалымыз төтеден қойылды. Расында, тәуелсіз ел болғалы 30 жылдың ішінде мұндай үндеулердің қаншасы қабылданды? Санынан жаңылып қалдық. Сол үндеулердің бәрі де жаңғырық секілді тау-тасқа, далаға сіңіп жоқ болуда.
Себебі біреу-ақ – қазақ тіліне деген қажеттіліктің жоқтығы. Оны өзге ұлт өкілдері жақсы біледі. «Орыс тілінде өтініш айтқандарға қазақша жауап беріңдер. Бермегендер қатаң жазаға тартылсын!» деген елбасының сөзін арқаланады. Ал «Қазақша сөйлегенге орысша жауап бергендерді не істейміз?» деген сауал ешкімді де қызықтырмайды. Үкімет осы теңсіздікті жоятындай батыл шаралар қабылдамайынша, мұндай жалаң үндеуден ештеңе шықпайтыны анық. «Билік қазақша сөйлемей, халық қазақша сөйлемейді» дегенді осыдан бір ғасыр бұрын, 1924 жылыҚазақ үкіметін басқарған Сәкен Сейфуллин «Қазақты қазақ дейік» деген мақаласында шырылдап айтып кеткен. Әр қазақтың өзегін өртейтін бұл мәселе «Жас Алаштың» ең басты назарында болатынына сенеміз.
Бастысы – қайда жүрсек те, ұлт мүддесі үшін күресте шоқтығы биік, айбынды «Жас Алашпен» байланысымыз үзілген жоқ. Бір-бірімізге рухани сүйеу болып, ауыздықпен алысып келе жатырмыз. Басқа басылымдар жариялай алмаған «Прокурормен жекпе-жек», «Желтоқсан – Айдың арғы беті секілді» (Ербол Сыпатаев туралы), «Қыздардың көз жасы», «Қордайдың көкседім-ау қоңыр желін» (қазақ-дүнген текетіресі), «Қоғамның өгей баласы» (БАҚ саясатындағы олқылықтар көрсетілген) дүниелеріміз жарық көрді. Осы басылымнан бастау алған тақырыптарымыздың аясы кеңіп, бертінде «Мұзда жанған алау», «Желтоқсан жаңғырықтары», «Қайсар рухты қазақ», «Қазақтың Желтоқсаны» атты кітаптарға арқау болды.
Сындарлы кезеңдерде шыңдалған, елге танылған «Жас Алаштың» абыройы мен беделі бүгінгі күні де өз биігінен түскен жоқ. Жаңа заманның тыныс-тіршілігін тап басып, саралай білетін газеттің пікірімен жоғарғы басшылықтың да санаса бастағанын аңғарып жүрміз. Мысалы, «Тарта жесең, тай қалар...» («ЖА», 27.03.2020 ж.), «Ұлттық қордың қаржысы қаншаға жетеді?» («ЖА», 01.04.2020 ж.), атты мақалаларымыз президент назарына ілікті. Онда біз пандемия кезінде қолдағы қаржыны үнемдеу мақсатында 98 мыңнан астам мемлекеттік қызметкердің жалақысын көтеруді тоқтатып, көдедей көп шенеунікті шұғыл қысқартуды ұсынғанбыз. Көп ұзамай басқару аппаратын 2020-21 жылдары 25 пайызға қысқарту туралы үкіметке пәрмен берілді. Сең қозғалды!
Алайда жергілікті жерлердегі басқару органдарының жұмыстарына жұрт әлі де риза емес. Өзін кішігірім Құдай сезінетін кейбір облыс, аудан әкімдері халық қызметшісі екенін мүлде ұмытып кеткен. Мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаржы негізгі мақсаттарға жұмсалмай, сыбайластардың жемсауына жұтылып жатыр. Жемқорлық дерті жайламаған сала қалмады. Медицина, ауыл шаруашылығы, құрылыс, жол, білім, ғылым, мәдениет, спорт… Бұл асқынған дертті кім тоқтатады? Президент? Үкімет? Кітапхана? Әлде сайлауда уәдені үйіп-төгіп беріп, көпірден өткен соң ұмытып кеткен депутаттар ма? 300 мың теңгелік алтын төсбелгіні кеудеге тағып, миллион теңге айлықты қымсынбай қалтаға басып, тәулігі 40 мың теңгелік қонақүйде алаңсыз өмір кешкен депутаттарға жұрттың сенімі жоғары деп айта алмаймын.
Дәл қазіргідей қиын кезеңде биліктен көңілі қалған қалың оқырманның сенетіні де, сырласатыны да – ұлт қамын жеген «Жас Алаш» қана болып тұр. Себебі мәңгілік жастықтың символындай өр мінезді «Жас Алаштың» бағыты айқын, ұстанымы біреу: ол – 100 жылғы арман – мемлекеттік тілімізді өз тұғырына қондыру. Рухы биік, шынайы тәуелсіз ел атану жолындағы бітіспес күресті жеңіске жеткенше жалғастыру.
Сүйікті газетіміздің маңдайы ашық, мерейі үстем бола берсін!