Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:32, 20 Наурыз 2021

Жылағанды демейтін, құлағанды сүйейтін «Жас Алаш!»

None
None

        Қарапайым халық «Жас Алаш» басылымы арқылы арыз-шағымын жоғарыға жеткізгісі келеді.

Өздері жақындай алмай жүрген әкімқараларға басылым арқылы мұң-мұқтажын айтып, «шерімді шенділер естісе» деген елдің қарасы көп. Осылайша біздің оқырмандарымыз 100 жылдық тарихы бар республикалық басылым арқылы биліктің назарын өзіне аударғысы келеді.     

      Жалпы, «Жас Алаш» айтулы басылым болғалы талай адамға шапағаты тиіп, біршама игі істердің қасынан табылды. Газеттің алғаш құрылған кезіндегі елдің сөзін сөйлеуге бейім тұратын қасиеті күні бүгінге дейін  жалғасып, қазіргі ұжым да жақсылық жасауға барын салып жүр. Мысалы,  былтырғы наурыз айынан бастап, биылғы наурызға дейін «Жас Алаш» көтерген бірқатар мәселелер шешімін тауыпты. Мәселен, біз былтырдан бері бірқатар әкімдердің назарына өздері басқарып отырған облысындағы, қалаларындағы мәселелерді ашып жазып, ұсындық.  Әкімдерден бөлек, «Жас Алашта» үкіметтің, бас прокурордың, тағы басқа ведомостволардың назарына сыни мақалалар жазылды. Атап айтар болсақ,үкімет назарына «Сынақ зардабын тартқандар зары сырғып жүре бере ме?» (27.08.2020) деген атаумен Семей полигоны аймағында күнелткен халықтың зар-мұңын жеткізуге тырыстық.«Сергелдеңнен сервер құтқарар еді ғой» (08.09.2020) деген атпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың назарына қашықтан оқытуға қатысты үкімет жіберген қателіктерді тізіп жазып көрсеттік. Бұдан бөлек, сенат төрағасы назарына «Тәуелсіздік күрескерлері назардан тыс қалмауы керектігін» (21.05.2020) нықтадық.«Квота кімге керек?!» (26.05.2020) деген тақырыппен парламент депутаттарына ой салдық.  «Абай облысын құру туралы» (09.06.2020) ұсыныс та тастадық. Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовтің назарына (25.06.2020) «Мемлекет қаржысы мен халықтың қалтасын қаққандар жазықсыз қала ма?» (30.06.2020) деп те сауал тастадық.Бұдан бөлек,«Жалақы көрмеген жұмыскерлердің жанайқайы» (11.08.2020) деп, жоғарғы сотқа газетімізден орын беріп, халықтың базынасын жеткіздік.

        Өзіндік салған жолы бар іргелі басылым атанған «Жас Алаштың» сынынан кейін бірқатар мәселелер шешімін тауып, нәтижесін көрсетіп жатты. Осыдан барып газетімізде «Жазылған жайдың жаңғырығы» деген айдар ашылды. Қазір біз жазылған жайттың нәтижесін осы айдар арқылы көрсетіп отырамыз.

        Негізінде, бір бұл емес,  «Жас Алаш» өз тарихында бұған дейін де талай мәселені шешкенін дүйім жұрт біледі. Біз тек бір жылдық есепті санамаласақ,  аймақтардағы жөндеу көрмеген көшелердің бірқатарын жөндеуге ықпал етіп, ауызсу мен жарыққа зәру елді мекендердің бірді-екілісіне су тарттыруға септігімізді тигізіппіз. Тілі бұралып, қазақша жазуға ерінген шенеуніктерді тезге салып,  қазақ тілі мемлекеттік тіл екенін де жақсылап есіне түсіріппіз. Бұған қатысты «Жас Алаштың» сынынан кейін кейбір аймақтарда орысша жазылған көше атаулары қайта қазақша жазылып, маңдайшасын орысша толтырған мекемелер де мемлекеттік тілге «менсініп» қарайтын болды.  Сондай-ақ Алаша хан, Жошы хан тәрізді хандарын құрметтей алмай, олардың кесенесін құстың саңғырығына толтырып қойған аймақтың әкімдіктері де «Жас Алаштың» сынынан кейін бірден олқылықтарын жөндей қойды. Талай мәрте мүгедек жандардың да мәселесін төтесінен қойып, олардың мұң-зарын жоғарғы жаққа жеткізуге тырыстық. Осылайша қоғамда болып жатқан кез келген мәселелер «Жас Алаштың» назарынан тыс қалған жоқ, қалмайды да. Саяси-экономикалық, қоғамдық, мәдени, рухани, әлеуметтік  зерттеулеріміздің нәтижесінде біз көтерген   мәселелер оңынан шешімін тапты.  

      Бұдан бөлек, «Жас Алаш» жетімнің жасын сүртіп, жесірдің еңсесін тіктеуге де өз үлесін қосып келеді. Мысалы, былтыр асыраушысынан айырылған бес баланың анасы Кербез Таутесероваға «Жас Алаштың» бастамасымен қаражат жинаған едік.  Кербез сол жиналған қаражатқа Алматы облысынан  13 сотық жер алған болатын. Енді, міне, «Жас Алаштың» 100 жылдығы қарсаңында Кербез кейіпкеріміз сол жерге үйінің іргетасын құйып, баспана құрылысын салуға  ниеттеніп отыр.

Тақырыпқа тұздық

        Біздің басылымның ықыласын сезінген оқырмандарымыз «Жылағанды демейтін, құлағанды сүйейтін «Жас Алаштың» ғұмыры ұзақ болсын! Бұл ұжымға тек қана ақ жол тілейміз!» деді. Жалпы, байқағанымыздай,  «Жас Алашқа» қарапайым халықтың айтар алғысы мол. 100 жылдық мерейтой  қарсаңында ел алдына жүрген қоғам қайраткерлерінен бөлек, қарапайым бұқараның да «Жас Алашқа» айтар ақжарма тілегі, айтар алғысы мол.

     Гүлбақша ПЕРНАЗАРОВА, «Күміс алқа» иегері:

   – Мен алты баланың анасымын, былтыр пандемия кезінде жұмысымыздан айырылдық. Жолдасым жұмыссыз қалып, қиындыққа тап болды. Сөйтіп, сөздің шыны керек, балаларға беретін ас-ауқат, нан таппай қалған кезіміз де болды. Белді бекем буып, «Жас Алашқа» хабарластым. Сіздердің арқаларыңызда демеушілер табылып, балаларымды ас-ауқатқа тарықтырмай, қиындықтан оңай шықтым. Қазір жұмысқа кірісіп, ел қатарлы тіршілік етудемін. «Жас Алашқа» айтар алғысым шексіз. «Жас Алаш» 100-ден бөлек, 1000 жасасын!

      Кербез ТАУТЕСЕРОВА, жалғызбасты көпбалалы ана:

  – «Жас Алашқа» айтар алғысым шексіз. Осы газеттің арқасында мен жер алдым. Алла бұйыртса, енді үйімді салмақпын. Бес баламен жалғыз қалғанымда маған «Жас Алаш» үлкен сүйеу болды. Құлағанды демейтін, жығылғанды тұрғызатын  «Жас Алаш» мен үшін жақсылықтың жаршысы. «Жас Алашта» халықтың аманатын арқалайтын қасиет бар. Сол қасиетінен айырылмасын. Ғұмыры ұзақ болсын! Мың жасаңыздар!

      Ахмет ОРАЗБАЕВ, Алматы облысының тұрғыны, «Жас Алаштың» тұрақты оқырманы:

    – Мен «Жас Алашпен»  үнемі тығыз байланыстамын. Тұрған жерімде проблема көрсем, бірден «Жас Алашқа» хабарласамын. Басылымның тұрақты оқырманымын. Сіздер арқылы талай мәселенің басы шешілді. Үнемі сіздерге проблемаларымызды  айтып жүреміз. Біреуін де назарларыңыздан тыс қалдырған емессіздер. Республика деңгейінде «Жас Алаштың» беделі өте жоғары. «Жас Алаш» тәрізді халықпен тығыз қарым-қатынас орнатқан, елдің сөзін сөйлейтін басылымдар көбейсе екен деп тілейміз. Халықтың жанайқайын жеткізетін «Жас Алаштың» болғанына өзім қуанамын. Сіздерге  алғысым шексіз. Елдің жайын айтудан жалықпаңыздар. Ғұмырларыңыз ұзағынан болсын!

Тегтер: