Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:30, 05 Наурыз 2024

Зорлық-зомбылыққа қарсы жаза күшейе ме?

1
Фото: firestock.ru

Қоғамды дүр сілкіндірген Бишімбаев оқиғасынан кейін, белсенділер тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жазаны күшейтуді талап етіп келеді.

Қазақстанда жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 300-ге жуық әйел зардап шегеді. Жылына кемінде 80 әйел қаза табады.

Қазір қылмыстық және әкімшілік кодекстерге түзетулер енгізіліп, өтініш беруден анықтау сипатына көшті. Яғни енді зорлық көрген адамның өтініші әрі қарай тергеп-тексеріліп, сотқа кетеді.

Отбасылық психолог Ержан Мырзабаев бұндай агрессияның қайдан туатынын былай түсіндіреді. «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың негізгі себептеріне – ішімдік, құмар ойындар, алкогольдік тәуелділік жатады. Бұл патологиялық жағдайлар. Егер ішімдік, ойынқұмарлық, нашақорлыққа тәуелділік деген нәрселер болса, мұндай отбасыларда ары қарай сапалы қарым-қатынас болады деп ойламаймын. Дұрысы, балаларға зиян келтірмей, ажырасу керек.

Одан бөлек, күнделікті өмірдегі тұрмыстық зорлықтың ең бірінші себебі – жұптардың бір-бірімен коммуникация құра алмауы. Конфликт, проблемалар туындаған кезде, дұрыс шеше алмау. Бір-бірін кемсітетін, төмендететін әрекеттер жасау, сондай сөздер айту. Болып жатқан жағдайға адекватты көзқараспен қарай алмау. Өйткені зорлық-зомбылық бұл – конфликтінің нәтижесі. Бізде конфликтіні басқару, жүргізу қабілетіміз өте төмен. Біз бірден жұдырыққа көшеміз. Бұл өз алдына бала кезден келе жатқан мәселе деп ойлаймын. Өйткені кезінде ата-аналар ұрыс-керіс болған кезде, ең тиімді жол деп баланы жазалаған, ұрған, ұрысқан, дұрыстап түсіндірмеген, баланың ойын тыңдамаған, сөйлеспеген. Ата-ана мен бала арасындағы конфликт кезінде дұрыс қарым-қатынас құруды білмегендіктен, ол балалар өсіп, отбасын құрғанда әйелімен, күйеуімен, баласымен дұрыс қарым-қатынас құра алмайды», – дейді маман.

Демек, бүгін болып жатқан зорлық-зомбылықтың зардабы тым алысқа кетеді деген сөз. Психологиялық травма алған бала кейін көрген әрекетін қайталауы да мүмкін. Жалпы ұлттың саулығына әсер ететін осы бір тұрмыстық ақаудан айырыла алмай-ақ қойдық. Балалар психологы Мөлдір Тоқжанова, отбасылық жанжалды жиі көріп өскен баланың психикалық ауытқуларға ұшырауы мүмкін екенін айтады.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылықты көру – балаға өте үлкен психикалық ауытқулар әкелуі мүмкін. Себебі бала үшін анасы да, әкесі де ең жақын жан. Бірақ әкесі мен анасы ұрысқан кезде, бала біржаққа қарсы шығуға мәжбүр болады. Өйткені ол бейтарап позицияны ұстай алмайды. Ер бала болса, көбіне анасын қорғап, әкесіне қарсы шығады. Бірақ кішкентай бала үшін өз әкесіне қарсы шығу – өте ауыр дүние. Сондықтан әр ұрыс-керісте ата-ана бір-бірімен татуласып кетеді. Бірақ баланың ішінде «мен әкеме қарсы шықтым» деген өкініш, кінәлау сезімі қалады. Бұл мүлдем дұрыс емес.

Ал отбасында жиі ұрыс-керіс болған кезде, бала басқаның өмірін аңдумен өмір сүретін болады. Яғни есік қатты жабылса, ыдыс-аяқтың дауысы қатты шығып кетсе, бала сол сәтте-ақ «қазір ұрыс басталады» деп қорқып отырады және үнемі әке-шешесінің қабағын аңдумен болады. Сөйтіп бала өз өмірін емес, біреудің өмірін сүруді үйренеді», – дейді маман.

Психологтың айтуынша, бала кезден қалған осы үрей есейген шақта да баланың өміріне кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан жанжал, ұрыс-керіс көрген баламен арнайы сөйлесіп, ата-ана өз әрекетін түсіндіруі маңызды.

«Ата-ана өз арасындағы ұрыс-керісті балаға мүмкіндігінше көрсетпеуі керек. Егер көрген жағдайда: «Балам, саған ешқандай қауіп жоқ. Біз сен үшін ұрысқан жоқпыз, сенің еш қатысың жоқ. Біз өзара жай келісе алмай қалдық. Мұндай жағдайлар болып тұрады... Бірақ одан біз бір-бірімізді жек көріп кетпейміз» деген секілді сөздермен түсіндіруі керек», – дейді психолог.

Себебі әке-шешесі ұрысқан кезде баланың ең бірінші ойлайтыны – әке мен ана бір-бірін жақсы көрмейді, ажырасып кетуі мүмкін. Сондықтан ондай жағдай болып қалған сәтте баламен де оңаша, асықпай сөйлесіп, түсіндіру маңызды көрінеді.

Ішкі істер министрлігі былтыр тамыз айынан бастап тұрмыстық жанжал жөнінде 18,5 мыңнан астам адамнан сұрап, сауалнама жасапты. Нәтижесінде, 884 жағдайда агрессор құқық бұзу әрекетін қайта жасайды екен. Ал мұндай адамдарға өз еркімен психокоррекциялық курстардан өту ұсынылады. Бұл біздің мемлекеттің ұсынып отырған шешімінің түрі. Жасаған қылмысын қайталаудан тайынбайтын, жазаға көнбейтін, сот шешіміне құлақ аспайтын жәбірлеушілер өз еркімен ондай курстарға барады деп ойлаудың өзі әбестік боп көрінеді. Бұндай курстарға қайта жапа шеккен жандар мұқтаж.

Психолог Ержан Мырзабаевтың айтуынша, профилактикалық тұрғыдан әрбір отбасы үшін арнайы курстар ұйымдастырылуы керек. «Отбасы академиясы» осы бағытта онлайн, офлайн түрде жұмыс істеп жатыр. «Жәбір көрген әйелдер мен балаларға бірінші көмек – арнайы жұмыс тобы арқылы зерделеу жұмыстарын жүргізу. Біз жәбір көрген әйел деп біржақты қарайтын болсақ, дұрыс емес. Жәбір көрген әйел, ол – көпбалалы ана ма, үш-төрт баламен декретте отырған әйел ме, күйеуіне материалдық тұрғыдан тәуелді кісі ме? Осындай материалдық, әлеуметтік проблемаларын шешу керек. Әйел материалдық тұрғыдан тәуелді болмаса, қысымға шыдап жүрмес еді. Өйткені көбінесе, материалдық тұрғыдан тәуелді болған әйелдер зорлық-зомбылыққа ұшырайды, соған көнуге мәжбүр болады. Осы тұрғыдан оған «күйеуің агрессор, ажырас, шыдама» деп айту оңай, бірақ қолында бала-шағасы бар, ақшасы жоқ, бір күн жұмыс істемеген, тек бала тәрбиесімен айналысқан әйел үшін екі проблемадан бірін таңдау керек болады. Екеуін таразыға салғанда бірдей болып көрінеді. Сосын, ішінен «ұрса да, соқса да, балаларымның әкесі, қарайды, асырайды, бағады» деп, көнуге мәжбүр болады. Сондықтан арнайы комиссия осындай әйелдердің материалдық жағын қарастырып, оған жағдай жасау, еркіндік беру жағынан жұмыс істеуі керек. Меніңше, мұндай шаралар мемлекеттік деңгейде жасалуы керек», – дейді Е.Мырзабаев.

Маманның айтып отырғаны – зорлықтың салдары. Біз осы салдармен күресіп, соны шешуге әбден үйренгенбіз. Және бұл шын мәнінде қоғам тап келетін проблема. Бұл тек ажырасумен шешілмейді. Түзетілген жаңа заң бойынша, енді тараптарға татуласуға бір рет қана мүмкіндік беріледі.

Жаңа заң бойынша енді тұрмыстық жанжал туралы көршісі, туысы сияқты кез келген үшінші тарап құзырлы, уәкілетті органдарға хабарласуына болады. Бұрынғыдай, жәбірленушінің арызын күтіп отырудың қажеті жоқ. Одан кейін қамау мерзімі 15 күннен 25 күнге ұзарды.

Татуласуға бір рет қана мүмкіндік беру, қамау мерзімін ұзарту мәселені шеше ме? Қылмыстың азаюына, зорлық-зомбылықтың жойылуына ықпал ете ме деген сұрақтар мазалайды. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай, соттың шешімінің өзін назардан тыс қалдырып жүрген адамдар 15 күннің 25 күнге созылғанын қиындық көреді деп ойламаймыз. Қазір тіпті татуласпаса да, күш көрсетіп жүргендер туралы ақпараттар жиі шығады. Демек, ажырасудың өзі де түпкілікті тоқтам болмай тұр.

«Бұл тұрғыда мемлекет жүргізіп жатқан шараларды тиімді деп айта алмаймын. Мәселе, қамау мерзімін ұзартуда емес. Мәселе, қамау мерзімінде агрессормен қандай қарым-қатынас құрып, қандай жұмыс істеп жатыр? Өйткені түптің түбінде ол 10 күн болсын, 20 күн болсын айналып, сол отбасына оралады. Қайтып келген кезде, 20 күн бұрынғы агрессормен, 20 күннен кейінгі агрессор арасында қандай өзгеріс болады? Оған психологиялық қолдау көрсетіле ме? Агрессормен психологтар жұмыс істей ме? Оған отбасылық қарым-қатынас, отбасы психологиясы бойынша дәрістер, семинарлар оқытыла ма? Көбінің осы бағытта сауаты жетпейді. Одан кейін қамауға алынып, кәдімгі қылмыскерлер сияқты қарағаннан кейін, 20 күннің ішінде әйеліне, отбасына одан ары ашу-ызамен шықпай ма? Шыққаннан кейін, зорлық-зомбылықтың көкесін көрсетпей ме? Мәселенің осындай жақтары бар» деп есептейді Ержан Мырзабаев.

Айта кетейік, халықаралық ұйымдар Орталық Азия елдерінде әйелдер құқығы жиі бұзылатынын айтады. Олардың мәліметінше, зорлық көрген әйелдердің шағымы көп жағдайда құзырлы органдарға түспейді немесе агрессор кейде мүлде жазасыз қалады. Thediplomat сайты бұған мысал ретінде, қазақстандық Әсел Ноғайбаева мен Салтанат Нүкенованың жағдайын мысалға келтірген.

Егер жүйе бұрын болған бірнеше зорлық-зомбылық оқиғаларын тиісті түрде қараса, жантүршігерлік қылмыстардың алдын алуға болар еді.

Нұрбике Бексұлтан

Астана

Фото: firestock.ru