Зұлмат жылдар халық жадынан өшпейді

Қазақ ұлтының осы уақытқа дейін көрмегені жоқ. Бүгінгі тәуелсіздігімізді алғанға дейін талай қиыншылықты, нәубетті жылдарды ата-бабамыз бастан кешіріп келді.
Бұл нәубетті жылдардың ешқайсы да қазақ үшін опа бермеді. Соның ішінде 1916 жылғы топалаң, азамат соғысы, 1921-22 жылғы аштық, 1928-29 жылдардағы тәркілеу, үркіншілік жылдар, 1931-32 жылдардағы аштық, 1937-38 жылдардағы саяси қуғын-сүргін – осының бәрі иісі қазақты баудай орап түсірді. Бірақ қанша қырғын, соғыс болса да рухы мықты ұлтымыз қырылып кетпеді. Уақытымен барлығы аяғынан тұрып, етек-жеңін жинап, бүгінгі тәуелсіздігімізге қол жеткізді. Қанша аяқтан тұрып, егемендік алдық десек те, өткен жылдардың қиын кезеңдері ешбір қазақтың есінен кетпестей азалы жылдар болып қалды. Тіпті сонау жылдары президент 1997 жылды «Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» ретінде жариялап, содан бері 31 мамыр «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын» еске алу күні болып саналып келеді.
Жалпы зұлматты жылдар болмағанда қазір халқымыздың саны отыз миллионнан асар ма еді, кім білсін? Бірақ қолдан жасалынған ашаршылықтың үдеуіне өз ұлтымыздың ішіндегі жандайшаптар да кінәлі. Неге десеңіз, кезінде сонау 1921-22 жылдарды Мұхтар Әуезов «Ашаршылықтың салдарынан халық қырылып барады. Алдын алайық. Күресейік!» деп жар салған болатын. Алашорда қайраткерлері де оны қолдап, ел ішінен екі жарым айдың ішінде он бес мың ірі қара мал жиып, аштық жайлаған өңірлерге таратып береді. Бұл туралы Тұрсын Жұртбай: «Мұхтар Әуезов бастаған Алаштың ұлдары Әлихан Бөкейхан, Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынұлы «Елді аштықтан қалай аман алып қаламыз?» деп күресіп жатқанда, Қазақ үкіметінің билігінде отырған Сейтқали Меңдешев бастаған большевиктер «Ашаршылық қауесетті таратып жүрген ұлтшылдар қарапайым шаруаның мұң-мұқтажын жоқтағансып, еңбекшілердің назарын өздеріне аудару үшін қасақана байбалам салуда» деп арызданып, жеделхаттар жолдап жатады» дейді жазбасында». Міне, осындай сатқын биліктің кесірінен халық үсті-үстіне қырыла береді. Тіпті халыққа қолұшын созып, көмек беріп отырған жұрттың мал-мүлкі де тәркіленіп, Ресеймен Қазақстанда қоныстанған орыстарға жеткені жетіп, жетпегені орта жолда сасып, шіріп жатады. Ал қазақ қырылғанның үстіне қырылып, амалсыздан бір-бірін жейтіндей сұмдыққа барады. Осылайша, қазағымыздың тең жартысы қырылып тынды.
Дегенмен де қазақтың басынан тарихи оқиғалардың кезеңдерін шатастырмауыз керек. Неге десеңіз, біз отыз бірінші мамыр – Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы деп аталған соң, көбіне ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарының басынан кешкен оқиғалары біруақытта өтті» деп шатастырып жатамыз. Тіпті отыз бірінші мамырдың бұл оқиғалармен қандай байланысы бар екенін ешкім білмейді. Бұл туралы тарихшы Талас Омарбеков кезінде мынадай пікір білдірген болатын «Бұл күннің не үшін таңдалғанын білмеймін. Және ол күні ашаршылыққа не болмаса қуғын-сүргінге қатысты ешқандай қаулы шыққан емес. Дәл сол күні ешкім атылмады да. Бірақ бұған дейін бұл күн «ашаршылық құрбандары күні» деп аталып келген. Бұл қисынға келеді. кейіннен бұл атау өзгертіліп, «саяси қуғын-сүргін құрбандары» деп аталып кетті. Бұл екеуі екі түрлі нәрсе. Шын мәнінде, ақпан айын «саяси-қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» деу керек еді. Мүмкін, аштан қырылып, денелері қысбойы қар астында жатып, көктемде жинап көмгендіктен, осы күнді алған шығар деп ойлаймын. Ашаршылық құрбандары кеңес үкіметінің әлеуметтік-аграрлық реформасының кесірінен қырылса, саяси қуғын сүргін құрбандары ұлтшылдар, контрреволюционерлер деген жаламен арнайы баппен атылғандар» дейді. Ал Тұрсын Жұртбай: «1921-1922 жылдардағы ашаршылық мүлде жеке баға алуы тиіс. Себебі, ашаршылықтан зардап шеккендер тек қазақтар ғана. Неге десеңіз, егер де ашаршылық тұтас бір Қазақстанда болатын болса, онда неге өзге ұлт өкілдері де аштан қырылып қалмады? Сондықтан біз бұл кезеңдер туралы жеке-жеке баға беріп, бөлек жоқтауымыз керек», – дейді.
Міне, тарихта біз білмейтін осындай деректер көп. Бұдан басқа да беймәлім, тың деректер зерттеле берсе әлі де шыға беруі мүмкін. Сол себептен де еліміздің әр өңірінде құрылған комиссия тағы біраз зерттеулер жүргізсе біз де, келер ұрпақ та ата-бабамыздың басынан өткен тың деректерге көз жеткізер деп сенеміз.