Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:08, 03 Мамыр 2022

Зұлымдықтың зауалы

None
None

Айдай әлемге танылған, атағы жер жаратын жазушының сүйекті   шығармасы жөніндегі елге беймәлім жағымсыз дерегіңді оқырманмен бөлісу қиын.

Аузының суы құрып, жұрттың бәрі мақтауын келістіріп тастаған көркем туындының кемшілігін көріп, оны әңгімеге тамызық еткен ғалымның, әдебиетшінің, һәм сыншының қоғамдық пікірге қарсы шығып қана қоймай, қалың бұқараның танымына күман келтіргендей күйге душар болатыны бар. Объективті және субъективті себептердің салдарынан, кейде халықтың көңіл көбелегі қонбаған шындықтар талғам таразысына салынбай, жекелеген адам  түгіл, қара ормандай, қалың оқырмандарды да адасушылыққа ұрындырады. Ең өкініштісі, шындықтың қақпағы ашылып, рухани қорек етіп келген «ботқаның» неден жасалғанына көз жеткен күнде де көп адамға сол ақиқатты мойындау оңайға соқпайды. Дегенмен кемшілігін бетіне басуға асықпай-ақ, нағыз шындықты мойындағысы келмейтін оқырманға түсіністікпен де қараған жөн. Өнердегі ұстаздары өмір бойы оған ұлылығы мойындалған ақын мен жазушы шығармашылығының жақсы жағына ғана назар аудартып, кез келген туындысының аяғын жерге тигізбей, көкке көтере дәріптеп, кейде оның поэмасы немесе романына онда мүлде атымен жоқ артықшылықтарды да жапсырып бақты. Шығарма табиғатына тереңірек үңіліп, жан-жақты талдаған дәлелдеріңізден кейін де талай оқырманның көңілінде орнығып қалған ойынан айнығысы келмей, өз пікірінде табандап тұрып алатыны да сондықтан шығар.  

Әсіресе, әдебиеттегі пікір таластыру әдебі қалыптаспаған мемлекеттерде талантты тұлғаның творчествосы туралы білдірген әлдекімдердің субъективті пікірі мәдениетті ой алмасудан гөрі, өз дәлелінен басқаға мойын бұрғысы келмейтін теке-тіреске, арсыз байбаламға, кейде, тіпті, бір-бірінің жеке басына тіл тигізуге дейін баратын өшпенділікке ұласып жатады. Сондықтан да жазушы шығармашылығына сауатыздықпен таңылған жалған танымның арқасында, атағы шыққан кейбір қаламгерлердің творчествосын зерттеп, көңіл орамалыма түйген, жұрттың бәріне жаға бермейтін тікенек ойларымды күнделігіме түртіп қоятын үйреншікті әдетім бар. Жылдар өткеннен кейін беттері сарғая бастаған күнделігімді шолып шыққанымда, осыдан біраз уақыт бұрын санамда жарқ ете қалған ой ұшқыны  бір үлкен дүниені жазуға итермелей түседі. Бүгін де жазатын тақырып іздеп, күнделігімді қолыма алдым.

Сенбі. Сағат тілі құмырсқадай жылжып, түнгі он екіден асып барады. Арқаның долы желі ышқына соғып, үйге жіберуімді өтінгендей, әлсін-әлсін тереземді тықылдатады. Үстел басында қоңырайып отырғаныма екі сағаттан асып кетсе де, біраз жылдан бері жаныма тыныштық бермеген ойымды қағаз бетіне түсіре алмай, қиналып, қаламым жүрмей қойды.   

Тоқырап қалмау үшін шығармашылық адамы тау-тау кітап оқып қана қоймай, көңіліне тоқығандарын түртіп, үнемі ізденіс үстінде жүруі тиіс. Абайлаңыз, шығармашылықтан қол үзіп кетсеңіз, жаныңыз семіріп, миыңызды май басады. Және тоқмейілсімей, бір жазғаныңызды, егер қиюы келіспей тұрғанына көзіңіз жетсе, өңдеуден, жөндеуден, күзеу мен түзеуден, тіпті, керек болса, жыртып тастап, бәрін қайтадан бастап, жаңадан жазып шығудан да ерінбеңіз. Шабыттың құдіретіне сене бермеңіз. Еңбек етпесеңіз, ол да бір күні шау тартып қалуы ықтимал.

Талантты құртатын – жалқаулық. Егер туындыңызға тамызық болатын идея таба алмай, қиналсаңыз, күнделік жазыңыз. Әдебиеттегі ұлы ақын-жазушылардың бәрі де көңіл айдынына қонған ойларын, күнделігіне түртіп отыруды қалыпты дағдыға айналдырған. Тәуекел етіп, орыстың талантты жазушысы Михаил Афанасьевич Булгаковтың «Шебер мен Маргарита» романы туралы біраздан бері ойымда жүрген эссемді бастауыма да осыдан бес жыл бұрын күнделік бетіне қалдырған жазбаларым түрткі болды.   

 ««Булгаковтың жазған шығармаларының «Ақ гвардиясынан» басқалары маған қатты әсер ете қойған жоқ. Менің ойымша, Булгаковты ұлы суреткер Гогольдің рухани ізбасары ретінде бағалап жүрген орыс сыншылары қатты қателеседі. Қоғамның жалған болмысын әшкерелеген Гоголь туындыларында халықтың жанын түсінуге ұмтылған, оған аяушылық сезіммен қараған, келешегін ойлап күйзелген, батып бара жатқан батпақтан шығарып алуға ұмтылған Құдайлық сәуле бар.  Булгаковта мүлде басқаша.

      Жазушының «Иттің жүрегі» повесінен оның қарапайым орыс халқын жек көретін сезімі қылаң беріп қалады. Булгаков – зиялы қауымның жыршысы. Бірақ сол зиялы қауым өкілдерінің де халықтың арасынан шыққанын ұмытуға болмайды ғой. Ендеше, повесте тек профессор Преображенскийдің ғана халықтың күні мен парасаты болып суреттелуі қаншалықты дұрыс? Халықты дәл осындай жағдайға жеткізген зиялы қауымның өзі емес пе?

     Булгаков өз заманының шындығын жақсы суреттеген – беллетрист, бірақ терең ойлы жазушы емес. «Шебер мен Маргарита» романында да Інжілдегі ізгілікті ойды бұрмалап, бүкіл бір ұлттың дінін қорлап, мазақтағандай болады. Романдағы сайтанға Құдайдың қызметін атқартып қойған ойы да көңіліме қонбайды.  

Егер Гогольдің шығармаларында аяушылық сезімі басым болса, Булгаковта керісінше, өш алу поэзиясы үстемдік етеді. Оның туындыларындағы өшпенділік билікке ғана емес, қарапайым халыққа да қарсы бағышталған». («Көңіл күнделігі» 2012 жылдың 14 желтоқсаны)  

Әлемге әйгілі орыс жазушысы Михаил Булгаков жайында, әсіресе, оның «Шебер мен Маргарита» романы туралы мақала жазамын деген ой күні кешеге дейін үш ұйықтасам да түсіме кірмеген еді. Әңгімеміздің ауанынан менің Булгаковтың талантына көзсіз табынатын оқырмандардың сойынан емес екенімді байқаған да боларсыз. Қабілеті күшті жазушы екенін мойындағаныммен «Шебер мен Маргарита» романы арқылы халықтың  санасына сыналап сіңіруге тырысқан зиянды идеясын қабылдай алмаймын, орыс әдебиеттанушылары Игорь Золотуский мен Дмитрий Быковтардың «Булгаков талантты болғанымен, ұлы жазушы емес» деген пікірлерімен толық келісемін.

          Бес жыл бұрын мұндай байламға тоқтам жасағанымда жазушы жөнінде жарық көрген көптеген ғылыми мақалалар мен зерттеулерден бейхабар болатынмын. Ішкі бір түйсікпен сезген ойымның қаншалықты дұрыс екеніне көз жеткізу үшін өз бетімше, ізденіп, мүйізі қарағайдай, ғалымдар мен әдебиет зерттеушілерінің еңбектерімен танысып шығып, өз пайымдауымның шындық екенін анықтағанымда, жерден кесек алтын тапқандай қуандым. Әсіресе, Сталинге ықпал ету үшін «Шебер мен Маргарита» романын жазып, зұлымдықтың жаршысы болып кеткенін түсінгенімде, Булгаковтан мүлде  көңілім қалды. Содан бері ол жайында ойламауға тырысып жүретінмін.  

Алайда, таяуда әлеуметтік желіде жарияланған мақала мен оның шығармашылығына сүйсінген оқырмандар пікірін шолып шыққан соң, Булгаков туралы білетін деректерімді сана сүзгісінен өткізіп, қолыма қалам алып, қоғамдық пікірге қозғау салу үшін ойымды ортаға салуды мақұл көрдім.  

Жалпы, атағы айдай әлемге дүркіреп, шығармашылық тұлғасы «култьке» айналған қаламгердің қандай да бір туындысы ұнамаса да, оған қатысты пікірін білдіруге қарапайым оқырман түгіл, білікті сыншылардың да кейде жүрегі дауалай бермейді. Көпшілікке ұнамайтын ойын ортаға салған  адамның азшылықтың ішінде қалып қойып, орнығып үлгірген қоғамдық пікірге қарсы шыққандай, күйге душар болатыны бар. Сондықтан да көп адам өз ойын батыл білдіргеннен гөрі, жұрттың сөзін қайталап, бәрін де мақұлдап, бәріне де басын изеп, тыныш жүргенді ақыл санайды. Бір жағынан, оларды түсінуге де болады. Қоғамдық пікір қате болса да оған қарсы шығу еш уақытта да сыншыға абырой әпермейді. Кім өзінің сау басына сақина тілеп алғысы келеді, дейсің. Халқымыздың «көп қорқытады, терең батырады» деген даналығын осындайда еріксіз есіңе алмасқа амал кем.     

 «Шебер мен Маргарита» романы – қазақтың мәдени элитасының да  сүйіп оқитын туындысы болғандықтан, мен де күні бүгінге дейін атақты шығармаға қатысты субъективті пікірімді ашық білдірген емеспін. Өз басым қарапайым халық түгіл, романды оқыған зиялы азаматтарымыздың да ишарамен, символдық көріністер арқылы айтпақ болған жазушының адамзатқа қауіпті идеясына мән бермек түгіл, оны түсінгеніне күмәным зор.  Бірақ сол үшін шығарманың идеялық тағылымына терең бойлай алмаған жұртты кінәлаудан аулақпын. Себебі, жазылу формасы, күрделі стилінің өрнегі мен баяндау тәсілі, т.с.с. барлығы қаламгердің басқа туындыларының бірде-біреуіне ұқсамайтын «Шебер мен Маргарита» мына біз сияқты қарапайым халыққа арналып жазылған роман емес. Объективті және субъективті себептерге байланысты бұл шығарма белгілі бір адамға, (керек болса, мен, тіпті, оның атын да айтып берейін) пролетариат көсемі Иосиф Виссарионович Сталиннің көзқарасына ықпал ету мақсатында жазылды.

Жалғасы бар...  

Тегтер: