Зұлымдықтың зауалы

(Жалғасы. Басы мына жерде)
Жазушы мен тиран. Біреуі – қалам құдіретіне сыйынып, әлемге ізгіліктің шуағын шашса, екіншісі – әлі күнге дейін қолындағы өктем билігінің арқасында, халықтың көзін қасіреттен ашқызбай жүр.
Көне тарихты ойша шолып өтсеңіз, жазушы мен тиранның тіл табысып, бір үйдің баласындай, тату-тәтті өмір сүрген заманы болмағанына кезекті рет көзіңіз жете түседі. Дәурені өткенде, алдамшы сағымдай, көзден бұлбұл ұшатын билігіне ғана сенетін диктаторлар ұлттың жанайқайы болып табылатын әдебиеттен өлердей қорқып, репрессиялық цензураны енгізіп, азат ойлы жазушыларды көздерінен таса қалдырмай, үнемі оларды қырағы бақылауда ұстап келеді. Өйткені нағыз әдебиет құлдықтың пердесін жұлып тастап, өтірік идеологияның күлін көкке ұшырады, пенде баласының надандығы туғызған кедергілерді бұзып-жарып өтіп, адамға азаттықтың рухын сыйлайды.
Қолдан ашаршылық ұйымдастырып, жұртты қынадай қырып, айуандықтан да асып түсетін жазалаулардың сорақы түрлерін ойлап тапқан қатыгез Сталин де халықты құлдықта ұстаған советтік идеологияға төнетін қауіптің әдебиет жақтан келерінен қатты күдіктенді. Нағыз сөздің өзегінде тоталитарлық жүйеге қарсы атылатын оқтың жататынын сезген тиран ақындық мінезі, азаматтық ұстанымы, ең бастысы таланты бар қаламгерлерді құрметтейтін түр танытып, олардың көзіне өнерді түсіне алатын жақсы басшы болып көрінуге тырысты. Ең қызығы, диктатор алдына түсіп, құрақ ұшатын жағымпаздарға, жеке басына табынып, сөзден сарай соққан жалпақшешейлерге емес, ақылды ойын батыл жеткізуден қаймықпайтын, жүрегінде қайраты бар шығармашылық адамдарын өзінің жағына қаратып алуға зор мән берді.
Жазушы Булгаков пен тиран Сталиннің арасындағы «достық» қарым-қатынастың алғашқы кірпіші өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының аяғында қалана бастағаны тарихтан мәлім. Екеуінің бір-бірімен жақынырақ танысуына 1926 жылы ОГПУ қызметкерлерінің қаламгер пәтерінің астаң-кестеңін шығарып тінту жүргізіп, «Иттің жүрегі» повесінің қолжазбасы мен күнделігін тәркілеуі себеп болды. «Іштен шыққан шұбар жылан» болғандықтан, қандай қаламгер ұзақ жылдар бойы толғатып туғызған туындысынан тірідей айырылғысы келеді дейсің. Басқа біреу болса, советтік билікті аяусыз масқаралаған шығармасын қайтарып алуға әрекет етпек түгіл, адасқанын мойындап, ант-су ішіп, аман қалғаны үшін қаһарынан қар жауған қызыл империяның аяғына жығылып, кешірім сұрар еді-ау. Булгаков болса, күнәсін мойындамақ түгіл, керісінше, жоғары жаққа қайта-қайта шағымданып, ақыр соңында, ресми билік повестің қолжазбасын да, күнделігін де оған қайтарып беруге мәжбүр болды. Иә, бұл советтік билікпен теке-тіреске түскен суреткердің алғашқы және ең ақырғы жеңісі еді. Бірақ байғұс Булгаков осыдан кейінгі «айқастардың» бәрінде де рухының қорланып, үнемі биліктің мазағына ұшырап Сталиннің қолындағы қуыршаққа айналатынын, қайдан білсін...
Биліктің, әсіресе, жендетке айналған зорлықшыл тиранияның айдаған жағына жүргісі келмей, азуын көрсетіп, айбат шеккен жазушыны аяғанын қашан көріп едіңіз, қымбатты оқушым. Жазушыға деген қандай ұйып қалған өшпенділігін жүрегінде сақтап жүрген Сталин 1928 жылдың ақпанында «Красная звезда» газетінің редакторы Феликс Яковлевич Конға жазған хатында Булгаковтың «Қашу» пьесасына «антисоветтік құбылыс» деген баға береді. Диктатордың аузынан шыққан әр сөзге мән беріп, оны басшылыққа алып отырған ресми билік осыдан кейін жазушының театр сахнасында қойылып жатқан пьесаларының бәрін репертуардан алып тастап, туындыларын басуға қатаң тыйым салды. «Байтал тұрмақ, бас қайғы» болып, күнін көре алмай қалған қаламгерге бұдан өткен қандай азап пен қорлық болуы мүмкін? Айтыңызшы қандай? Тиранның шығарған қорқынышты үкімі құлақтарына жеткенде, дос түгіл дұшпандары да Булгаковтан теріс айналып кетті. Кімге мұңын шағарын білмеген жазушыға бұралқы иттей, қыңсылап, аштан өлуден басқа амал қалмады.
Мейлі ғой, егер ойыңа алған ісіңді табысты аяқтап, қиялыңның бесігін тербеген шығармаларыңды жазып үлгерсең, өлім де соншалықты қорқынышты құбыжықтай, көрінбес еді-ау. Бәрінен бұрын, жазатайым көз жұмса, махаббат үшін бұрынғы күйеуі сыйлаған жақсы өмірін мансұқ етіп, жазушының құшағына құлаған және оның бойындағы талантына кәміл сеніп, барлық әйелдің арманы болып табылатын барақат тіршілігінен бас тартқан жұбайы Елена Сергеевнаның жағдайының нешік болатынын ойласа, екі дүниеден де безіп кеткісі келеді. Қайтпек керек? Тығырықтан шығудың бір-ақ амалы қалды, ол – нағыз жазушы болу жолында көрген бейнетін тәпіштеп баяндап, ақындық тағдыры ашса алақанында, жұмса жұдырығында тұрған Сталинге хат жазу. Дегенмен миллиондардың өмірін отқа тастайтын ағаштай, пешке лақтырған жауыз жазушының жанайқайына құлақ аса қояр ма екен? Тәуекел! Басын жоғалтқан пенде, шашын жоқтап жыламайды.
«1929 жылдың шілдесі. Мәскеу.
Партияның Бас хатшысы И.В.Сталинге
Комитеттің атқару орталығының төрағасы М.И. Калининге
Өнер басқармасының бастығы А.И. Свидерскиге
Алексей Максимович Горькийге
Михаила Афанасьевич БУЛГАКОВТАН
(Мәскеу, Б. Пироговская, 35/а, 6 пәтер, т. 2-03-27)
ӨТІНІШ
Биыл менің Совет одағында әдеби жұмыспен шұғылдана бастағаныма он жыл толады. Осы өткен уақыттың соңғы төрт жылын драмматургияға арнап, 4 пьеса жаздым. Соның үшеуі («Турбиндердің күндері», «Зойканың пәтері» және «Қызыл арал») Мәскеудегі мемлекеттік театрлардың сахнасында қойылды, ал төртіншісі «Жүгіруді» МХАТ қоюға тәуекел еткенімен, Театр онымен жұмыс істеу процессін бастаған шақта, оған да тыйым салынды.
Қазіргі уақытта мен «Турбиндердің күндері» мен «Қызыл аралды» қоюға да тыйым салынғанынан хабардар болып отырмын. Екі жүз рет көрермен тамашалаған «Зойканың пәтері» де былтырғы жылдың маусымында биліктің үкімімен сахнадан алып тасталынды. Міне, осылайша, қазіргі театр маусымының қарсаңында менің барлық пьесаларымды сахнаға шығаруға рұқсат етілмеді, олардың ішінде көрермен талғамының сынағынан өтіп, үш жүз рет көрсетілген «Турбиндердің күндері» де бар.
1926 жылы «Турбиндердің күндері» қойылымының бас дайындығында мені ОГПУ қызметкерлері ұстап әкетіп, жауап алды. Бірнеше ай бұрын ғана олар менің пәтерімде тінту жүргізіп, күнделігімді және үш дәптерге толтырылған «Иттің жүрегі» атты сатиралық повесімнің қолжазбасының жалғыз данасын тәркілеген болатын.
Соның алдында ғана менің «Манжеттегі жазбалар» повесімнің жолы кесілді. Сатиралық әңгімелерден тұратын жинағым «Сайтаннаманы» да қайта шығаруға рұқсат етілмеді, фельетондар жинағымды да баспай қойды, «Чичиковтың кезбелігі» шығармамды да шығартпай тастады. «Ақ гвардия» романымды «Ресей» журналы басып жатқан жерінен тоқтатып тастап, кейін журналдың өзін де жауып тынды.
Шығармаларым жарық көрген сайын Совет сыншыларының маған деген назары арта түсіп, менің бірде-бір туындыма, мейлі ол беллетиристикалық дүние немесе пьеса болсын, мақұлдаған пікір түгіл, қайта керісінше, менің есімім ССРО мен шет елде танымал бола түскен сайын, маған қарсы үздіксіз балағат өрттей өршіп барады.
Менің барлық туындыларыма адам шошырлық, жағымсыз баға берілді, менің атым тек мерзімді басылымдарда ғана емес, сондай-ақ Үлкен Советтік Энциклопедия мен Әдеби Энциклопедияда да масқараланды. Қорғануға дәрменім қалмаған мен, ең болмағанда, қысқа мерзімге шет елге кетуге рұқсат сұрап өтініш жаздым. Өтінішім қанағаттандырылмады.
Менің «Турбиндердің күндері» мен «Зойканың пәтері» туындыларым ұрланып, шет елге әкетілді. Рига қаласындағы басылымдардың бірі менің «Ақ гвардия» романымды толықтырып, өте сауатсыз аяқталған туындыны менің атымнан басып, жарыққа шығарды. Менің шет елден алуға тиіс қаламақым талан-таражға түсті.
Сол кезде менің әйелім Любовь Евгениевна Булгакова жұмыстарымды реттеу үшін екінші мәрте өтініш жазды, мен оған ол жақта кепіл тұтқын ретінде қалуды да ұсынғанмын.
Біздің арызымыз тағы да қанағаттандырылмады.
Мен бірнеше мәрте ГПУ тәркілеген қолжазбаларымды қайтаруды сұра, п арыз жазғаныммен, ол шағымым да қанағаттандырылмады, өтінішіме жауап бермеген де жағдайлар болды.
Мен ССРО шекарасынан тыс жерде талан-таражға түсуден қорғау үшін, «Жүгіру» пьесамның шет елге жіберуге рұқсат сұрадым. Оған да рұқсат етілмеді.
Жиырмасыншы жылдардың аяғына таман менің күш-қуатым сарқылды, әрі қарай қалай тіршілік етерімді білмей, әбден титықтап, ССРО шекарасынан басқа жерде шығармаларымның басыла және пьесаларымның қойыла алмайтынын біліп, жүйкем тозған мен Сізге өтініш жасап, менің арызыма толық қосылатын жұбайым Л.Е.Булгаковамен бірге бізді ССРО шекарасынан шығарып, шет елге қуып жіберуге ықпал етуіңізді сұраймын.
М Булгаков.
Мәскеу. Шілде, 1929 жыл».
Жан-дүниесі күйзеліп, қаламын қанды жасына малып отырып жазған, көрген қорлығы, шеккен азабы сипатталған аянышты хат Сталинге жолданды. «Шет елге қуып жіберуге ықпал етуіңізді сұраймын» деген жалынышты тілекті айтуға дейін барған Булгаковтың қандай күйге ұшырағанын көз алдыңа елестетудің өзі аянышты. Мұндай тілекті, тіпті, тілектен гөрі кекесінге ұқсайтын сөздерді, анау-мынау емес, тиранның бетіне басып айтып салу өмірін өлім бәйгесіне тіккенмен пара-пар ақымақтық емей, немене.
Сынаптай сырғанап, күн артынан күн өтті. Жоғары жақтан жауап болмады. Әлде, Сталин жазушының хатын оқып шығуға уақыт таба алмады ма? Жо, жоқ. Мүмкін емес. «Турбиндердің күндері» пьесасын көру үшін театрға баруға он алты рет мүмкіндік тапқан залымның жазушының бір жапырақ арызымен танысып шығуға мұршасы болмағанына кім сенеді? Ендеше, ұзаққа созылған үнсіздіктің артында бір үлкен гәп бар. Ол не гәп?
Жарты жылға созылып, жанын қажаған үнсіздіктің бітпейтін сыңайына көзі жеткен Булгаков енді, 1930 жылдың наурызында үкіметке хат жазды. 11 бөлімнен тұратын кезекті хатты толық аудармай-ақ, мазмұнын ғана баяндап, әңгімемізге қатысты кей тұстарын ғана тәржімалап берейік. (Хаттың толық мәтінімен танысқысы келгендер оны мына сілтемеден оқи алады: http://www.kulichki.com/inkwell/text/hudlit/ruslit/bulg/bulgakov.htm ).
Үкіметке жолдаған хатында да Булгаков жазған туындыларын баспайтын, пьесаларын қоймайтын, ешбір мекеме жұмысқа да алмайтын елде өмір сүрудің мүмкін емес екенін тілге тиек етеді. Хатының соңын тағы да «Шұғыл түрде ССРО-дан кетіп қалуға рұқсат берулеріңізді сұраймын» деп аяқтайды.
Булгаковтың батылдығы таңғалдырады. Ол ештеңені жасырмай, ойын ашық айтты. Тіпті, өзін коммунистерге бүйрегі бұрып тұрған жазушы ретінде көрсетуге тырыспайды да. Күлбілтелемей, немесе түлкібұлаңға да салынбай, советтік режимді қолдамайтынын да анық жеткізеді. Коммунистік пьеса жаза алмайтынын да жасырмайды. Булгаковтың бойындағы зиялылық қасиет оған осының бәрін істеуге кедергісін келтіріп тұр. Ол – биліктің құлақкесті құлы болудан бас тартып, тәуелсіздігін сақтап қалғысы келеді. Сол уақыттағы советтік баспасөздің Булгаков шығармашылығына деген көзқарасының қандай болғанына көз жеткізу үшін, біз осы хаттың екінші бөлімінің кейбір жерлерін аударып бергенді жөн санадық.
«Альбомымдағы қиындыларымды қарап отырып, әдеби жұмыспен шұғылданған он жыл мерзімде ССРО-дағы баспасөзде мен туралы 301 пікір жазылғанын анықтадым. Олардың ішінде: мақтағаны – 3, балағаттап, жамандағаны – 298.
Соңғы 298 пікір менің жазушылық өмірімнің айнадағы көрінісі болып табылады. «Турбиндердің күндері» пьесамның кейіпкері Алексей Турбин баспасөзде жарияланған өлеңде «Иттің баласы» деп әжуаланып, ал пьеса авторы «кәрі итке» теңелді. Мен жайында ішіп-жегенін құсып кеткен қонақтардың қалдығын жинайтын «әдебиеттің сыпырушысы» деп те жазылды. Ондай былай делінген:
«… Мишка Булгаков, менің тамырым, осылай дегенім үшін ғафу өтінемін, жатып қалған қоқысты тіміскілеп жүр… Бауырым-ау саған не болған деймін мен оған… Мен өте ибалы адаммын, легенді алдым да артынан бір-ақ ұрдым… Итке кеудешенің қалай керегі болмаса, бізге де Турбиндердің қажеті шамалы… Табылды ғой иттің баласы. Жолы болмағыр Турбиннің осындайда табыла қалғанын қарашы..» («Жизнь искусства», N44-1927 г.).
Булгаков жөнінде «көн қатса қалыбына келетін, улы құсығын жұмысшы табы мен коммунистік идеалдарға қарсы шашыратқан жаңа буржуазияның қалдығы» деп те жазды. («Комс. Правда», 14/X-1926 г.).
Маған «әйелінің төңірегіндегі иттердің тойын ұнатады» деп те айтты (А. Луначарский, «Известия», 8/X-1926 г.) және менің «Турбиндердің күндері» пьесамнан сасық иіс шығатыны да хабарланды (1927 жылдың мамырындағы Агитпроп жанындағы кеңестің хаттамасы), және тізе берсем осы сияқтылар өте көп...».
Әрі қарай Булгаков айтылып жатқан сындардың жай-жапсарына тоқтала келіп, жазған пьесалары арқылы жеткізбек болған ойларын сыншылардың түсіне алмағанына тоқталады. Совет билігінен күдерін үзген қаламгер хатының соңын былай түйіндейді.
« Мен ССРО үкіметінен әйелім Любовь Евгеневна Булгаковамен бірге ССРО шекарасын тастап кетуге бұйрық беруін сұраймын.
Мен совет билігінің адамгершілігіне үміт артып, өз елінде пайдасы жоқ жазушыны бостандыққа жіберуін сұраймын».
Екінші хат та жолданды. Сынаптай сырғанаған көңілсіз күндер де жылжып өтіп жатты. Жауап болмағанына қапаланған Булгаковтың өміріндегі ең азапты күндер басталды. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды, ішкені ірің, жегені желім болды. Уайымнан жаны жүдеп, қайғыдан жүрегі қарайып кетті. Мүмкін, қабағынан қар жауған, қаһарлы билікке айбат шегіп, мінез көрсетудің керегі жоқ па еді? Жеке адам түгіл, тұтас қоғамның қабырғасын қақыратып жіберген зұлым билікке сес көрсететіндей, кім еді ол, соншама? Жо, жоқ, біз қателесіппіз, адам төзгісіз қорлық пен азапқа шыдаған жазушының әлі де мына жалғаннан көретін жарығы бар екен. Бірнеше айдан соң, шайтан үміттің соңғы тірегі сынғандай болғанда, күтпеген жерден Булгаковтың пәтеріндегі телефон таяқ жеген баладай, шырылдап қоя берді. Хабарласып тұрған анау-мынау емес, пролетариат көсемі Иосиф Виссарионович Сталиннің өзі екен. Төбесінен жай түскендей болып, есеңгіреп қала жаздаған Булгаков мұндайды мүлде күтпеген. Сенерін де, сенбесін де білмеген әлі де көңіліндегі тарқай қоймаған күдіктен арыла алмаған ол телефон тұтқасына желімдей, жабыса түсті. Жо, жо, жоқ, жалғыз ол ғана емес, миллиондаған адамдардың барлығына да жақсы мәлім – тиранның дауысын жазушы жазбай таныды. Сталин алған беттен бастырмалатып, Булгаковты тақымдай ала жөнелді. «Сіздің елден кеткіңіз келіп жүр ме? Немене біз сізді қатты шаршатып жібердік пе?» деген сауалды төтесінен қойып, оны әбден сасқалақтатып тастады. Не айтарын білмей, абдырап қалған Булгаков орыс жазушысының Ресейде тұруы керек екені туралы ойын жеткізіп, Көркем театрда істегісі келгенімен, ешкім де оны жұмысқа алмай жатқанын хабарлап, мұңын шақты. Сталин болса: «Сіз тағы да оларға өтініш беріп көріңіз. Олар келіседі деген ойдамын. Бізге кездесіп, сөйлесу керек еді», – деп жауап береді. Булгаков та «Иә, иә Иосиф Виссарионович! Менің сізбен міндетті түрде әңгімелесуім керек» деп алғысын жаудырады. «Дұрыс айтасыз. Уақыт тауып, әңгімелессек жақсы болар еді» деп Сталин әңгімесін түйіндеп, телефон тұтқасын қоя салады.
Ертеңіне таң атпастан, Булгаковқа Мәскеудің Көркем академиялық театрынан хабарласып, оны жұмысқа шақырады. Бірақ, шын мәнісінде, диктатор Сталиннің бұл әрекетінің артында Булгаковты қорлап, оған өмірлік «тағылым» болатындай сабақ беруді көздеген жымысқы саясат жатты. Диктатор бір жағынан, Булгаковқа шығармашылық адамымен мәдениетті диалог жүргізіп, суреткерді түсіне алатын тұлға екенін көрсеткісі келетін түр танытқандай болады.
Негізінен, Сталин диктатор болса да, қай заманда да өнерде тарақандай, қаптап жүретін жағымпаздарды емес, өз ұстанымы, көзқарасы бар шығармашылық адамдарына құрметпен қарайтын. Жағымпаздар заман өзгере қалса, бір күнде сені сатып кетеді. Оларға еш уақытта сенудің қажеті жоқ. Ал өмірлік ұстанымы, болып жатқан оқиғаларға байланысты көзқарасы бар адамдардан көп нәрсе үйренесің. Нағыз шындықты да негізінен, солар айтады. Жалпы, Булгаковтың ресми билікке деген көзқарасын жасырмай, оны ашық білдірген санаулы қаламгерлердің бірі болғанын айта кеткеніміз абзал. Мысалы, ол үкіметке жазған хатында өзін коммунистерге жаны ашитын жазушы ретінде көрсетуге тырыспайды. Тіпті, хатта өзінің ырыққа көнгісі келмейтін қиқар мінезі үшін ақталғысы келген бір ауыз сөз жоқ. Коммунистік шығарма жаза алмайтын жазушы екенін де ашық мойындайды. Міне, осындай турашылдығы үшін оны Сталин ұнатқан болуы тиіс. Айталық, Булгаковтың «Турбиндердің күндері» пьесасын диктатор он алты рет тамашалап, социалистік реализмнің талабына жауап бермейтін туынды болғанына қарамастан, жоғары бағалады. Диктатор советтік шығарма жаздыртуға Булгаковты көндіре алмайтынын сезіп, енді қандай жолмен болса да оның рухын қорлап, сағын сындырудың амалын қарастыра бастады. Қанішер тиранның әйгілі қаламгерге телефон шалып, оны үміттендіріп қоюы көзбояушылық әрекет қана болатын. Әйтпесе, осы оқиғадан кейін Сталиннің ниет танытып, Булгаковпен кездесіп әңгімелеспек түгіл, бір рет те жазушыға телефон шалмай қойғанын қалай түсінеміз? Ал Булгаков диктатордың көмегімен болса да жұмысқа тұрғанымен, бірде-бір шығармасын газет-журналдар баспай қойды. Өзіне байланысты орын алып жатқан жағдайлардың бәріне де Сталиннің қатысы жоқ екеніне сенімді болған қаламгер өмірінің соңына дейін Сталинмен кездесіп, шерін тарқатып әңгімелесуді армандап өтті. Шарасы таусылған Булгаков 1931 жылы пролетариат көсеміне тағы да хат жазды. «Сіздің менің бірінші оқырманым болғаныңызды қалар едім», деп жалынады осы жолғы жазған хатында Булгаков.
Жалпы, Ресей тарихында патшаның ықылас танытып, ақынның бірінші оқырманы болуы соншалықты шетін оқиға емес. Мысалы, 1826 жылдан кейін Ресей патшасы Бірінші Николайдың орыстың ұлы ақыны Пушкиннің бірінші оқырманы, әрі цензоры болғаны мәлім. Булгаков жазған хатында патша мен ақын арасында болған осындай жүйені қалпына келтіріп, оны қайта енгізуді ұсынады. Сталин өзіне көрсетілген «мәртебелі» құрметтен бас тартады. Жазушының зұлым билікпен қалай асқақ сөйлескенін көрсету үшін осы хаттың әңгімемізге тікелей қатысы бар тұсын аударып бергенді артық көрмедік.
«Ресейлік сөз өнерінің алып алаңында мен жалғыз қалған әдеби қасқырға айналдым. Маған жүнімді бояп тастауға кеңес берілді. Мағынасыз кеңес. Боялған қасқыр ма, жүні қырқылған қасқыр ма, ол бәрібір қанден бола алмайды. Маған қасқырға қарағандай көзқарас қалыптасып отыр. Бірнеше жыл бойы мені әдеби жабайылықтың ережесі бойынша сынап, сырты қоршалған аулада қудалап келеді. Менің ешкімге деген өшпенділігім жоқ, бірақ мен қатты шаршадым. Аң да шаршайды емес пе. Енді, міне, сол аң өзінің қасқыр емес, әдебиетші екенін мәлімдеді. Өзінің қызметінен бас тартты. Үндемей қойды. Бұл дегеніміз – турасын айтқанда, рухсыздық. Үндемей қоятын жазушы болмайды. Егер үндемей қойса, ол нағыз жазушы емес. Нағыз жазушының үндемей қойғаны – өлгені». (Хаттың толық мәтінін мына сілтемеден оқуға болады. http://www.famhist.ru/famhist/sarn_st_po/001f5941.htm ).
Өкінішке қарай, мінез көрсетіп, азаматтық ұстанымын білдіріп, батылдық танытқан қаламгер хатының соңында мүләйімсіп «Иосиф Виссарионович, менің жазушы ретіндегі ұлы арманым сіздің қабылдауыңызға кіру болып табылады. 1930 жылдың сәуіріндегі телефон арқылы болған әңгімеңіз менің есімде қайталанбас ізін қалдырды» деп, диктатордың қолын сүйгендей, кейіпке түседі. Ресми жауап берілмесе де бұл хат Сталиннің қолына тиген болуы ықтимал. Себебі осыдан кейін Булгаков пьесаларының қайтадан театр сахнасында қойылуына жол ашылды. Солай бола тұрғанымен Сталин мен Булгаковтың арасындағы жақсы қарым-қатынас кейіннен қайтадан нашарлап кеткені аян. Дегенмен тиран мен жазушының бір-бірімен қарым-қатынасы о бастан жақсы болды деп айту қиын. Олардың бір-біріне деген «ілтифатын» мысық пен тышқанның ойынына ұқсатуға болады. Әрине, қалыптасқан жағдайда кімнің мысық, кімнің тышқан екені айтпаса да түсінікті. Өзінің кім екенін жақсы білетін Булгаковқа ақылды тышқан болуы керек еді. Ол болса әпенделік танытып, Сталиннің ресми жауабын күтпей жатып, шет елге кетудің қамын ойластырып, құжаттарын реттеуге кірісе жөнелді. Булгаковқа талай «жақсылық» жасаған Сталин жазушының кезекті «еркелігін» кешіре алмады.
Жалғасы бар...
Оқи отырыңыз: Зұлымдықтың зауалы