Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:00, 19 Сәуір 2024

Ескерткіштер – егіз қозы емес

Керей Жәнібек
Фото:

Осы кезге дейін «Ескерткіш – елдіктің белгісі» деп келдік, алда да солай айтамыз ба, білмейміз.

 Иә, кейде үңги, үңіле қарасаңыз, қазіргі зымыран уақыттың қатаң талабы мен халық бұған қалай қарайды, о жағын да орнықты ойластыру қажет тәрізді...

Бірақ не десек те, «Жас Алаштың» осы жылдың 6 ақпанындағы «Совет көсемдері Назарбаевтан бақыттырақ» атты мақалада (Авторы – Қанат Тілеухан) сөз болғандай, «Ескерткіш ұлы тұлғаларды мәңгілік ұрпақ жадында қалдыру үшін қойылады».

Мақаланың бір әттегенайы, «тіпті Дінмұхамед Қонаевқа да көзінің тірі кезінде тастан мүсін орнатты емес пе?» деген сөзі. Мұнысы, негізінен, рас. Алайда бұл мәселенің ақиқаты былай. Кеңес өкіметі билік құрған шақта арнайы заң дейміз бе, үкіметтің шешімі, қаулысы дейміз бе, соның негізінде екі рет Социалистік Еңбек Ері, екі мәрте Кеңес Одағының батыры атанғандардың туған елі, жерінде кеуде мүсіні (ескерткіш емес) қойылатын. Сол үрдіске сәйкес, Алматы шаһарында тұрған үйіне жақын жерде кеуде мүсіні орнатылды, онда көзі тірі еді. Бұл жерде Димекең кінәлі емес, ол кездің заңы солай болатын.

Енді осы нөмірдегі «Қазақтың жаны» айдары аясындағы Сұлтан Хан Аққұлұлының «Мемлекет атасы Назарбаев емес, Бөкейхан» деген жазбасына келейік. Автордың белгілі алаштанушы екенін білеміз, сол жолда талмай тер төгіп келе жатқаны да көпшілікке мәлім. Әйткенмен, оның қызды-қыздымен «Қазір Қазақстанда кім көрінгенге ескерткіш қоятын болған... Қаттырақ айтқанда, ит пен құсқа да ескерткіш қойылып жатыр» дегенімен келіспейміз. Сонда қалай, осы заманғы Түрік Республикасының негізін қалаған (өткен жылы 100 жылдығы аталып өтті), аса көреген саясаткер Мұстафа Кемал Ататүрік кім көрінгеннің бірі ме? Сол сияқты ұлы гуманист, туған еліне арнаған ерекше еңбегін бүкіл әлем мойындаған, Үндістанның азат мемлекет атануы үшін барын, жанын аямаған Махатма Гандиді де кім көрінгеннің қатарына жатқызамыз ба? Генерал Шарль де Гольдің де аты, атағы әлі күнге дейін Францияда үнемі аспандап, асқақтап тұрады. Ал «Битлз» тобының музыка мәдениетінде өзіндік төңкеріс жасағаны өтірік пе? Иесіне аса адал ит пен тұяғымен от шашқан тұлпарларға әр-әр елде ескерткіш тұрғызылғаны да белгілі.

Қазақстан бейбітшіл саясатымен бауырлас елдермен, алыс-жақын достас мемлекеттермен тату-тәтті, байыпты байланыс жасағысы келеді. Осындай өзара пайдалы қарым-қатынас кезінде дипломатияның нәзік иірімдері арқылы тура жол тауып, басқа да ауқымды жоспар-жобалармен қатар, мәдени-гуманитарлық мәселелерде келісті келісімдерге қол жететіні даусыз. Соның бірі, біздің білуімізше, нақ осы ескерткіштерге қатысты. Нәтижесінде, ұлы Абайымызбен бірге бірді-екілі басқа да тұғырлы тұлғаларымыздың тамаша тас бейнесі (бұл жерде Назарбаевты айтып тұрған жоқпыз) сол елдердің қалаларының көркін ашып тұрғанын бәріңіз де білесіздер. Ал бұл жаман ба? Жоқ, бұл еліміз үшін өте жақсы үрдіс.

Ал автордың алаш ардақтыларына арналған ескерткіштер аз дегенін қос қолдап қолдауға болады.

Рас, еліміздің әр аймағында талғамды, талғамсыз қойылған ескерткіштер бар. Арыдан алып қарасақ, тереңіне бойласақ, әр ауылдан жерін қорғар, жауға шабар елін сүйген осындай ерлер шықпаса, бүгінгі алып аумақтағы байтақ Қазақстанға ие болып отырар ма едік?! Тек мұндай ескерткіштер жалпы қандайы болса да, бір-біріне егіз қозыдай ұқсап кетпейтіндей етіліп, үлкен талғам, талаппен жасалуы тиіс. Біздіңше, қателеспесек, мемлекет тарапынан қаржыландырылатын ескерткіштердің мәні мен маңызын, композициялық құрылымын, көркемдік сын-сипатын анықтайтын, бекітетін арнайы комиссия да бар болуы керек. Осы жерден бір тізгін тартайық.

Алайда әңгіме аяғында, тақырып басқа болса да, «Жас Алаш» жайында бір-екі ауыз сөз айтпауды дұрыс көрмедік.

***

Иә, ғасырдан аса тарихы бар бұл басылымның қазақ баспасөзіндегі өзіндік өрнегі, салмақты сара жолы, маңызды мақсаты бары баршамызға мәлім ғой. Ол осы Ұлу жылынан бастап «түрін өзгертті», яғни дизайнын, безендіруін жаңалады, бірінші, соңғы беті түрлі-түске «көшті». Бұл қалың оқырманды да қатты қуантты деуіміз керек. Бірақ одан мазмұны, бағыты өзгерген жоқ. Сол баяғы басты назарға, нысанаға алғаны – ел мен жердің жағдайы, қазақтың арман-мұңы, ұлттың ұлы мұрат-мақсаты, өрісі кең өркениет, тәуелсіздік, еркіндік, азаттықтың таусылмас «жыры»! Содан соң әдебиет, мәдениет, өнер, осы заманғы ғылым, оқу-білім... Яғни «Жас Алаш» еш жаққа да – билікке де, оппозициялық көңіл күйге де бұра тартпай, барды бар, жоқты жоқ дегендей, өзінің шын, шынайы халықтық газетпіз деген ұлық ұстанымына адал қалпында, алған бағытынан айнымай келеді!

Газеттің тағы бір тамаша жаңалығы – бөлімдер мен айдарлардың басым көпшілігінің қазақтың белгілі әдеби шығармаларының атымен аталуы дер едік. Бұл да ойлы оқырманның көңілінен шықты!

Берікбай ҚАДЫҚОВ

журналист

Алматы облысы

Қарасай ауданы

Тегтер: