4 ақпан 2010
“Востоктың” орнын “Оқжетпес” басты
Сейсенбi күнi Қазақстан футбол федерациясының кезектi отырысы өтiп, онда биылғы маусымның ойындар кестесi бекiтiлдi. Бұл жиында премьер-лига ойындарынан шығып қалған Өскеменнiң “Восток” командасының да мәселесi қаралды.
Ойыншылар мен бапкерлердiң алдында қарызға белшесiнен батқан өскемендiктер ақыры бiрiншi лигада ойнайтын болды. Сейсенбi күнi ҚФФ-ның кезектi отырысында футбол басшылары бiрауыздан осындай мәмiлеге келдi. Ендi өскемендiктердiң орнын Көкшетаудың “Оқжетпесi” басады. “Оқжетпестiң” премьер-лигаға қайта оралуын ҚФФ-ның вице президентi Сейдiлдә Байшақов (суретте) былай деп түсiндiрдi: “Өкiнiшке қарай, Өскеменнiң “Востогы” биылғы маусымнан бастап бiрiншi лигада ойнайды. Өскемендiктерге күнi бүгiнге дейiн мүмкiндiк бердiк. Алайда, “Восток” басшылары ойыншылар мен бапкерлерiнiң алдындағы қарыздарынан толық құтылған жоқ. Ендi “Востоктың” орнын “Оқжетпес” басады. Көкшетаулық клуб қай жағынан алып қарасақ та, премьер-лига ойындарына дайын отыр. Ең бастысы, клубтың жылдық бюджетi жеткiлiктi екен...
Премьер-лигаға қайта оралған Көкшетаудың “Оқжетпесi” дәл қазiр Түркияда оқу-жаттығу жиындарын өткiзiп жатыр. Сергей Герасимецтiң қол астында жаттығып жатқан көкшетаулықтар Ресейдiң “Терек” командасының жастарымен жолдастық кездесу өткiзiп, 1:4 есебiмен ұтылып қалды.
ҚФФ-ның жасаған кестесi бойынша Қазақстан премьер-лигасының ойындары 22 наурызда басталады. 3 наурыз күнi Қазақстан құрама командасы Молдовамен жолдастық кездесу өткiзедi. 14 наурыз күнi “Ақтөбе” мен “Атырау” командалары арасында Қазақстанның суперкубогы сарапқа салынады.





Уәж айту