9 ақпан 2010
Кампильомен қайта жұдырықтасуы мүмкiн

Осыдан бiр аптадай уақыт бұрын кәсiпқой бокстан орташа ауыр салмақтағы WBA тұжырымының алтын белдiгiн жеңiп алған жерлесiмiз Бейбiт Шүменов испан боксшысы Габриэль Кампильомен қайта жұдырықтасуы әбден мүмкiн. Мұндай мәлiметтi “Allboxing” сайты таратты.
Бейбiт Шүменов пен Габриэль Кампильо арасындағы жекпе-жек 29 қаңтар күнi Лас-Вегаста өткен болатын. Сол жекпе-жекте жерлесiмiз испан боксшысын ұпай санымен ұтып, алтын белдiктiң иесi атанған-ды. Алайда, жекпе-жектен кейiн төрешiлердiң шешiмiне келiспеген Г.Кампильоның промоутерi Семпсон Левкович өткен аптаның жұмасында дүниежүзiлiк бокс ассоциациясына ресми түрде жазбаша шағым түсiрдi. Онда испан боксшысының промоутерi WBA басшыларына жекпе-жектiң нәтижесiне көңiлi толмайтынын және де кездесудi қайта қарауды сұрады.
Осы дауға байланысты “Boxingscene.com” сайтына сұхбат берген Бейбiт Шүменовтiң жаттықтырушысы Кевин Барри болған жайтты былай деп түсiндiрдi: “Менiң ойымша, Бейбiт жеңiлген жоқ. Төрешi ешқандай да Бейбiттi жақтаған да жоқ. Бейбiт бiрiншi және үшiншi раундта жеңдi. Бесiншi раундта да жеңiс бiздiң жақта болды. Одан кейiн оныншы, он бiрiншi, тiптi, он екiншi раунд та бiздiң пайдамызға шешiлдi деп ойлаймын. Жекпе-жектiң тең жағдайда өткенiне келiсемiн. Бiрақ, бiз соңғы екi айда өте жақсы дайындық жүргiздiк...”.
Бейбiт Шүменовтiң бапкерi К.Барридiң айтуынша, отандасымыз испан боксшысымен үшiншi мәрте кездесуi әбден мүмкiн. Бiрақ дәл қазiр емес дейдi ол. “Бейбiт осы жылдың 29 мамырына дейiн өз атағын қорғауы тиiс. Алтын белдiк үшiн жұдырықтасуға украиналық Вячеслав Узелковтың дәмесi бар. Өйткенi, украин боксшысы WBA тұжырымының рейтингiсiнде екiншi орында тұр. Егер Бейбiт өз атағын сәттi қорғап шығатын болса, онда бiзге Г.Кампильомен қайта кездесуге тура келедi. Мiне, сол кезде кiмнiң мықты екенiне көздерiңiз жетедi”, - дедi К.Барри.




