1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Осы күнге дейін көп нәрсе айтылды ғой. Бұл неткен үнсіздік деген сұрақ менің көкейімде әр кез тұрады. Мен күнде таңертең тұрғанда бір жақсы хабар естігім келіп тұрады. «Зәкеңді өлтірген адамдарды тауыпты», я болмаса «сол істі қайта қарауға кірісіпті» дегендей хабарларды естігім келеді. Бірақ, өкінішке қарай, қазір бізде құлақ естімейтін, көз көрмейтін уақыт болып тұр.
Автор: Мақпал Жүнісова, Қазақстанның халық әртісі, әнші
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №50 (16236)   22 маусым, бейсенбі 2017
"Жас Алаштың" спорт беті.
22 маусым 2017
Big Drama Show басталып кетті

Кеше Нью-Йоркта (АҚШ) Геннадий Головкин мен Сауль «Канело» Альварестің баспасөз мәслихаты өтті. Орта салмақтың серкелері 16 қыркүйек күні Лас-Вегас қаласындағы T-mobile аренасында кездеседі. Головкин мен Альварес бір күн бұрын Лондонда баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, журналистер сұрағына жауап берген еді. Одан кейін басшы-қосшыларымен бірге ұшаққа мініп, Нью-Йоркқа келді. Даңқты «Мэдисон Сквер Гарден» кешенінде жоспарланған баспасөз мәслихатынан бұрын, чемпиондар жергілікті арналарға сұхбат беріп, фотосессияға қатысып, бокс стимуляторымен ойын ойнап, соңында белгіленген орынға келіп жетті.

СОЗБАҚТАҒАН СОНДЕРС СӨЗ АЛСА...
Біреу немесе бірдеңе араға килікпесе, бұл кәсіпқой бокс болар ма еді? Журналистер арасында Билли Джо Сондерс те бой көрсетті. Ол әуелі Сауль Альваресті кінәлады. «2016 жылы сен WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағыңды қорғауға тиіс едің. Бірақ оны Головкинге бостан-бос бере салдың. Мен сенен ол атақты тартып алуға дайын едім», – деді ол. Альварестің жауабына Сондерс қанағаттанған жоқ. Тіпті аудармашыны орта жолдан тоқтатып тастап: «Канело, сенің артың белгілі болды!» – деп доқ көрсетті. Бұдан кейін Сондерс Головкинге шүйлікті. «GGG де менімен төбелесуге тиіс еді, бірақ келіссөздер тіпті жүрмей қойды», – деген боксшыны Головкин бірден тоқтатты.
– Билли, сен көп сөйлегенді жақсы көресің. Сен промоутер емес, боксшысың! Менің промоутерім Том Леффлер қасымда отыр, сонымен сөйлес. Ол сенің промоутеріңмен келіседі, – деді отандасымыз.
– Бәрібір екеуіңнің жекпе-жегіңде кім жеңеді, сонымен шаршы алаңға шығуға дайынмын! – деді Сондерс.
Мәслихаттан кейін Головкин Fight Hub TV арнасына сұхбат беріп, Сондерс таққан кінәнің басын ашып берді. «Қазір Сондерспен емес, «Канеломен» кездесуге дайындалып жүрмін. Билли көп сөйлейді. Оның менімен жолығуға уақыты және мүмкіндігі болды. Оған биылғы 4-ші және 10 маусым күндерін ұсындым. «Жоқ» деген ол сол кезде. Мақсатым – орта салмақтағы барлық белбеуді жеңіп алу. Қазір мені цирк емес, нағыз жекпе-жек, байсалды бизнес күтіп тұр. Осыны бәрі түсінгенде, неге Сондерс түсінбейді?» – деді Гена.
Головкин қазір орта салмақтағы төрт нұсқа бойынша (WBC, WBA-Super, IBF және IBO) әлем чемпионы атағына ие. Ал Сондерс WBO нұсқасы бойынша чемпион атағын ортаға тастауға әзір. Дегенмен Головкин-Альварес жекпе-жегінде WBC нұсқасының чемпиондық белбеуі сарапқа салынбауы мүмкін. «Канело» ол атақтан ат-тонын ала қашып отыр. Альваресте қазір The Ring журналының чемпиондық атағы ғана бар, Генамен кездесуде ол соны сарапқа салады.

КӨЗБЕН АТЫСУДАН АЛЬВАРЕС ҚОРҚАҚТАДЫ
Баспасөз мәслихатынан кейін Головкин мен Альварес дәстүр бойынша жұрт алдында көз атысты. Бұл – екі мықтының үшінші «көз жекпе-жегі». Әуелі 7 мамырда олардың жекпе-жегі мәлім етілгенде екеуі көз түйістіріп еді. Сосын 19 маусымда Лондонда тағы жолықты. Ал бұл жолғы «көзатыстан» «Канело» қатты әсерленген секілді.
– Бұл шара кәсіпқой бокстың ажырамас бір бөлігі саналып кеткендіктен, аса мән бере қоймайтын едім. Дегенмен Головкинмен көз түйістіргенде денем қызып, адреналин ойнап шыға келгенін байқадым. Демек, жан-жүйеммен алдағы жекпе-жекке дайынмын, – деп ақтады өзін Альварес. «Көзатыс» біткен соң Головкин жарқылдатқан фотографтарға күле қарап тұра берді. Ал Альварес ауаны жұдырығымен осқылап, ішкі толқынысын бәрібір сездіріп алды.
Бұл сәтте «Канелоның» промоутері Оскар де ла Хойяның да толқып кеткенін аңғару қиын емес еді. Головкиннің промоутері Том Леффлер бейжай қарап, тіпті жан-жағындағы адамдарды тамашалап тұрғанда, де ла Хойя өзін күштеп жымиып, объективтерден жанарын тез тайдырып әкетуге тырысты. Екі боксшыны тез айырып, Альваресті шетке жетелей кеткен де сол.

БАЯҒЫ СПАРРИНГ ЕСІНДЕ БОЛАР...
Қалай дегенде де, Головкин-Альварес жекпе-жегі соңғы жылдардағы ерекше спорт оқиғасы болғалы тұр. Бірден айтайық, психологиялық басымдық Гена жағында. Екі боксшы 2011 жылдың 25 мамырында спарринг өткізгенде Головкиннің анағұрлым басым болған секілді. Бұл туралы жұрт арасында түрлі сөз бар. Мысалы, UFC жауынгері Лоренс Ларкин сол спаррингте Головкиннің «Канелоны» екінші раундта естен тандырғанын айтады. Ал Даг Фишер есімді бокс сарапшысы спаррингтің 8 раундқа созылғанын, Головкиннің басым болғанын репортаж түрінде кеңінен жазды. Демек, Гена сол кездегі үстемдігі арқылы-ақ Альваресті шошытып қоюы мүмкін. «Күшік күнінде таланғаны» «Канелоның» есінен шыға қоймас, сірә...

КІМДЕ ҚАНДАЙ АРТЫҚШЫЛЫҚ БАР?

Головкиннің атақтары арасында IBF нұсқасының чемпиондық белбеуі де бар. Одан дәмесі бар адам жекпе-жек өтетін күні де таразыға тұрып, салмағының мөлшерден асып кетпегенін растауға тиіс. Естеріңізде болса, көктемдегі жекпе-жек алдында Даниэль Джейкобс осы атаққа таласудан бірден бас тартып, ертеңінде Генадан әлдеқайда ірі көрінген жоқ па? Альварестің де сондай әдеті бар. Ол былтыр ұлыбританиялық Әмір Ханмен жекпе-жекке әлдеқайда толып, «семіріп» келгенін ешкім ұмытқан жоқ.
Бірақ бұл жолы «Канело» ондай қулық жасай алмайды. Екі боксшы белгіленген шекте ғана, 72,6 келі салмақта сынға түседі. Мұндайда Альварес бір көзірінен айырылатыны сөзсіз. Өйткені оның бойы Генадан біраз кіші.
Біздің батырға бұл мәселе соншалық маңызды емес. Ол Альвареспен 154 фунтта да, 160 фунтта та шаршы алаңға шығуға дайын екенін бірнеше рет мәлімдеген. Керісінше, Альварес бұған дейін аралық салмақ дәрежелерінде сынға түсіп, орта салмақтағы нақты бір межеге тұрақтаған жоқ. Головкинмен жекпе-жектен кейін «Канело» салмағын арттыруы әбден мүмкін.

ГОЛОВКИН КӨЗІРІН АШЫП БЕРДІ МЕ?
Көктемдегі Джейкобспен кездесуінен кейін GGG-ді осал санайтындар саны көбейе түсті. Сондерстің арқаланып жүргені де содан болуы мүмкін. Ал Джейкобс сол кездесуде өзінің жеңгеніне әлі сенімді болып жүр. «Мен Головкиннің осал тұсын әлемге паш еттім. Ешқашан оның қолы төмен түсіп кететінін көрмеп едік, менімен жекпе-жекте оны соған мәжбүрледім ғой», – деді Даниель.
Бірақ бұл жайт алдағы кездесуде Головкиннің басты кемшілігі болады деуге ерте. Иә, Джейкобс Генаны мүлде басқа мәнерде жұдырықтасуға мәжбүрлеген шығар, дегенмен отандасымыз бәрібір өз дегенін істей алды ғой.
Альвареспен кездесуге Головкин ұзақ уақытын сарп етіп барып жетті. Енді оның шегінер жері жоқ. «Канелоны» жеңсе, GGG-ге зор атақтарды қимай жүргендердің аузына құм құйылмақ. Головкиннің өзі Big Drama Show жасауға уәде берді және драманы бастап та кетті. Альварес «нокаутпен жеңем» деп кеуде қағып отыр.
Бәрін T-mobile аренасындағы жекпе-жек шешеді. Асыға күтеміз.

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар