1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазіргі адамдар «бірің өліп, бірің қал» дегенді мықтап ұстанып алған. Өйткені адамдар ешкімге сенбейді, сенейін десе есітетін әңгімелерінің бәрі өтірік. Сондықтан бәріміз ас үйде отырып, үстелді тоқпақтап, революция жасаймыз, көшеге шыққанда үнсіз қаламыз, өкінішке орай, осылайша екі жүзді болып барамыз.
Автор: Болат Атабаев, театр режиссері
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №72 (16258)   12 қыркүйек, сейсенбі 2017
"Жас Алаштың" спорт беті.
12 қыркүйек 2017
Қазақ күресінің салтанаты

ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесінің аясында өткізілген «Әлем барысы» абсолютті әлем чемпионаты жанкүйерлерге керемет әсер сыйлады. Әрине, әркімнің өз жеңімпазы бар, сондықтан көңілдегісі кілемдегімен үйлеспей қалғандар да болған шығар. 2014 жылы Павлодарда алғаш ұйымдастырылғанда жүлденің шетке кеткеніне наразылар аз болмап еді. Бұл жолы алтын белбеу өз елімізде қалды.

38 ЕЛДІҢ АЛЫПТАРЫ
Аз жылда ұлттық брендке айналған «Қазақстан барысы» турнирі жыл өтпей «Еуразия барысына», одан кейін «Әлем барысына» ұласты. Әуелде Халықаралық қазақ күресі федерациясының осы жанкешті бастамалары жұртшылық арасында қабылдануы қиын сияқты көрінген. Түйсігіміз алдапты. Бұл жарыстардың ел өміріне кіріккені сонша – жыл басталғаннан-ақ жанкүйерлер өз жүйріктерін сырттай іріктеп, алдағы сындарда кімнің маңдайы жарқырауы мүмкін екенін саралайтын әдет тапты. «Әлем барысы» турнирінің үш жылға жуық уақыттан кейін халықаралық көрмеге орай қайта ұйымдастырылатыны, оның жеңімпазы абсолютті әлем чемпионы атағына қол жеткізетіні қазақ күресінің жанкүйерлерін дегбірден айырды десек сәл артық болар, дегенмен асыға күттіргені анық. Олар бұл жолы әлемнің барысы өз алыптарымыздан шығуы керек екенін айтып жүрді. Қалай дегенде де, жанкүйер қауым үш жыл бұрынғы өкінішті ұмытпапты. Естеріңізде болса, Павлодардағы сында бас жүлдені кубалық Оскар Видал Брайсон қанжығалап, финалда отандасымыз Айбек Нұғымаровты екі минутқа жеткізбей таза жеңіп еді.
Сол Брайсон бұл жолы елімізге тағы келді. Бірақ саңлақ спортшы жаттықтырушы мәртебесінде шәкірті Гилва Фуертес Ернестоны үкілей жетіпті. Маң-маң басып, айналасына тәкаппар көз тастап жүрген Брайсон біздің бір-екі сауалымызға жауап қайтармай бас шайқаған. Себебін сосын ұқтық. Ағылшыншасы біз құрлы да жоқ екен. Әйтпесе қояр сұрағымыз аз емес еді. Дегенмен жарыс барысында Брайсон «Қазспорт» арнасының эфиріне шығып, біраз сауалға жауап берді.
Бұл жолы Ұлы дала елін 38 елдің апайтөс жігіттері бетке алыпты. Үш жыл бұрынғы сынға қатысқан малилік Гуассоу Сидибені, уругвайлық Хуан Пабло Бортолиді, тәжікстандық Дадахан Құрбанәлиевті ескі таныстарымыздай қошеметтеп, арқа-жарқа болып қалдық. Әсіресе Дадаханға сүйсіндік. 2014 жылы ол «Әлем барысында» ширек финалға жетіп, өнерімен таңдай қақтырып еді. Жарыс қорытындысында «Көрермен көзайымы» жүлдесін иеленіп, қалтасын қампайтпаса да, олжасыз қайтпаған. «Дадахан, ол қаржыны қай қажетіңе жараттың?» – дейміз қалжыңдап. Тәжік балуаны сасқан жоқ. «Душанбеде спорт кешенін салдым», – деді. Қазір сол кешенде кішкентай талапкерлерді дзюдоға баулып жүр екен.
Екі күн бұрын өткен салмақ өлшеу рәсімінде жұрт назары жаңазеландиялық Чика Реремоана Пембертонға ерекше ауған-ды. Аралдың аборигендерінің ұрпағы өріп қойған шашымен ғана емес, ерекше алыптығымен де талайдың таңдайын қақтырған. Маң-маң басқан балуанды жарыс басталарда журналистер де, «Барыс-Арена» кешенінің қауіпсіздік қызметкерлері де көп айналдырды. Суретке олай да, былай да түсті. Пембертон бірінің бетін қайтарған жоқ. Қандай дәу қасына барса да, баласындай кішірейіп сала береді екен. Құшағына алса, тіпті жоқ болып кетеді. Жаттықтырушысы да ерекше алып. Суретке түсіретін де сол. Пембертонның мол құшағынан босап шыққан жанкүйерге қарап, «пей, пей» деп саусақтарын жыбырлатады. Жанкүйер оның не айтып тұрғанын әуелде түсінбей, артынша «шәкіртіммен суретке түскеніңнің ақысын төле» деп қалжыңдап тұрғанын ұғып, ыржиып тұрып күледі. Осылайша алып ұстаз бен шәкірт айналаға әдемі көңіл күй дәнегін себуден шаршаған жоқ.
Қазақ елі бұл сынға бес жүйрігін қосты. Ел аузындағы Айбек Нұғымаров, Ержан Шынкеев, Еламан Ерғалиевтерге «Қазақстан барысына» тұрақты қатысып жүрген Айбат Сейтен мен Дәурен Нұралинов қосылды. Әрине, бір елден бес бірдей балуанның кілемге шығатыны тым көптеу көрінгені рас. Дегенмен жарысты ұйымдастырушы ел ретінде мұның еш сөкеттігі жоқ екенін бірден аңғардық. Осы бес балуанымыздың бәрі қазақ күресінің насихатшысы болатыны анық. Оның үстіне соқыр жеребе төртеуін бірден бір топқа жіберді. Жарыс жолында бір-бірімен кездесіп, жеңгені ғана алға жылжитын жағдай туындады.

КІЛ МЫҚТЫЛАР ДОДАСЫ
Жарысқа қатысушылардың ішінде атағынан ат үркетіндер де аз болған жоқ. Самбодан үш дүркін әлем чемпионы да (Рүстем Арсланов, Ресей), дзюдодан биылғы Еуропа чемпионы, дзюдодан биылғы әлем чемпионатының үздік төрттігіне енген мықты да (Гурам Тушишвили, Грузия), грек-рим күресінен Оңтүстік Америка чемпионы да (Лучано Дель Рио, Аргентина), дзюдодан Гранд-слем турнирінің күміс жүлдегері де (Александр Ваховяк, Беларусь), «Моңғолия лашыны» да (Серік Бердімұрат) дода көркін кіргізді.
42 балуанның 20-сы 1/32 финалда бақ сынады. Өкінішке қарай, Қытайдан келген қандасымыз Есбол Жақитан осы кезеңнен өте алмады. Жарыс алдында оның бапкері Айдархан Қабиолда мырза шәкіртінің үш ай бұрын жол апатына түскенін, тез жазылса да, бабына еніп үлгермегенін айтып еді. Есбол грек балуаны Тенторе Масманидиспен белдесуде барын салды. Алайда оң аяғы сыр беріп, барын салып күресе алмады. Дегенмен қандасымыздың жеңіске деген жігеріне тәнті болдық. Бұл кезеңде Е.Ерғалиев камерундық Диодун Долассемді 46 секунд ішінде таза жықты. «Еуразия барысына» қатысып қола жүлде алған, қазақ жанкүйерлеріне танылып қалған Мухсин Хисамидинов (Өзбекстан) Д.Құрбанәлиевтің жолын кесті. Ал Брайсон баптап келген Ернесто Гилваны С.Бердімұрат негізгі уақыт аяқталуға 35 секунд қалғанда қапысыз лақтырды. Мұхаммед Хеба (Сирия), Акоп Аракелян (Армения), Р.Арсланов (Ресей) секілді балуандар алғашқы қарсыластарын оңай еңсерді. Бұл айналымдағы ең қызықты кездесу ганалық Дуду Дарко мен австралиялық Митчелл Найт арасында өткені анық. Бір өзі күрестің үш түрімен айналысатын Найт қарсыласын олай да, былай да үйіріп, «жартылай жеңіс», «жамбас» және «бүк» ұпайларын кезек алды. Дарко қалай тырысса да ыңғайы келмей, қарсыласына лақтай өңгеріліп кете баратындай көрінген сәтте Найт әдіс жасады. Ганалық өзінің жалғыз мүмкіндігін өте сәтті пайдаланып, африкалықтарға тән самдағайлықпен төрттағандай қалды да, қарсыласын тырп еткізбей, жауырынын жер иіскетті. Таза жеңіс! Өзінің басымдығына әбден сенген Найт не болғанын түсіне алмай, өкініштен бас шайқады.

АЛЫП АЛЫПТАН ЖЕҢІЛДІ
Жарыс жолында 32 балуан қалды. Қорқыт ата атындағы көне аспаптар ансамблі Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу күйін» әуелеткен соң, қайтадан кілемге көз қададық. Енді шын жүйріктер сүзіле шаба бастайды. Әттеген-ай, Д.Нұралинов өзбек Хисамидиновты тулақтай илеп жатып, өз еншісіндегі бір «жамбас», бір «бүк» ұпайын азырқанды ма, бүгіле беріп басынан асыра лақтырмақ болды. Бірақ Мухсин оны басып үлгерді де, Дәурен өз әдісіне өзі түсіп қалды. 2016 жылы «Еуразия барысына» қатысқан Томаш Талах (Польша) әуелі қырғыз Айбек Қасманбетовті таза лақтырып еді. Бірақ екінші айналымда жеребе оны Нұғымаровқа тап келтіріпті. Талахтың «Әлем барысына» ерекше дайындықпен келгенін бірден байқадық. Ол Фейсбук желісіндегі парақшасына жарыстың кестесін жариялап қойды. Әкесі Славомир Талах та кезінде мықты балуан болған екен. Томаш Қазақстанға аттанар алдында әкесімен түскен суретін де желіге қойып, «бата алып» аттанған сыңайлы. Дегенмен Айбек поляк балуанын көп еркінсітпеді. 2:15 минутта айқын басымдықпен жеңді. Е.Ерғалиев болса кореялық Ли Бюң Ваны небары 8 секундта шыр айналдырып әкеліп кілемге қадады. Латыш Никита Бондарс турнирдің ең алыбы Чико Пембертонмен ортаға шыққанда, қалың жанкүйер ішегін тартты. Екеуі де шын алып еді. 2014 жылы «Әлем барысы» алғаш өткізілгенде ең салмақты балуан Оскар Брайсон болған-ды. Пембертон оның рекордын бірден 15 келіге жаңартып, 175 келімен сынға түсті. Бондарс та көптің бірі емес. Бірі кем 150 келімен ортада қасқайып тұрды. Дегенмен Пембертон қызық күткен жұрттың сенімін ақтай алған жоқ. Алып жігіт әуелі үстіндегі формасының тарлығымен елді бір күлдіріп алды. Сәл тырысса бешпетінің тігісі сөгілердей көрініп еді. Қос алыптың белдесуі небары 1:01 минутқа ғана созылды. Бондарс орайсыз әдіс жасаған Пембертонды бүркітше бүріп, таза жеңіске жетті. Грузин Тушишвили бұл айналымда Ерғалиевтің рекордын жаңартуға сәл-ақ қалды. Ол израильдік Олег Хаитті 11 секундта алып ұрды.

ЖЕРЕБЕ ЕШКІМДІ АЯМАДЫ
1/8 финалда Хисамидинов-Нұғымаров, Масманидис-Сейтен, Арсланов-Багиров, Тушишвили-Ваховяк белдесулері ерекше назар аудартты. Хисамидинов Айбекке көп уақыт алдырмады. Жалпы, өзбек балуанының айналым сайын ширап келе жатқанын аңғардық. Нұғымаров азғана басымдықпен таразы басын өзіне аударды. Ал Айбат Сейтен Масманидиспен ұзақ ырғасты. Турнирде қосымша уақытқа бірінші жүгінген де – осы екеуі. Масманидис осы сәтте Сейтенді қапы қалдырып кетті. Команда берілісімен бір шетіне жантая қалып, оқыс қимыл күтпеген отандасымызды аударып тастады. Ал Арсланов сумодан Еуропа чемпионы З.Багировты «жартылай жеңіс» ұпайымен жеңді. Тушишвили болса өзінен әлдеқайда ауыр Ваховякпен қолды-аяққа тұрмай ұстасып, төртінші минут түгесілер тұста тамаша лақтырды. Бұл кезеңде Ерғалиев – украиналық Рудникті, Бердімұрат – Бондарсты, Шынкеев – Хебаны, Аракелян жасы қырыққа таяған Боперсиді (АҚШ) жарыс жолынан шығарды.
Ширек финалда Айбек пен Еламан қарсы жолықты. Шілде айында ғана «Қазақстан барысы» атанып, тегеурінді қимылымен, тамаша шеберлігімен жанкүйерлер ықыласын жаулап алған Ерғалиев белдесуге атойлай кіріскен-ді. Ол Нұғымаровты екі рет әдіске тастады, екеуінде де Айбек бойын жинап үлгерді. Мұнымен тынбай тағы шабуылдағанда, қарсыласы тағы ыңғайына көнгендей көрініп еді. Бірақ әккі Нұғымаров әдіске қарсы әдіс жасады. Сөйтіп, «жартылай жеңіс» ұпайын олжалап кетті. Бұдан ары Ерғалиев қарқынын арттырғанымен, Айбек алдырған жоқ. Ал Серік Бердімұрат Масманидисті қосымша уақытта ғана жеңе алды. Шынкеев Аракеляннан атаулы үш ұпайды да тартып алып, жартылай финалға жолдаманы қанжығалады. Ширек финалдағы ең қызықты белдесу Арсланов пен Тушишвили арасында өтті. Тушишвили тағы да зыр қақты. Арсланов асықпай жүріп ебін тапқанша, Гурам сол шынтағын кеудеге тірей қалып, өзінен 16 келі ауыр қарсыласын қаңбақша лақтырды. Жұрт тік тұрып қол соқты.

ЕЖЕЛГІ ҚАРСЫЛАСТАР ЕКПІНІ
Жартылай финалдағы Нұғымаров-Бердімұрат кездесуі аса ауыр өтті. Серік осы жазда моңғолдардың ұлттық күресінен «Моңғолия лашыны» атағына қол жеткізгені есімізде. Бұл атаққа өзінің бір ұлы жетуін сондағы қандастарымыз 36 жыл күтіпті. Серік сол сенімді ақтаған еді. Сондықтан «Әлем барысында» оның фаворит ретінде қарастырылуы да әбден заңды болатын. Айбек пен Серік бес минуттық белдесуді толық өткерді. Нұғымаров сәл ғана басымдықпен финалға жолдама алды.
Қарсы бетте бұл жолдаманы Шынкеев пен Тушишвили сынға салды. Екеуі де дзюдодан бес күн бұрынғы әлем чемпионатынан оралған. Екеуінің де жолын сол додада моңғолиялық Найдан кесіп өтіпті. Бұл белдесуде Тушишвили негізгі уақыт аяқталуға 10 секунд қалғанда Ержанды таза жеңді.
Финалда жанкүйерлердің Тушишвилиді мықты санағаны көп еді. Шынында да, бұл күні грузин балуаны ерекше шеберлігімен көпшілікті тәнті етті. Бірақ «Алтын белбеу» сарапқа салынған белдесу тез аяқталды. Нұғымаров 1:43 минутта Гурамға еш мүмкіндік қалдырмай, кілемге дәл жауырынымен түсірді. «Өзімнің жеңетініме сенімді болып едім. Тым еркінсіп кеткендеймін. Нұғымаров таза жеңді», – деп мойындады Тушишвили.
Осылайша А.Нұғымаров «Әлем барысы» атанды. Үш жыл бұрын финалда жеңілген балуан бұл жолы әдемі жеңіспен елінің көңілін асқақтатты. Жеңімпазға «Алтын белбеумен» бірге 15 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді. Г.Тушишвили еліне «Күміс белбеумен» және 5 миллион теңгемен қайтты. «Қола белбеу» үшін белдесуде С.Бердімұратты жеңген Е.Шынкеев 3 миллион теңгеге иелік етті. Оныншы орынға дейінгі саптан көрінген С.Бердімұрат, Е.Ерғалиев, А.Аракелян, Т.Масманидис, Р.Арсланов, М.Хисамидинов, М.Хеба секілді балуандарға да ақшалай сыйлық табыс етілді.

«ӘЛЕМ БАРЫСЫ» ӘЛЕМГЕ ТАНЫМАЛ
Биылғы турнир де жоғары деңгейде өтті. Жоспарланған 42 кездесудің екеуі ғана қосымша уақытқа созылды, 29-ы таза жеңіспен уақытынан бұрын аяқталды. Әдеттегідей еліміздегі екі арна, халықаралық үш арна тікелей эфирден таратты.
«Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры қамқорлық кеңесінің төрағасы Арман Шораев мырза «Әлем барысы» додасына әлемде қызығушылық күн санап артып келе жатқанын айтқан-ды. Тіпті бұл сынды өз елдерінде өткізуге Қытай мен Моңғолиядағы қандастарымыз, алыс Мажарстандағы ғұн ұрпақтары ықылас танытыпты. Дегенмен басқа екі жобамен біртұтас құрылымға айналған «Әлем барысы» алдағы уақытта да қазақ жанкүйерінің көзайым жарысы бола беретіні анық.
Тамыздың соңы мен қыркүйектің басында күрес түрлерінен және дзюдодан өткен әлем чемпионаттарын да тамашалаған едік. Сөз жоқ, олимпиялық санатқа енген бұл спорт түрлерінің бағы басым. Дегенмен қызықтығы, әдістерінің тазалығы жөнінен қазақ күресінің айтулы жарыстары олардан артық болмаса, кем емес секілді. Демек, ұлттық күресімізді әуел баста жаңғыртуға ұмтылған азаматтардың еңбегі далаға кеткен жоқ. «Қазақстан барысы» жобасы аясындағы барлық жарыс қазақ жұртшылығы асыға күтетін, шет жұрттың балуандары қатысуға тырысатын сындарға айналды.
Ал біз қара күздегі «Еуразия барысы» командалық жарысын көруге асығулымыз.

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар