1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Еш уақытта қазақ... қазақ мемлекет болған жоқ, себебі шекарасы болған жоқ».  --- «Қытай Халық Республикасы рапс пен соя секілді жемшөп дақылдарын егу үшін бізден 1 млн. га жер сұрап отыр».
«Азаттық» радиосы
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №75 (16261)   21 қыркүйек, бейсенбі 2017
"Жас Алаштың" спорт беті.
21 қыркүйек 2017
Тікелей трансляциядағы «батырлар жыры»

Cтуденттік кезеңнің бір-екі жылында әуежай жақтағы нағашымның үйінде тұрдым. Сол кездері бөлем екеуміз нарда дейтін ойынның түбін түсіретінбіз. Нарданың «әлемдік», «дүниежүзілік» чемпионатын күнде ұйымдастырып майдан болатынбыз. Планетааралық, галактикааралық чемпионаттарға да қатыстық қой шіркін, несін айтасың.

Ойнаушы екеуміз ғана. Ең қызығы, сол чемпионаттардың барлығы бөлемнің комментаторлығымен өтуші еді. Комментаторлығының негізгі мазмұны – «бүкіл әлемнің сүйіктісі, даңқты нардист, әлемдегі жетімдер мен кедейлерге қамқоршы, асыл текті» өзі, яғни бөлем және «бүкіл әлемге сүйкімі жоқ, сұмырай, әлем чемпионынан түскен ақшаның бір тиынын шығармай өзі пайдаланушы, қара нәсілді» мен пақыр. Ойын біткенше өзін сырттан мақтап, мені мазақтап отырғаны. Ол жеңсе де, жеңілсе де қаһарман. Мен жеңсем, әрине, допингтің кесірі. Жоқ дегенде менің адамдарым оның тамағына әлдеқандай есірткі дәрісін қосқан болып шығады. Амалсыз күлесің. Өзінен-өзі сұхбат алып, өзі сұрақ қойып, өзі жауап беріп жатады.
Qazsport арнасының қазақша жүргізетін комментаторларын естіген сайын сол бөлем есіме түседі де, еріксіз езуіме күлкі үйіріледі. Құдды сол бөлемнің шәкірттері сияқты. Бір объективтілік жоқ. Өзіміздікін сыпыра мақтау, өзгенікін кекетіп мұқату. Біздікі – «әйәй», қарсыласы – «кәкәй». Кеңес кезіндегі соғыс кинолары сияқты, біздікілер – ержүрек қаһармандар, қарсыластары – ақымақ әрі қорқақ, қолын көтеріп қашады да жүреді.
Комментатордың шеберлігі – көрмей отырған, ести алатын зағип жан болса, ойынды соның көз алдына алып келу. Айталық, бокс болса екі спортшы туралы толық мәлімет, кездесудің тарихы қайдан бастау алады, қанша қаржы құйылды, букмекерлік кеңселердің бәсі кімге ауып отыр, қай спортшының қандай әлсіздігі, қандай басымдылығы бар? Бұл кездесуге қандай мамандар қалай пікір білдірді, қонақтардың ішінде кімдер бар? Сосын, әрине, салқынқанды объективтілік, өйткені спортта дұшпандық жоқ, күш сынасу ғана бар. Күні кешегі Головкин мен «Канелоның» айқасын көрмей, тек Qazsport-тың комментаторын тыңдап отырған адам болса, «Канело» мен Қобыланды батыр жұдырықтасып жүр ме?» деп ойлап қалуы мүмкін. Комментатор соның жыршысы сияқты. Тұнып тұрған аллегория. «Біздің Гена өйткенде, біздің Гена бүйткенде, ой, біздің Гена шындаса, ана сарыауызды тоңқалаң асыра салады, өзі ашуланбай жүр ғой» дегенге саятын баяндау раунд сайын алдыңнан шығады.
«Головкиннің соққыларын елемегендей боп қанша бас шайқағанымен, осы раундта Генаның жойқын соққыларынан Альварестің еңсесі түсіп қалды» дейді келесі бір сөзінде. (Мұңайып қалды демегеніне шүкір). Рингке шыққан адамның еңсесі түсе ме өзі? Адам деген әлдеқандай ауыр сөз естігенде болмаса қайғылы оқиға көргенде еңсесі түсуші еді. Жә, тырнақ астынан кір іздегендей әр сөзіне тиісуден аулақпыз. Біздің айтпағымыз, комментаторлар сол жүргізіп отырған спорт саласының майын езіп ішкен маманы болса екен деген тілек. Сонда ғана комментатор спорттың жай ғана екі адамның арасындағы физикалық бәсеке екені, оның саясатқа пәлендей қатысы жоқ екенін түсінеді де, объективті көзқарас пайда болады. Ал объективті көзқарас қашанда құнды әрі айтушының беделін де көтере түседі.
Үлкен боксқа үлкен ақша келгелі кәсіпқой боксшылар шоу-бизнестің заңымен жүретін болды. Даңқты Мұхамед Әлидің өзі бастап берген бұл шоу бүгінде өз күшіне мініп-ақ тұр. Боксшылардың бір-бірін сөзбен мұқатуы, өтірік жау бола қалуы, баспасөз мәслихаттарында бір-біріне жұдырық ала жүгіруі боксшыларға тек пайда алып келеді. Қарапайым адамдар үшін бұл қызық әрі шын болып көрінеді де, сол жекпе-жекті көруге деген құмарлығын оятады. Мұның қызығын бокстың айналасында жүргендердің бәрі көреді. Кәсіби комментаторлар сол шоудан қашанда биік тұруы керек. Яғни арзан ойынға түсіп қалмағаны жөн. Бірақ барлығынан хабардар болу керек. Біздің комментаторлар сол шоудың бәрін шын көретін сияқты елестейді кейде. Жүргізіп отырғанда кәдімгідей намысы қыз-қыз қайнап, отандастарымыз жеңсе, дәл бір өзі жеңгендей айызы қанып қалады.
Qazsport-тың комментаторлары ағылшыншаны ешқашан аударып бермейді. Міне, неше рет болды, Гена жеңеді де, ағылшынша сұхбат береді. Оның қарсыласы да бір-екі ауыз бірдеңе айтады. Осы арада біздің жырау комментаторлардың үні өшеді. Генаның қас-қабағы мен қол сермеуіне қарап, «шамасы, былай деді-ау» деп бал ашып біз отырамыз.
Qazsport – мемлекеттік арна. Бұл арнаның бүкіл трансляциясы сіз бен біздің салықтан жиналған бюджеттің ақшасына сатып алынады. Демек, менің де ақшамның үлесі бар, бұл арнадан кәсіпқой, құлағыңның құрышын қандыратын, аузы дуалы, пікірі құнды комментатор талап етуге заңды құқығым бар деп ойлаймын. Әйтпесе мұндай комментаторды әуежай жақтағы нағашымның үйінен-ақ табамын ғой.

Жәнібек САУДАНБЕКҰЛЫ
Алматы қаласы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (4)
Нартай | 21 қыркүйек 2017 21:02
Еркек! Айтсаң осылай айт!
Алмат | 22 қыркүйек 2017 09:34
Ой бәрекелді. Жарайсың Жәке.
Ерлан | 22 қыркүйек 2017 14:03
Букил спорт коментатторларды ауыстыру керек. Бизде мулде жургизе алмайды. Кейде уяласын корип отирип. АКШ тың гимны ойналып жатса, енди анге кезек берейк дейди. Позор
Қазалының қазағы | 22 қыркүйек 2017 14:22
Жәнібек, жарайсың. Менде боксшымын. Рингте қарсыластар бір - біріне жау емес тек қарсылас ғана. Олардың намысына тимеген жөн. Сол комментаторларды ринге шығаршы, мықты болса көрейін. Жәке, сенің бөлең керемет екен. Кәзір қайда, қандай жұмыс жасап жүр.Меніңше ол туасылы комментатор немесе журналист болып туған дарын.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар