Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:00, 19 Сәуір 2024

“Биліктен көмек жоқ”. Кегендіктер жеріне түскен құртты өздері жойып жүр

құрт
Фото:

Алматы облысы Кеген ауданының жайылым жерлеріне құрт қаптап кеткен. Елдегі егістікті кеміріп бара жатқан зиянкеске жергілікті халық не істерін білмей дал болып отыр.

Құрт пайда болған алғашқы күндері жергілікті ауылдардың халқы зиянкесті өз күшімен улап көрген, бірақ одан ешқандай нәтиже болмаған. Енді жергілікті жұрт егін еге алмай отыр. Былтыр шегірткемен күрескен ауыл адамдары биыл мына жәндікті құртуға биліктен көмек күтеді.

Құрт
Ақай Нүсіпбеков аулының тұрғындары егістікке дәрі себуге дайындалып жатыр/Фото: Ақай Нүсіпбеков аулының тұрғындарынан

Қарабұлақ округі А. Нүсіпбеков аулының тұрғындары мына құрттың кесірінен азығы қалмаған төрт түлік мал жұтқа ұшырай ма деп қауіптенеді. Былтыр жайылымын шегіртке жеп кеткен соң шаруалар шөпті басқа жақтан сатып алған. Биыл да сол жағдай қайтала ма деген тұрғындар биліктен жәндікті жойып беруін де сұраған. Бірақ жайылымды, егістік алқабын отап бара жатқан құрт қауіпті зиянкестер тізіміне кірмейтін болғандықтан билік тарапынан бұл құртты жоюға ақша қарастырылмаған. Енді тұрғындар құртты өз күшімен жою үшін түрлі айла-тәсілдерін қарастырып жатыр. Тіпті ауладағы бау-бақшадағы картоп кеміретін жәндікке себетін дәріне де сеуіп көрген. Бірақ одан да нәтиже болмаған. Бір қызығы, Қарабұлақ елдімекенінде зиянды жәндіктерге дәрі себетін бірде бір құрылғы жоқ. Ал тұрғындар өздерінде бар кішкентай механикалық құрылғымен 6 мың гектарға дәрі сеуіп шығу мүмкін емес дейді.

Кеген ауданында қара құрт қайдан пайда болды?

Құрт қаптаған елдімекеннің бірі – Қарабұлақ округіне Ақай Нүсіпбеков және Қарабұлақ ауылы кіреді. Екі ауылдағы тұрғындар саны 3 мыңнан асады. Халық негізінен егістікпен айналысады, ірі қара мал ұстайды. Қазіргі күнде жердің бәрін жалмап бара жатқан қара құртқа қарсы тұрғындар дәрілер тізімін алып, өздері жоюға кіріскен.

Jash Alash тілшісі аталған мәселе бойынша Кеген ауданының әкімдігіне хабарласып көрді. Бірақ әкім Нұрбақыт Теңізбаевпен де ауыл шаруашылығына жауапты әкім орынбасары Мұхтар Батырханұлымен де байланысу мүмкін болмады. Бірақ Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі Рүстем Әлімовпен сөйлесіп, мәселенің мән-жайына қанық болдық.

Әкімнің айтуынша, Ақай Нүсіпбеков ауылының тұрғындары 9 сәуір күні алғаш құрттың пайда болғанын көріп, ауылға айтып келген. Бірақ ауыл тұрғындары оның жылда бар құрт деп басында мән бермеген. Бірақ 5 күн өткесін олар егіс даласына түсіп, құрттың қаптап кеткенін көрген.

“Мен ауылшаруашылығы басшылығына айттым, экологиядан мамандар келді. Үш күннен бері ауыл тұрғындары тынбай зиянкеспен күресіп жатыр. Трактормен дәрі шаштық. Жаңбыр кезінде құрттар жиналып алады екен. Күн жылыса шытыр арасына тарап кетеді. Жауапты мамандардың айтуынша, мына құрт аса зиянкестердің қатарына жатпағаннан кейін мемлекеттен қаражат бөлінбейді. Бұл жағдай басында халықты ашындырғаны рас. Облыс бұған назар аударды. Астанадан арнайы мамандар келе жатыр. Ертең келіп көріп, төтенше жағдай жариялаймыз дейді. Қазір ауыл тұрғындары егістік алқаптың басында”,- дейді жергілікті шенеунік.

Әкімнің айтуынша, Қарабұлақ округінде 2850 гектар егістік алқап бар. Оны қолда бар бір техникамен улап шығу мүмкін емес.

“Қазір “660 гектар жерде құрт бар” деген өсімдікті қорғау институтының мамандары қорытынды шығарып кетті. Бірақ аралап қарағанымызда мың гектардан артық алқапта құрт жатыр. Төтенше жағдай жарияланып облыстық әкімдік мың гектарға себілетін дәріні әперсе де соның өзі бізге үлкен көмек болайын деп тұр”, - дейді әкім.

құрт
Ақай Нүсіпбеков ауылының тұрғындары көлік шинасын өртеп, трактормен сүйреп жүр/ Фото: Ақай ауылының тұрғындарынан

Жергілікті жұрт зиянкеспен өздері күресіп жүр

Жергілікті тұрғындардың қорқынышы күн ысып кетсе, құрттар қоңызға айналып ұшады. Одан кейін жұмыртқалайтын болса, келер жылы мәселе бұдан да ушыға түседі. Құрт тек Қарабұлақ ауылдық округін ғана емес Жалағаш, Ұзынбұлақ, Сарытау ауылдық окруктерін де қаптаған. Жалаңаш аулының тұрғындары да қазір құртты өздері жою үшін жұмыс істеп жатыр.

Бұл құрт негізнен ауданда бұрыннан бар. Қазақша атауы “шытыр жегі құрты” деп аталады. Рапс тұқымдастығына жататын шөпті жейді. Торайғыр жазығында 137 шаруа қожалығы, ал әр шаруа қожалығында орташа есеппен 800 бас қой бар екен. Соның бәрі Жалаңаштың етегінде жайылады. Оның өзі жайылым болып есептеледі. Қазір құрт өрт жалмағандай шөпті отап бара жатыр. Жердің қара топырағы шығып қалған. 

"Облыстан экология саласының адамдарын шақырттық. Ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары келді. Бірақ билік “өздерің бірдеңе етіңдер” деді. Себебі бұл зиянкес жылда қаржы бөлініп жойылатын жәндіктер қатарына жатпайды екен. Бізде ауыл шаруашылығы артта қалып қалғаны соншалықты тыңайтқышты немесе зиянкестерді улауға арналған бірде бір құрылғы жоқ”, - дейді Жалаңаш аулының тұрғындары.

құрт
Қазіргі құрттың көрінісі осындай/Фото: almaty.tv

Кеген ауданында зиянкесті улайтын бірде бір құрылғы жоқ

Ақай Нүсіпбековтың ауылында да жағдай осындай. Ауыл жігіттері картопқа шашатын құрылғымен зиянкесті улап көрген. Бірақ 6 мың гектарды 10 литрлік құрылғымен улап шығу да мүмкін болмаған. Рүстем Әлімов айтқандай кейіннен көмекке бір трактор келген, бірақ соншама егістік алқапқа бір трактордың дәрі сеуіп шығуы да мүмкін емес.

“Бүгін Жалаңашта жиналыс өтті. Ауыл әкімі келді. Ауыл шаруашылығының мамандары келіп, көмегі болады деген дәрілердің тізімін беріп кетті. Енді соның ішіндегі ең тиімді әсер ететінін дәрісі мен су бүркетін құрылғысын Алматы қаласынан алдырып жатырмыз. Бірақ ол техниканың тілін білетін ауылда маман жоқ. Ауылда қазір “паника”, - дейді Жалаңаш аулының тұрғындары.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, көршілес Еңбікшіқазақ ауданы ауылшаруашылығы жағынан дамып кеткен. Түрлі техникалары бар. Енді аталған құрылғыларды алдырайын десе қаржы мәселесі қолды байлап тұр.

“Мемлекеттен ешқандай көмек болмағаннан кейін техникаларды жалға алу, оны жанармаймен қамтамасыз ету дегенің қаржы. Биліктің өзі қозғалғысы келмейді”, - деп ашынып отыр ауыл тұрғындары.

Бұл мәселе бойынша Jash Alash тілшісі Алматы облысы әкімдігіне хабарласты. Олар алдағы уақытта мәселенің мән-жайы туралы айтып беруге уәде етті.

Тегтер: