Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:00, 19 Сәуір 2024

Иран-Израиль жанжалы соғысқа ұласа ма?

Иран-Израиль
Фото:

14 сәуір, жексенбіге қараған түні Иран Таяу Шығыс аспанын жарқ-жұрқ отқа толтырды. Таң атқанша Израиль аумағына қарай үлкенді-кішілі 150 зымыран атып, тағы 170 дрон ұшырып, «кек қайтарды».

 Ресми Тегеран бұл атқылауды 1 сәуірде Дамаск қаласындағы Иран консулдығына жасалған Израиль әуе күштерінің шабуылына қарымта деп атады. 1 сәуірде Израиль зымыранынан Иранның жеті адамы, оның ішінде бір әскери генералы мерт болған.

Иран Израиль
1 сәуірде Израиль зымыранынан Иранның жеті адамы, оның ішінде бір әскери генералы мерт болған/Фото: Getty Images

Иранның шабуылы күтпеген, тосын оқиға емес еді. АҚШ-тың әскери барлау қызметі Израиль тарапына бір сойқанның боларын кемі 10 күн бұрын ескертті. Тегеранның өзі де алдын ала айтып істеді. Халықаралық БАҚ та жарыса жазды және сарапшылар Иран-Израиль арасында үлкен соғыс болуы мүмкін десті. 14 сәуірдегі шабуылдан соң әлем қазір Израиль қарымтасын күтіп отыр десе болады. Тель-Авив Тегеранды бомбалауға шешім қабылдаса, ғазауат соғыс басталды дей беріңіз. Оның зардабы тұтас әлем үшін Украина-Ресей соғысынан артық болмаса, кем түспейді. Тағы да экономикалық дағдарыс жайлап, миллиондаған босқын жан-жаққа қашады. Мыңдаған адам өледі, қалалар, елді мекендер қирайды...

Иран билігі «шабуыл арқылы мақсатымызға жеттік, көздеген нысандар жойылды, еврейлер қарымта жауап қайтарса, одан зорғысын да көреді» деп мәлімдеді. Ресми бұл мәлімдемелерге көрерменнің көзін жеткізуді көздеген елдегі кейбір телеарналар басқа жақта, пәлен жыл бұрын болған жарылыс видеоларын пайдаланғаны әшкере болды. Пропаганданың аты – пропаганда. Диктатураны қорғауға жұмыс істейтін БАҚ фейк таратудан ешқашан ұялған емес. BBC агенттігі ирандық арналардың бұдан бірнеше ай бұрын Чилиде болған жанармай құю бекетіндегі әлдебір газ жарылысын зымыран түскен жер деп насихаттап жатқанын анықтаған.

Алайда Израиль армиясының ресми өкілі Даниэль Хагари «дрондар мен зымырандардың бірде-біреуі Израиль аумағына жетпеді» деп, Иран мәлімдемесін теріске шығаруға асықты. Иран, Ирак, Сирия және Йемен аумағынан ұшқан зымырандарды қағып түсіруге АҚШ пен Ұлыбритания, Иордания көмектескен. Кемі 70 дронды америкалық әскерилер жолда тоқтатқаны айтылды. Бірақ халықаралық БАҚ Иран зымырандары Израиль аумағындағы екі әскери базаға түскенін, айтарлықтай шығын келтіргенін жазды. Америкалық ABC News телеарнасы Пентагондағы дереккөздерге сілтеп, Израильдің екі әуе базасына тоғыз зымыран түскенін хабарлады. Кейін Израиль билігі зымырандардың бірі «Неватим» әуе базасына түсіп, жарылыс болғанын, бірақ аса бір үлкен зардап келтірмегенін мойындады. Сонымен қатар Израиль тарапынан 10 жасар бүлдіршін қыз қаза тапқан, ал дрондарды өз аспанынан қағып түсірген Иорданияның төрт азаматы мерт болған. Иә, адамның өлімі қашан да трагедия. Бірақ жүздеген зымыран мен дрон атып, бір кішкентай бүлдіршінді өлтіру – соғыста жетістік емес.

ИЗРАИЛЬ ИРАНДЫ АТҚЫЛАЙ МА?

Қазір тұтас әлемді алаңдатқан сауал осы. Бұған Израиль билігі де бас қатырып отырса керек. Елде Иранның шабуылына дәл сондай қарымта қайтаруды талап еткен саяси топтар, қозғалыстар да аз емес. Бірақ Тель-Авив үшін қазір іштегі саяси партиялардың талабы емес, сырттағы одақтас-әріптестерінің қысымы қиын. Ең алдымен Израиль АҚШ-тың қас-қабағына қарайды. Вашингтон «зымыран мен дрондардың 99 пайызы қағып түсірілді, Иранның шабуылы сәтсіз болды» деп, Тегеранды жеңілген тарап ретінде көрсеткісі келеді әрі осы арқылы Таяу Шығыста тағы бір үлкен соғыстың басталып кетуін қаламайтынын аңғартады. Президент Джо Байден Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлескенде де қарымта қайтарудың қажеті шамалы екенін ескерткен. Америкалық басылымдардың жазуынша, Байден Нетаньяхуға Израиль Иранға соғыс аша қалса АҚШ тікелей араласпайтынын айтқан. «Ең негізгі қолдаушысы әрі сүйенері АҚШ-тың бұндай позициясынан соң Израиль Иранға жылдам жауап беруден айнып қалды» дейді БАҚ.

Бірақ Тель-Авив Тегеранның шабуылына қалай реакция танытуды өзіміз білеміз дегенді хабарлап үлгерді. Израиль президенті Ысқақ Герцог Иранның шабуылын «соғыс жариялау» деп атады. Ол журналистердің алдына шыққанда Тегеранға берілетін жауаптың бірнеше нұсқасы әзірленіп жатқанын айтқан. CNN телеарнасының хабарлауынша, Израиль жоғары билігі Иранның шабуылынан соң 14 сәуір кешке қарай бірнеше сағат жабық есік жағдайында кеңесіп, Тегеранның іс-әрекетіне қандай жауап қайтарылатынын және оның қашан жүзеге асатынын ақылдасқан. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху Иранның стратегиялық нысандарының тізімін жасауға тапсырма берген. Бірақ саясаткерлер шабуылға қалай да қарымта қайтаруға келіссе де қашан және қандай формада екеніне келгенде пікір екіге жарылған. Кейбірі тез арада тіке шабуыл жасауды, кейбірі «ақырын жүріп, анық басуды» ұсынған. Анығы – ерте ме, кеш пе, қандай да бір жауап қайтарылады. Әуеден зымыран ұшыра ма, әлде ұшақпен барып бомбалай ма, тіпті жаяу әскер жіберіп, Иранның Сирия аумағындағы әскери базаларына шабуылдай ма, әзір белгісіз.

Израиль сыртқы істер министрі Исраэль Кац 16 сәуір күні кемі 32 елдің сыртқы істер министріне хат жазып, Иранға санкцияны күшейтуге шақырғаны мәлім болды. Ол X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісіндегі жазбасында «Иран ислам революциясы сақшыларының корпусын» (арнайы әскери әрі саяси қозғалыс – ред.) террорист ұйымдардың қатарына қосуға үндеді.

Таяу Шығысты зерттеген сарапшылардың болжамынша, Иран мен Израиль арасында үлкен соғыстың болу-болмауы дәл қазір Тель-Авив шешіміне тікелей байланысты. Израиль тарабы АҚШ айтқандай дрондарды қағып тастағанын қанағат тұтып, шоқты үрлемесе өрт шықпауы мүмкін. Ал тікелей өзіне қарсы жария түрде атылған зымырандарды елдің қауіпсіздігі мен тұтастығына төнген қауіп деп бағалап, қарсы іс-әрекетке барса, ашық шайқастан екі жақ та қашып құтылмайды.

«Настоящее время» ютуб арнасы Иран-Израиль арасында болуы мүмкін соғыс туралы АҚШ президентінің бұрынғы кеңесшісі (2018-2019) Джон Болтонмен сөйлескен. Сұхбат барысында Болтон Израильдің өте кішкентай ел екеніне назар аударуды ұсынады. Оның айтуынша, Байден әкімшілігі Израильдің қарымта қайтаруына аса құлықсыз екенін бірден ағартқан соң Израиль ең сенімді серігінің қолдауын ала алмай, күші өзінен әлдеқайда басым дұшпанмен жалғыз өзі алысып қалудан қауіптенеді. Десе де Болтон Израильдің Иранға қандай да болса жауабын жақын күндері беретініне сенімді. Қалай болғанда да АҚШ-тың қазіргі билігі Израиль тарабын асықпауға үндейді. Вашингтон Тегеранды қарымта шабуылды ақылдаспай істеуден сақтандырады. Ұлыбритания сыртқы істер министрі Дэвид Кемерон да, Франция президенті Эмманюэль Макрон да Таяу Шығыстағы одақтастарын асау жүректі емес, сергек ақылды тыңдауға шақырады.

1
Фото:AP / ТАСС

ИРАН КІМГЕ НЕНІ ДӘЛЕЛДЕДІ?

Ресейдің «Россия-1» федералды телеарнасында «Вести недели» хабарын жүргізетін журналист Дмитрий Киселев «Израиль аумағын атқылау арқылы Иран әлемге өзінің әскери әлеуетіне сенімді екенін, ұзақ жыл санкция астында отырса да қару-жарақ өндірісін дамыта алғанын көрсетті. Сондай-ақ Тегеран Тель-Авивтен, оның артында тұрған Вашингтоннан да ықпайтынын, керек болса ашық соғысқа да дайын отырғанын байқатты» деп түсіндіреді. Алайда Лондондағы Chatham House сараптама орталығының маманы Лина Хатиб BBC агенттігіне берген сұхбатында «Иран әлемге өзінің бет-бейнесін көрсетуді мақсат еткен бұл шабуылын әуелден мұқият ойластырғанын және оның арты үлкен соғысқа ұласып кетпеуін, яғни тығырықтан шығар жолды да қарастырып қойғанын» айтқан. Сарапшы сөзінше, қанша жерден күшеніп, бұлшық еттерін бұлтыңдатса да Иранның қазір АҚШ-қа, оның одақтастарына қарсы тұрар қауқары жоқ. Журналистің «Израиль Иранға соғыс ашса АҚШ тікелей араласа ма?» деген сұрағына Хатиб: «Жоқ, олай ойламаймын. Тіпті Тель-Авив Тегеранға қарсы ештеңе істемеуі де мүмкін. Өйткені жексенбі күнгі бұл қақтығыста жеңіске жеткен адам – Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху. Ол Иранның зымырандарын атып түсіріп, өзіне саяси тұрғыда көп ұпай жинап алды» деп жауап берген.

Ресейлік Meduza сайты да екі елдің соғыса қоюы екіталай деген болжам ұсынады. Басылым Иранның қазір Израиль мен АҚШ-қа төтеп берер құдіреті жоқ, бірақ соғыс екі тарапқа да тиімсіз деп жазып, Иранның бұған дейін де Америкадан қалай «кек қайтарғанына» тоқтайды. Мәселен, 2020 жылы АҚШ Иранның ең атақты генералы, әскери қолбасшысы Қасым Сүлейманиді Ирак жерінде әуеден атқылап, көлігімен бірге жарып жіберді. Жария түрде істеді. Бұған Тегеран «қанды кек» операциясы болатынын мәлімдеген. Алайда кек қайтару операциясын Тегеран Бағдат арқылы Вашингтонға күні бұрын ескертіп, Ирактағы америкалық әскери базаға зымыран атып шабуылдады. Ол кезде америкалық сарбаздар бункерге тығылып, тірі қалды. Адам шығыны жоқ, азын-аулақ техника қираған бұл оқиғаға сол кездегі президент Дональд Трамп «кеңдік танытып», қарсы жауап бермеді. Иран тарабы да әдеттегідей «кек қайтардық» деп мәз болысты.

Лондондағы араб-иран орталығының зерттеушісі Али Нури Заде Al-Jazeera телеарнасына берген сұхбатында Иранның жетістік туралы мәлімдемелерінің құны көк тиын деп есептейді. Оның сөзінше, Иран шабуылының Израиль әскерінің стратегиялық нысандарына зардабынан гөрі ақпарат құралдарында айқай-шуы көп, дабырасы басым. Нури Заде бұл шабуыл Иран билігінің әлсіз, батыл шешім қабылдауға келгенде тайғанақ екенін көрсетті деп біледі. Бірақ Ливан астанасы Бейруттегі Таяу Шығысты зерттеу институтының директоры, отставкадағы генерал Хишам Джабер BBC агенттігінің араб қызметіне «шабуыл арқылы Иран әлемге өзінің қуатты ел екенін, ешкімнен сескенбейтінін, қала берді үлкен майданға да дайын екенін дәлелдеді» деген.

Немістің Deutche Welle телеарнасы Иран зымыран және дрон ату арқылы Израиль нысандарын жоюды емес, әлемге өзінің әскери қуатын демонстрациялауды көздегенін айтады. Ирандық БАҚ пен әскери сарапшыларының ұстанымы да осындай болған. Анығында, Иран 45 жыл санкция астында өмір сүріп келе жатса да қару-жарақ өндірісінде, әсіресе соңғы жылдары дрон құрастыруда ілгері кеткен. Оның дрондарына қазір Ресей аса мұқтаж. Орыстар Украина қалаларына дәл осы тәсіл – дрон-зымыран шабуылын қолданып жүр. Дрон – зымыранға қарағанда әлдеқайда арзан әрі жасалуы да жылдам. Bloomberg агенттігінің зерттеуінше, Иран дрондарының компоненттерінің бәрі АҚШ пен Еуропада жасалған. Санкцияға қарамастан, бөлшектер емін-еркін жеткізіліп жатыр.

Иранның Израильге шабуылы нарыққа да әсер ете алмады. Сенбіден жексенбіге қараған түнгі шабуылға әлем экономикасы дайын боп шықты. Алдын ала ескертілген, жылдам қарымтасы қайтпаған бірнеше сағаттық шайқас мұнай бағасына өзгеріс енгізбеді. Нарық Таяу Шығыста соңғы жарты жылдан бері болып жатқан тұрақсыздыққа бейімделіп алғанын байқатты.

Айгүл Баба

Тегтер: