Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:09, 19 Сәуір 2024

Тасқынның алды шығын, арты тендер

тасқын
Фото:

Қайтыс болған адамдар, эвакуацияланған тұрғындар, су басқан өңірлер, су ағызып әкеткен үй жануарлары, қыруар шығын...

 Қазақстандағы биылғы көктемнің зардабы осы. Биыл да жылдағы сценарий қайталанды. Он жылдан аса жыл сайын ескертіп баққан көктемгі сел ақыры тасқынға айналды. Он екі өңір су астында қалды. Апаттан келген (келетін) есепсіз шығынды әкімдер мен үкіметтегілер әлі есептеп үлгере алмай жатыр.

2024 жылғы су тасқынына дайындық 2023 жылы басталып кеткен. Еске салсақ, былтыр Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай өңірлерінде 343 үйді су басып қалғанда үкімет барлық мемлекеттік мекемелердің басын қосып, келер жылы мұндай олқылықтарға жол бермеу керектігін ұзақ талқылаған. Бұған қарап біз де «әй, енді бір олқылықтарынан сабақ алатын болды-ау» деп дәметтік. Сол кездегі төтенше жағдайлар министрі болған Сырым Шәріпхановтың есебіне сендік, сондағы үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың жоспарына үміт арттық. Түптеп келгенде, биыл жаңа үкімет басшысы болған Олжас Бектенов су тасқынына дайындықтың «шартты түрде» ғана болғанын мәлімдеді. Атқарылған жұмысты талдаған уақытта 218 іс-шараның бар болғаны 88-і немесе 40 пайызы ғана орындалған болып шықты. Соның өзіне қыруар қаражат жұмсалып, қазынадан 14 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.

Әкімдіктер көп күттірген жоқ

Тасқын басталғалы бюджеттен қаражат «сындырудың» көкесі енді басталатынын айтқандар аз болған жоқ. Себеппен емес, салдармен күресіп үйренген, тамағына пышақ тақалғанда ғана белсенді қимылдай бастайтын әкімдіктер де көп күттірген жоқ. Қазірдің өзінде тәжірибесіз компанияларға қаражат бөле бастады.

лай көшкіні
Алматы облысы Талғар ауданы Бесағаш ауылындағы лай көшкіні. Фото: aikyn.kz

Тасқыннан тыс, бірақ бұл да көктемгі табиғи өзгеріске қатысты бір мысал. Өткен айда Алматы облысы Талғар ауданы Бесағаш ауылында лай көшкіні жүрді, бірнеше үй бүлінді. Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті көшкен лайдың ауқымы 500 шаршы метр екенін, бір үй мүлдем тұруға жарамай қалғанын, тағы да бірнеше үйге жөндеу жұмыстары керек екенін мәлімдеді. Артынша, мемлекеттік сатып алу порталында лай көшкінінен бүлінген сол үйлерді жөндеуге 150 млн теңге бөлінгені туралы ақпарат тарады. Жергілікті әкімдік бұл қаражатты бүлінген 8 үйді қалпына келтіруге «КазГидроСпецСтрой» деп аталатын компанияға берген. Аталған компанияның тәжірибесі аз, былтыр ғана құрылған. Тендерді бір көзден өткізуге тура келгенде тапсырыс берушінің тәжірибесі мол, ауқымды жұмыстарды істеп жүрген компанияларды таңдауы керектігін ашық ақпарат көздері де жазды. Бірақ Бесағаш әкімдігінің былтыр ғана құрылған, құрылғалы бері өндіріп жұмыс та істемеген бұл компанияны не үшін таңдағаны белгісіз.

Мемлекеттік сатып алу порталына көз жүгіртсек, расымен де әкімдіктер мұз жаруға, арықтарды тазалауға, ағын сулардың арнасын қалпына келтіруге, қаланың эко-тазалығын реттеуге қомақты қаражаттар бөле бастағанын байқаймыз. Мәселен, Семей қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі 2 сәуір күні ағын суларды жоюға қатысты «ЭКОСЕМЕЙ А» компаниясына 86 млн теңге қаражат бөлуге келісімшарт жасаған (Лот нөмірі 016-015-159, келісімшарт нөмірі №220240016236/240051/00). Бұл тендер де бір көзден берілген. Ең қызығы, дереккөздер бұл компанияның құрылғанына үш ай да болмаған тәжірибесіз компания екенін көрсетіп отыр.

Бұдан бұрын Семейдің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі 1 наурызда «Семей Водоканал» мемлекеттік мекемесімен 016-015-159 лот нөмірі бойынша ағын суларды бұруға қатысты 246 млн 518 мың теңгеге келісімшарт (№220240016236/240047/00) жасаған. Артынша, тұп-тура бір айдан соң 1 сәуір күні аталмыш шаруашылық бөлімі 016-015-159 нөмірлі лот бойынша тағы бір тендер жариялап, сол «Семей Водоканал» кәсіпорнымен 150 млн теңгеге келісімшарт (№220240016236/240053/00) жасаған. Шамасы, өзге аймақтардың олқылығын қайталамайық деген болуы керек, Семейдің әкімдігі қаладағы ағын сулармен күресті едел-жедел бастап кетіпті.

Алайда қала тұрғындары тендер бөлінгенмен, арықтардың тазартылмайтынын, қардың уақытылы шығарылмайтынын, мұздың жарылмайтынын айтады. Бұл ретте Семей қаласының тұрғындары жыл сайын ауласына кіретін сумен өздері алысып үйреніп алған. Қаладағы «Затон» аталып кеткен ықшам ауданның тұрғындарына көктем келсе құрал-саймандарын дайындап отыру үйреншікті дағдыға айналған. «Биыл да сол әдеттен жаңылмадық», дейді қала тұрғыны Нұрбол Бақдәулетов. Оның айтуынша, 11 наурызда қалада күн күрт жылынып, аудандағы бірнеше үйді су басқан. Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерін қайта-қайта қоңырау шалып жүріп әрең келтірген.

«Қыс болса қаланы қар мен мұз басып, арықтар тазаланбайды. Аймақтағы өзендердің мұзы жарылмайды. Сол мұз жаруға әкімдік миллиондап тендер бөледі. Әкімдіктің есебін тыңдағанда биыл ақпан айында Тұрғысын, Малеевск, Зубовск ауылдарында мұз қатқан өзендерді жаруға 150 млн теңге бөлінген. Тендерді әкімдік «KAZ EXPLO SERVICE компаниясына берді» деп естідік. Бұл компания Шемонаихадағы өзендерді жаруға 50 млн теңгеге тендер алған. Осы уақытқа дейін ол компания Шығыс Қазақстан бойынша аудан әкімдіктерінен 38 тендер алыпты. Бірақ бізді жылда су басып жатады. Көшедегі қар уақытында тазаланбайды. Өзен мұздары жарылмайды, арналар тазартылмайды. Көктем келсе резеңке етігімізді киіп, қолымызға шелек ұстап алып, ауладағы суды өзіміз шығарамыз. Соңғы 20 жылда көргенім осы. Қыруар қаражаттың қайда кетіп жатқаны әкімдіктегілердің өздеріне ғана мәлім», – дейді Н.Бақдәулетов.

Жалғыз Семей әкімдігі ғана емес, тендер жариялап, бөлінген қаражатты таласқа түсіруден Жамбыл, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары да қалыспайды.

Петропавл қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі 19906992 лоты бойынша «Дорсигнал» ЖШС мекемесімен 211 млн теңгеге келісімшартқа отырған. Суды магистральдық құбыржолдар және (немесе) арналар арқылы беру жөніндегі қызметтерді ұсынуға 012-015-159 бойынша Атырау облысы, Махамбет аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мемлекеттік мекемесі, «Қазсушар» кәсіпорнымен 200 млн теңгеге келісімшарт жасаған. Тізе берсек, ағын сумен күресуге, арықтарды тазартуға жарияланған тендер де көп, бөлінер қаражат та қыруар. Аталған облыстар да бірінен кейін бірі сарқынды және ағын суды қалыпқа келтіретін компанияларға, ЖШС-ға қаражат бөліп жанталасуда. Бұл үрдіс жақын арада тоқтамайтыны және түсінікті. Әлі талай өзі жас, өзі миллионер компанияларды көріп қалуымыз әбден мүмкін. Өйткені төтенше жағдай қашанда біреуге уайым, біреуге мүмкіндік.

Миллиардтардың иесі кім?

Экономист-ғалым Қайырбек Арыстанбековтің сөзіне сүйенсек, қазіргі сәтте үкімет тасқын судан келген зардаптарға қаражат бөлуді жергілікті әкімдіктерге міндеттеп қойды. Бұл дегеніңіз – жергілікті атқарушы билікке «қазынаның қақпағы ашылды» деген сөз. Ендігі кезекте әкімдерге «тасқынның зардаптарын жоюға бағыттадық» деп, мол қаржыны көсіп алуға мүмкіндік туып тұр. Сондықтан бұған қатты бақылау қойылуы керек.

«Қазір басқа қаражаттан бөлек тұрғындарға баспана сатып алуға 22 млн теңге бөлінетіні белгілі болды. Меніңше, тым құрығанда сол қаражатты халықтың өзінің қолына беру керек. Өзіне-өзі жаны ашитын болғаннан кейін ел өзін-өзі жемейді, қаражатты жымқырмайды. Ал әкімдерге сенім жоқ. Күні ертең ол қаржыны жергілікті әкімдіктер басқаратын болса, қаражатты қандай да бір көзтаныс компаниясына береді де, екеуара ымыраласып, 22 млн емес, 11 млн теңгенің үйі тұрғызылуы мүмкін. Негізінде төтенше жағдайға байланысты бөлінетін әкімдіктердің бюджеті өте қомақты. Ел өзіне берілген қаражатты өзі бақылап, артынан есебін әкімдікке өткізіп, осылайша, қаржының желге кетпеуіне сеп болады», – дейді Қ.Арыстанбеков.

Бұл сөзді қаржыгер Арман Мусин де құптайды. Төтенше жағдайға жергілікті бюджеттерден 26 млрд теңге қарастырылған. Аталған қаражат жетпесе, үкіметтің 320 млрд теңгеге жуық қосымша резервтегі қоры бар. Бұған үкіметтің әрбір үйді салуға беретін 22 млн теңгесін тағы қосыңыз.

«Жекелеген бизнес, еріктілер, қоғам белсенділері тарапынан да су басқан аймақтарға қаржылай, заттай көмектер беріліп жатыр. Есепшот ашып, қаражат аударып жатқандар да бар. Гуманитарлық көмектердің де қарапайым халыққа жетпей, талас туып жатқанын көріп жатырмыз. Сондықтан бұл арада «қазынаны аштым, талапайға салдым» деген болмауы керек. Үкімет әкімдерді қатаң бақылауға алуы тиіс. Әрбір қаражаттың сұрауы барын түсінген абзал. 2019 жылдан бері халықаралық Экономикалық ынтымақтастық ұйымы «Қазақстан аймағының 75 пайызына табиғи апаттардан қатер төніп тұр» деп мәлімдеп жатыр. Біздің әкімдер мен министрлер сонда да бұл салаға бөлінген қаражатты шашып жұмсауын қоймайды. Негізінде, аймақтардың қарғын судың астында қалуына ішінара факторлар да әсер етті ғой. Табиғи арналардан бөлек, арықтар тазартылмайды. Дренаж жүйелерінің су өткізу қабілеті нашар. Жетпісінші, сексенінші жылы тұрғызылған гидротехникалық нысандар әлі жаңартылған жоқ. Осының барлығын бақылаудан шығарып алған әкімдер мен министрлер бұл жолы да қаражатты көсіп алуға қызығары анық. Сондықтан қаражаттың қайда кеткенін бақылап отыратын арнайы қоғамдық комиссия құрылғаны жөн. Ашық порталда электронды түрде халыққа әр қаражаттың қайда жұмсалғанына анық есеп беріп отыратын сайттар, платформалар жедел түрде іске қосылуы керек», – дейді қаржыгер.

Алайда біздің атқарушы билік мұндай ұсыныстарға құлақ аса қояр ма екен?! Едел-жедел қаржы бөлгенмен, мұндай бастамаларды едел-жедел қолданысқа енгізуге асыға қоймайды. Оның үстіне, бізде цифрлық даму әлі жетілмеген. Елге қызмет көрсетеді деген небір электронды платформалардың мың ойланып, жүз толғанып, жүйкені құртып жіберетіні тағы бар. Қызылағаш ауылын су алған 2010 жылғы оқиға ұмытыла қойған жоқ. Қызылағашқа деп қаншама ақша бөлінді, халық тарапынан да қаншама ақша жиналды. «Сондағы қаржыға бес Қызылағаш салып тастауға болар еді...» дейтін сөзді арагідік естіп қаламыз...

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Тегтер: