Айткүл ШАЛҒЫНБАЕВА: Он жылда кіші арал толық кебеді

Айдар САЙЛАУОВ

12.03.2021, 09:09

936

Ақпан айында жауған қалың қар мен нөсер жауын және сәуірде күннің күрт жылынуы ақ қар, көк мұздың еруін жылдамдатып, төбелер мен қыраттардан ойпаңға қарай сылдырай аққан су өзен, көл, суқоймаларын аз уақытта лық толтырып, елді мекендердегі жұртшылықты әбігерге салатынын ертеректе жиі еститінбіз. Ал қазір Сырдарияның күйі жаралы жолбарыстай. Баяғы алқынған, жұлқынған, тасыған кезінен жасып қалған. Бойына қан жүрмеген жандай сылбыр. Ал жаз мезгілінде халі тіптен мәз болмай қалады. Су тапшылығының кесірі мен кеселі сағада жатқан Арал балықшыларына соққы болып тиюде. Бірақ бұл мәселені ретке келтіріп, халықаралық деңгейде ушыққан мәселені шу шығармай, судың жайын шешуге болар ма? Мамандар мен билік өкілдері не дейді?! Біз де су тақырыбына терең бойлап көрдік.

Тасқын. Тікұшақ. Тапсырма

Қызылорда облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Медет Усаин Сырдария өзенінің бүгінгі жағдайын бізге баян етіп берген болатын.

Басқарма басшысының айтуынша, бүгінгі күні Шардара суқоймасынан Сырдария өзеніне түсіп жатқан су көлемі секундына 550 текше метрді құраса, оның 250 текше метрін Көксарай су реттегіші алуда. Облыс аумағына секундына 280 текше метр су келуде. Өзен арнасында соңғы жеті жылда болмаған жағдай орын алып, мұз Жаңақорған ауданы аумағына дейін ұстасыпты. Мұздың қалыңдығы солтүстік аудандарда 35-62 см, оңтүстік аудандарда 18-35 см құрап отыр. Соңғы мониторинг жұмыстарын жүргізу барысында жалпы ұзындығы 3 шақырымды құрайтын шұғыл қалпына келтіруді қажет ететін үш нысан анықталған екен.

Осыған орай, аймақ басшысы да Сырдария өзені жағалауындағы қауіпті нысандарды қалпына келтіру бағытында тиісті сала басшылары мен қала, аудан әкімдеріне бірқатар тапсырма берген екен.

– Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері қауіпті учаскелерге бекітілген жауапты мекемелердегі арнайы техникалардың дайындық жағдайында болуын қамтамасыз етіп, Сырдария өзенінің бойындағы әрбір қауіпті учаскелерге бекітілген арнайы техникалары бар жауапты мекемелердің дария бойы кезекшілігін ұйымдастырсын. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті облыс көлемінде су тасқынының алдын алу мақсатында авариялық-құтқару қызметтері мен күш-құралдарының дайындығын үнемі әзірлікте ұстауы қажет. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасымен бірлесіп, қалпына келтіру жұмыстарын қажет ететін өзен бойы қорғаныс бөгеттерінің жөндеу жұмыстарына қаржы бөлу бойынша облыстық бюджеттік комиссия отырысына ұсыныс келтірсін. Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасына аталған қорғаныс бөгеттеріне шұғыл түрде жөндеу жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырамын. Өзен арнасындағы сең кептелісі кезінде қажет болған жағдайда қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, мұз жару жұмыстарын жүргізгені жөн, – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Сондай-ақ «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қызылорда филиалына көлдер жүйесіне су алу мақсатында облыс көлеміндегі барлық су таратушы каналдарды әзірлікке келтіруге, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясына Шардара суқоймасынан қыс-көктем айларында Сырдария өзенінің төменгі ағысына түсірілетін су көлемінің бекітілген кестеге сәйкес орындалуына үнемі бақылауда ұстауды тапсырған. Бірақ тапсырылған іс тиянақты тындырылса игі.

Себебі облыс әкімі Г.Әбдіқалықова Сырдария өзеніне әуеден де мониторинг жүргізді. Жыл сайын қыс-көктем мезгілдерінде Сырдария өзенінде мұз қату және жүру кезеңдерінде елді мекендер, ауылшаруашылық жерлері мен шаруашылық нысандарын су басу қатері төнеді. «2020-2021 жылдардағы қысқы-көктемгі кезеңде Сырдария өзеніндегі мол суды қауіпсіз өткізу бойынша дайындық жұмыстарын жүзеге асыру» іс-шара жоспары әзірленіп, бекітіліпті.

Іс-шара жоспарына сәйкес, су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізуге облыс бюджетінен 266,3 млн теңге бөлінген (оның ішінде 138,2 млн теңге – қорғаныс бөгеттерін жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына, 10 млн теңге – мұз жару жұмыстарына, 4,8 млн теңге – қаптар сатып алуға және 113,3 млн теңге – «Қазавиақұтқару» АҚ қызметтеріне). Сонымен қатар су тасқынына қарсы 68,6 тонна жанар-жағармай, 154 590 дана қап және басқа да материалдық-техникалық құралдардың қоры қалыптастырылған.

Қазіргі таңда ауа райының жылуына байланысты мұз Шиелі ауданы Қарғалы елді мекені тұсында жүруде. Осыған орай, ағымдағы жылы 22 ақпанда облыс әкімі Г.Әбдіқалықова мен облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы М.Усаин өзендегі су шаруашылығы жағдайына тікұшақ арқылы мониторинг жүргізді. Бұл – тасқыннан қорғану жұмыстары ғана. Мәселенің ар жағына үңіле түссеңіз, су төңірегіндегі талас-тартыс, келіспеушіліктер, пікірлер қайшылығы көп. Бәрі жазды күні Арал және оған қарасты көлдердің көңіл түсіретін жағдайы. Егіншілерге жетпей жатқан суармалы судың ахуалы. Бәрі-бәрі суға келіп тіреледі.

«Су комитеті 40 министрліктің добына айналды»

– Арал мен Сырдария ғана емес, мемлекетіміздің бүкіл тынысы трансшекаралық суларға байланған елміз. Қазіргі уақытта трансшекаралық сулардың жағдайы біз ойлағаннан да күрделі. Мемлекетіміз су саясатын күшейтпейінше, Арал, Сырдария, басқа да ортақ су проблемалары күрделене береді. Көкарал бөгетін көтеретін САРАТС жобасының бір деңгейлік нұсқасы жүзеге асса, оған судың табиғи көбеюі сеп болса, 1-2 жылда-ақ Арал Балтық теңізі жүйесімен 42 белгіден 46-48-ге бірден көтерілер еді. Оны САРАТС-1 жобасымен салынған Көкарал бөгеті дәлелдеді.

Өйткені су жоғарыдан, ортақ су алабынан түседі емес пе? Оған әлі де 5-6 жылға созылуы мүмкін су тапшылығы циклын қосыңыз. Ол аз болса, Сырдарияны бастауынан бөгеп, қоймаларына су жинап алып жатқан құдайы көршілердің заңсыз әрекеттері Сыр-Ананы шаршатып отыр. Дарияның басында отырған мемлекеттер ортақ судан жылына 12 млрд текше метр суды Қазақстанға жіберуге міндетті. Айта кеткен жөн, судың осы 12 млрд көлемін советтер бекітіп берген. Советтердің сол құжаты сол күйі күшінде қалып қойған. Оны өзгертіп, Қазақстанның қазіргі және болашақ су жағдайына бейімдеп, қазақ суының мүддесіне қарай халықаралық заңдылықтарға сүйеніп, жаңа лимит бекітіп алуды әзірге үкімет те, бүкіл Қазақстанның су мүддесін қорғауға күші жетпей отырған комитет те ескермей отыр, – деді эколог журналист Айткүл Шалғынбаева.

Сөзінің жаны бар. Қазір бәрі қағаз күйінде қалып қойған. Іспен атқарылып жатқан жұмыстарды көрсек, теңіздің оңалған түрін көрер едік қой. Тырнағымен мұз тырмалап өткен балықшылардың несібесі осы суда. Ал табиғи суды бөгеу алапат апатқа әкеп соқтырмасына кім кепіл?!

Айткүл Шалғынбаеваның айтуынша, Арал тағдырын алға тартып, сол лимит көлемін Халықаралық су конвенциясымен, БҰҰ-ның қатысуымен қайта қарап, Қазақстанның лимитін Арал үшін ұлғайтуға қол жеткізу қажет. Сондай-ақ дария суының табиғи азаю циклын да ескеріп, судың табиғи азаю уақытында да Қазақстан лимитін Арал үшін артығырақ алуды бекітіп алған жөн. Ал қазір не, жоғары жақтағы мемлекеттерге бақылау жоқ. «Осылайша алтыннан қымбат трансшекаралық су ресурсын пайдалануда позициямызды қолдан беріп қойып отырмыз» дегенді алға тартады ол.

– Айтсақ осы проблеманы айтайық. Жоқ суды айқайлағанмен келтіре алмаймыз. Егер жоғарыда айтқан трансшекаралық суды мемлекетаралық пайдалану мәселесін үкімет шешіп алса, Арал да, дария да проблемадан арылар еді. «Суқоймалар керек пе, керек емес пе?» дегенге келсек, шынтуайтында, судың бөгелуіне, буылуына мен де қарсымын. Бірақ реалие бар. Былтыр секундына Аралға небәрі 10-15 текше метрғана су түсіп тұрды. Тағы да айтамын, осы жерде отырып, қылғынып жанымыз ашығанмен, Қазақстан үкіметі су саясатын күшейтіп, трансшекаралық су мәселесін шешіп алмаса, алдағы 10 жылда Кіші Арал толық кебеді. Өзіңіз ойлаңызшы, 30 жыл болды, өзбекпен де, қырғызбен де ортақ суды пайдалануда бір мәмілеге келе алмай отырмыз.

Өзбектер 30 жылда біздің келісімімізсіз қаншама суқойма салып тастады. Суды қайдан алып жатыр? Сырдариядан, әрине. Неге қазақ үкіметі БҰҰ-ға жүгінбейді? Қазақ үкіметі алда су тапшылығы ғасыры келе жатқанда, су сияқты стратегиялық аса маңызды ресурсқа саяси маңыз бермей, бейқам отырғаны қалай? Неге су комитеті 40 министрліктің добына айналды? Керек десеңіз, су комитетінде қазақтың су мүддесін қорғайтын мықты маман да қалыптаспаған. Өйткені допша домалап, әр министрліктің босағасында жүрген кадрларды кім бағалайды? – деп кесіп айтты А.Шалғынбаева.

Су сұрасаң, шуға айналған тұста шынымен мықты келіссөз қажет. Әйтпесе зардабы халық пен балыққа, табиғатқа атылған оқпен тең.

«Қырылған балыққа да вирустар кінәлі ме?»

Арал дегенде абыржудан бастап, басы ауырып, балтыры сыздайтын Сайлаубай Жұбатыров қой. Белгілі жазушы ағамыздың судың жайын әлімсақтан бері қозғап келе жатқанын білеміз. Теңізге түскен бір тамшының тағдырына алаңдайтын жазушының әр ойы аралдықтар үшін маңызды. Сондықтан мемлекеттік қызметкерлер Сайлаубай ағаймен санасып, су мәселесінде тоқайласқан шешім қабылдаса нұр үстіне нұр болар еді.

– Тарихтан хабарсыз жігіттерге айтарым: Кіші Аралды халықтың сұрағанына – 31 жыл. Бұл сіздерге ғана түсінікті «вирустың, популизмнің», әлде коньюнктураның амалы емес. Бізге есіл уақыт пен есіл суды (балық) жоғалту қасірет. Әлем қайғысына айналған Аралдың ең болмаса елеулі айдынын тірілтіп алудың азаматтық, намысты жолын таңдаудың орнына біздің жігіттер «өспес жұрттың өнбес дауына» түсті. Кіші Аралды көтеру – беріліп тұрған жалғыз тарихи мүмкіндік, оны «ұсаққа ұрындыру» тарихи тайыздық болмақ. Елбасы «Аралға су келтір» дегенде, Аралдың басқа балықшы жұртын алала, жұтат деген жоқ. Ол сөзді өз өреңде желпілдете беру ұят.

Кіші теңіз үшін күрес – дариядағы судың аздығын, болашақтың күңгірттігін айтып, тар мақсатқа ұрыну емес. Ел болып, өз сыбаға суымызды алуды неге айтпаймыз? Іле-Балқаш өнегесінде қайран Сыр бойын оңалтуды неге алға қоймаймыз? Айналып келіп үні жоқ өз жерімізді қинай беруде неткен батырмыз? Көкаралды көтеріп, тұтас кіші теңізді тірілту керек. Бұл мүмкіндікте су жиегін 50 метр есепте шешу керек. Мейлі, ол ұзақ не тез толар, су 46-48 метрде тұрар, бастысы – биік бөгет халық үмітін бекітеді. Балықшы өз амалын табады. Болашақта елдің бізге солтүстігінен су келу мүмкіндігі анық, – дейді С.Жұбатыров. Ел дегенде еміренетін тұлғалар барда болашақтан күдер үзуге де болмайтын секілді. Дегенмен де жалғыздың үні қашанда көпке тәуелді.

Су мәселесіне мән бергенде дарияның тасуы мен тартылуы, Арал мен оның көлдері және Көкарал да ерекше тілге тиек болады. Бұл мәселеге Сайлаубай ағайдың өзі нүкте қойған секілді.  «Көкарал бұзылады дегенді желпілдете берудің арты да түсінікті. Бұзылса Дмитриевтен бастап, жауапты адамдар, зарубежводстрой – жасына жетпей тозған нысанға жауап беретін болсын. Көкаралда миллиондап қырылған балыққа да вирустар кінәлі ме? Біз Көкаралды бар проблемасымен жауып тастауды 15 жыл бойы айтып келеміз. Бүгін аймақ басшылығы оны жөндеуді жедел қолға алып жатыр. Құдай қолдасын дейік. «Сарышығанақ Көкарал проблемасын жояды» деген далбасаны қою керек, – дейді ол.

Арал ақырзаманы

Арал теңізі ғасырлар бойы планетамыздың ең үлкен континенттік сутоғаны ретінде белгілі еді. Ол қазіргі Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында жатыр. Бірақ бүгінгі күні оның тартылып бара жатқаны бізге сабақ болуы тиіс.

«Ақырзаман деген тура осындай болар», – дейді Юсуп Камалов алдымызда ұзыннан-ұзақ созылып жатқан, шілік басқан шөл даланы қолымен нұсқай отырып. – Ерте ме, кеш пе, ақырзаман бола қалса, қарақалпақстандықтар ғана одан аман қаламыз, өйткені біз қазірдің өзінде-ақ ақырзаманды бастан кешіріп отырмыз», –  дейді ол.

Төбе-төбе болып жатқан ұлу қабыршақтары мен құмда қайраңдап қалған, тозығы жеткен қайықтар болмаса, Арал ауданындағы құмдақ жартастың үстінен қарағандағы көрініс нағыз бір шөл далаға тап болғандай әсер қалдырады. «Бұл ара кезінде Арал теңізіне сұғына орналасқан түбектің шеті еді» десе, жан баласы сенбейтіндей. Бұл ақырзаман тектес күй аралдықтардың жанына тіптен жақын. Дәл жүрегінде отырып, солып бара жатқан теңізгүлін көргенде, жан қалай тыныш тапсын?! Теңіздің халі өзеннің тасқын болғанынан асқынбайды-ау, тартылғанынан тынысы тарылады емес пе? Бәрі – парадокс.

Тегтер: экология табиғат мәселе инспектор байлық жанашыр майдан тіршілік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еркежан АРЫН 15:52
«Қазақстан – бұрынғы Кеңес Одағы аумағында құрылған ірі бітімгершілік күштердің бірі»
М.СӘУЛЕБЕК 14:15
Министр штаб отырысын Шымкентте өткізді
Б.СӘРСЕНБИ 12:59
Түркістанда 25 тойхана жабылды
Миуа БАЙНАЗАРОВА 09:18
Қашпаған сиырдың уызынан дәметіп отырмыз
Сайт әкімшілігі 04.08.2021, 16:32
Алматы облысында демалыс күндері локдаун жарияланады
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 04.08.2021, 12:03
Қараусыз қалған аулалар, қоқыс басқан Қарағанды

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58