Газ жарылысы қынадай қырып барады

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

25.01.2023, 16:18

1541

Қарағандыда апта сайын тұрмыстық газ жарылып жатыр.  Төтенше жағдай соңғы кезде тіпті үдеп барады. Сенбі күні облыс орталығындағы көп қабатты үйде болған төтенше оқиға кезінде  бірнеше пәтер зақымданып, екі адам зардап шекті. Қаңтардың алғашқы аптасында кеншілер шаhарындағы 16 қабатты үйдің 8 қабатында орасан зор газ дүмпуі үш тұрғынның өмірін жалмап кетті.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті былтыр Қарағандыда тұрмыстық газға қатысты 18 ірі оқиға тіркеген. Пропан апатынан 9 адам әртүрлі деңгейлі дене жарақатын алып, 4 адам опат болған.

Бүгінде қала тұрғындарының 70 пайызы тұрмыстық газды тұтынады.  Көгілдір отынның бұл түрі қалтасы жұқа қарапайым халыққа тиімді. Мәселен, Бөкейхан ауданындағы «Пропан» газ балонын жеткізу пунктінде  сұйық отынға толы балондары 2500-5500 теңге аралығында сатылуда. Дейтұрғанмен ел пәленің бәрі газдан келетінін саналы түрде түсінеді. Әйткенмен, бұқара тұрмыстық газдан бас тарта алмай отыр. Айтуларынша, оның бірнеше себебі бар:

— Менің плитам екі қызметті бірдей атқарады. Кезінде газ балонын пайдалануға тыйым салса, тамақты электр энергиясымен дайындаймын деген ой болған. Әлбетте, тоққа қосылатын  бөлігін  сирек пайдаланамын, өйткені көгілдір отынның құны әлдеқайда арзан. Газды тұтыну ережесін жақсы білмесем де, қарапайым қағидасынан хабардармын. Кейде жантүршіктірерлік жаңалықты естігенде, газды қолданудан бас тартайын деп оқталамын. Бірақ менің сақтанғанымнан келіп-кетер дәнеңе жоқ, көршілерімнің барлығы газ пайдаланып отыр, – дейді Ә.Бөкейхан ауданы 12 ықшамауданының  тұрғыны Күлпәш Қоңырқызы.

Арзан қызметті пайдаланушы бұқараның көкейінде үрей басым. Жылдар бойы тұрмыстық газды тұтынып келе жатқан тұрғындардың қызметтің осы түрін жеткізушілерге өкпесі қара қазандай. Пропан толтырылған балонның сапасы сын көтермейді. Ал дәніккен делдалдар халықтың талайғы шағымын қаперге алмай келетін көрінеді.

— Газ балонын сататын пункттерде арнайы кәсіби мамандар жоқ. Мұндағы жұмыскерлердің дені – тасымалдаушылар. Олар газ қауіпсіздігінен бейхабар. Әлгілер плитканың пілтесін қалай тазартпақ түгілі, газ балонын дұрыс орнатуды білмейді. Балондары ескірген, тығыздағыш резеңкелерінің тозығы жеткен. Тағы бір айта кетерлігі, тасымалдаушылар редукторы ескірген тұтынушыларға қызмет көрсетуден бас тартуы тиіс. Біле білсек, мерзімі шыққан редуктор көбіне газ жарылысының туындауына әкеп соғады. Ақшаға құныққан фирмалар халықтың өмірі үшін бас қатырмайды. Сонда, біз кімге арқа сүйеуіміз керек? – дейді 14 ықшамаудан тұрғыны Гүлден Сүлейменова.

Шынымен де халықтың мүддесі кімдерді ойландыруы керек? Басы ашық сұраққа жауап табу қиын. «Ит жоқта шошқа үредінің» кері келіп тұр. Құныққандар демекші, қазіргі кезде Қарағанды мен серіктес шаhарларда газ балонын  толтыру және тарату пункттерінің саны 69-ға жеткен. Бұл ресми тіркеуге ілінгендері ғана. Ал көлеңкелі бизнеспен айналысушылар жылдан-жылға қаулап барады. Ендеше, халықты сүліктей сорып жатқан делдалдарды қалай тоқтатуға болады?   

— Тұрмыстық газдың жарылысын тоқтату қиындап бара жатқанын аңғарып отырмыз. Жүгенсіздік жалғаса берсе, біраздан кейін көпқабатты үйлер бірінен соң бірі опырылып, бірнеше подъездердің күлпаршасы шықпасына кім кепіл?  Менің ойымша,  қолдан жасалып отырған қайғылы оқиғаны тоқтатуға  учаскелік полицейлерді жұмылдыру керек. Тәртіп сақшылары өз аумағындағы тұрғын үйлердегі газ балонын пайдаланушыларды тіреуге алған абзал. Тиісті органдар кінәлілерге айыппұл салу қажет. Ескертуді елемейтін тұрғындарға санкцияны тоқтатпаған дұрыс, – дейді  тәуелсіз сарапшы  Айдана Ешмахан.

Сарапшы сөзінің жаны бар. Еліміздегі «газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды бекіту туралы» Ішкі істер министрінің 2017 жылғы арнайы бұйрығы бар. Онда газ плитасын сатып алған тұтынушылар мемлекеттік лицензиясы бар сервистік компаниялармен келісімшартқа отыру қажеттігі жазылған. Мұндай компания тапсырыс берушінің үйіне келіп, құрылғыны орнатып, жылына бір рет оның қауіпсіздігін тексеріп, қажеттілік туындаған жағдайда жөндеу жүргізуге  міндетті. Бұл қызмет түрі ақылы. 2019 жылы мұндай компанияның айлық тарифі 80 теңге болатын.

Міне, тайға таңба басқандай заң бар. Солай бола тұра, аймақтағы жауаптылар марғау. Полицияның пәрмені қайда? Осы  істі  үйлестіретін барлық деңгейдегі әкімдіктердің жанындағы газ-техникалық инспекциясы қызметінің қызметкерлері неге пұшайман халде?

Тегтер: газ қауіп төтенше жағдай

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұрболат ӘЛДИБЕК 11:26
Жамбылда университет жұмысшылары бас көтерді
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ 31.01.2023, 13:46
Шағын ауданның аты затына сай емес
Сайт әкімшілігі 31.01.2023, 09:46
Алматы облысында жантүршігерлік жол апаты болып, екі адам көлікте жанып кетті
Сайт әкімшілігі 30.01.2023, 08:24
ШҚО-да биылғы жылыту маусымында өрттен көз жұмғандар 16% артты
Сайт әкімшілігі 30.01.2023, 08:20
Төрт өңірінде ауа райына байланысты ескерту жарияланды
Сайт әкімшілігі 28.01.2023, 11:03
Маңғыстау мектептерінде білім сапасын арттыру бағдарламалары іске асуда

Аңдатпа


  • Зүлфия-ау, ит құрлы құнымыз болмады ма?!.
    07:20
  • Әкімдер ай қарап жүр ме?
    07:16
  • Тағдырын «дәретхана дауы» талқандаған...
    07:12
  • «Экстің» пайдасынан зияны асып кеткен жоқ па?!
    01.02.2023, 07:32
  • Бір мандатқа таластырды бұл билік...
    01.02.2023, 07:28