Киік жайылымды құртып, шабындықты шаң қылды

 Батысқазақстандық шаруалар ашынып отыр

Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ

06.05.2021, 11:56

2076

Қазақ даласы киіктің ежелден мекені. Мемлекеттік деңгейде қорғаудың арқасында дала еркесі құрып кетпей, аман қалды. Алайда шамадан тыс көбейгендіктен, шаруа адамының тынысын тарылтуда. Атап айтқанда, «шөпті тұяғымен таптап, аз уақытта жайылым мен шабындықты айтақырға айналдырады» деп отыр батысқазақстандық қожалықтардың қожайындары.

Түсінікті болу үшін айта кетсек, елімізде киіктің үш популяциясы бар. Олар Бетпақдаланы, Үстіртті және Еділ-Жайық аралығын мекендейді. Дауға себепші болып отырғаны – соңғысы. 2019 жылы жүргізілген әуе санағы нәтижесінде олар 300 мыңнан асып жығылған. Өткен жылы пандемияға байланысты санақ болмады. Алайда санақсыз-ақ саны тағы да екі есеге өскені айдан анық. Биыл мамырдың аяғына дейін төлдеп, құралай өргізгесін саны миллионға жетуі әбден мүмкін. Ал бұл малмен күн көріп отырған Батыс Қазақстан облысының Жаңақала, Бөкей ордасы, Жәнібек және Казталов аудандарының шаруалары үшін нағыз проблема. Жергілікті жұрттың жанайқайына осы аудандарға барған сапарымызда толық көз жетті. Бізге 40 шақты шаруа қожалықтарының басшылары мұң-мұқтаждарын жайып салды.      

Бірден айтатын жайт, шаруалардың ешбірі киікті түп басымен құртып жіберуге шақырып отырған жоқ. Мемлекеттің саясатына, биліктің құрылымына қарсы емес. Бірақ өздеріне тиесілі, кәсіп жасау үшін 49 жылға жалға алған жерлерін киіктің тапап, айтақырға айналдырып отырғанына қатты наразы. Заң тұрғысынан да, адамгершілік тұрғысынан да олардың наразылығы орынды. Күні бүгінде киік заңмен қорғалады, атуға тыйым салынған. Сондықтан оны қолдан азайту мүмкін емес. Алайда малың шамадан тыс көбейіп, асырай алмасаң, сойып, санын реттейсің. Сол секілді киікті де әйтеуір өсіру керек деп, еркіне жіберіп, шексіз өсіре беруге болмайтыны түсінікті. Осы орайда, шаруалар үкіметтен барлық тарапты қанағаттандыратын шешім күтеді.

Мұны Жәнібек ауданы Талов ауылдық округіндегі «Құбаш» шаруа қожалығының басшысы Елдос Дошкеев айтып берді.  

     – Әкімдер бізге несиеге мал, лизингке техника алыңдар деп, құдайдың құтты күні қақсайды да жатады. Жақсы деп, аламыз. Бірақ киік келіп, шөбімізді отап, суымызды ішіп кетеді. Қуаңшылық бір бүйірден қысса, киік екінші жақтан пәле болды. Мал биылғы қыстан шатқаяқтап әзер шықты. Дені дұрыс төл ала алмағасын мал басы өсе ме? Осы жағдайда мойнымыздағы пәлен миллион теңге несиені қалай өтейміз? Киікке жақындасаң басың дауға қалады, қорғаушылары қарумен жүр, «Кет!» деп зіркілдейді. Ауданымыз Ресеймен шекарада. Бізге «электр бақташыны» қолданыңдар дейді. Киік тоқтан қорқатын үйдегі жандық емес, топтасып шапқанда сымды оп-оңай үзіп кетеді. Оны айтасыз, шекарадағы тікенекті темір торларды тесіп жатыр, – деді Елдос.

– Облыстың төрт ауданы етпен Оралды, қала берді, Атырау мен Маңғыстау өңірлерін қамтып отыр. Киіктің кесірінен мал өсіре алмасақ, амалсыздан бәріміз қалаға көшеміз. Одан кім ұтады? Әрі шекара жалаңаш қалады. Жерімізге көз алартып жүрген көршілерімізге жақсы болады. Сол ма көздегені биліктің? – дейді ашынған «Равиль» қожалығының басшысы Шамиль Салахов.

Суармалы егіспен айналысқан бір шаруашылық та киіктің кесірінен қып-қызыл зиян шеккен көрінеді. Елу гектар алқап «электр бақташымен» қоршаулы тұрса да, киік оны бұйым құрлы көрмей секіріп кіріп, арпаны жеп кетіпті. 

Киік мәселесі турасында Жаңақала ауданындағы «Муса» шаруа қожалығының жетекшісі Тілеген Мусиннің де айтары көп.

  • Басында жоғалып кету қаупі төнген дала еркесін мемлекет қорғауына алып, мүйізі мен еті үшін атқан браконьерлерді қатаң жазалауда.  Қазіргі уақытта ол өз нәтижесін берді, көзімізбен көріп отырмыз. Алайда кез келген нәрсенің жақсы жағы да, жаман жағы да бар. Ұзақ уақыт қолдан қорғау нәтижесінде киіктер, өкінішке қарай, бұрынғы табиғат берген миграциялық көшіп-қону дағдысынан айырылып, айдамалы ешкі дәрежесіне жетті. Олардың тұяғынан жайылымдық жерлер тозып, шабындықтың шаңы шығуда. Халық алдағы қысқа мал азығын дайындай алмау қаупі бар. Ең сорақысы, үй жануарларына пастереллез, ящур, лейкоз секілді жұқпалы ауруларды таратуда. Биыл Жаңақала ауданында мал шығыны көп болуының бір себебі осында жатыр.

      Мысалы, адамды жұқпалы індеттен сақтау үшін карантин енгізіледі немесе басқа облыстан, шетелден келетін малда аурудың бар-жоғына зертханалық тексеру жүргізіледі. Оған шаруа қожалығы қыруар қаржы төлейді. Қарсы емеспіз. Ал киікке келгенде ветеринарлық қадағалау комитеті неге дабыл қақпайды, тәртіп ортақ емес пе?! Жұқпалы ауруларға қарсы киікке екпе жасап жатқандарды көрмедім. Қазір далада өліп жатқан киік көп. Неден өлді, ол да белгісіз. Төшкені өртемейді де. Одан ауру тарамасына тағы ешкім кепілдік бермейді. Ал сол өліп жатқан киіктің мүйізіне қызығып, кесіп алған адамды қылмыстық  жауапкершілікке тартып, пәлен миллион айыппұл салады, тіпті ұзақ жылға соттап жібереді. Киікке әр ауданнан арнайы жер бөлінген. Бірақ биліктен қатаң қадағалау болмағасын шаруалардың жерін таптап жатыр. Бұл бағытпен кете берсек, ауыл шаруашылығын ел экономикасының драйверіне балаған елбасы тапсырмасы орындалмайды, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмаймыз. Барлық жергілікті фермерлерді осы мәселені шешу үшін жұмыс тобын құруға шақырамын, –  дейді Тілеген Теміржанұлы.

Шаруалар кездесу кезінде бірнеше ұсыныстарын да айтты. «Егер киікті басқа өңірлерге айдап тастауға, көшіруге мүмкіндік болмаса (ал ол болмайтын нәрсе, себебі Қазақстандағы киіктің мекені – Бетпақдала, Үстірт және БҚО-ның оңтүстік аудандары), онда арнайы резерват құрып, заңмен жерін, мәртебесін белгілесін, дұрыс жалақы тағайындасын, біз онда мал бағуды қойып, сол жерде ресми қорықшы, егерь боп жұмыс істейік», – деді олар. «Ондай жолы шықпаса біз мал ұстап отыра берейік, бірақ киік таптап, жеп кеткен шөптің, ішкен судың толық бағасын өкімет бізге өтеп берсін (субсидия, дотация)», – деді тағы.

Екінші бір ұсыныс – киік санын реттеудің мемлекеттік механизмін жасау туралы. Мүмкін, кеңес кезіндегі «Охотзоопром» секілді киік сойып, етін дүкенде сататын мемлекеттік мекеме бола ма, әлде мүйізін өңдейтін зауыт сала ма, іздесе жолдары көп, негізі. Шынында да, қазір орта есеппен осы төрт аудан аумағында 1 млн басқа жуық киік жүр (ресми есеп азайтып айтады). Тіпті киіктің саны жарты миллион десең де, ерте көктемнен қара күзге дейін 2 млн тұяқ таптаған жерден не қалады? Киіктің алды төлдеп бастады, ол сан әрі қарай өседі. Сонда қайтпек керек?

Ендеше бұл мәселеге тек диванда жатқан табиғат жанашыры ретінде емес, түлік өсіріп отырған шаруалардың көзімен қарағанда дұрыс болады. Үкімет шынымен де «еститін» болса, батысқазақстандық шаруалардың жанайқайына құлақ түріп, нақты шешім шығарар деп үміттенеміз.

        

Тегтер: экология заң айыппұл мәселе тұрғындар

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 11.06.2021, 11:11
Кім кінәлі?: Жауап берсін!
М.СӘУЛЕБЕК 10.06.2021, 17:45
Мегаполис бюджеті 2,7 есеге көбейген
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 10.06.2021, 14:13
Бір дүкеннің маңынан үш күннің ішінде екі мәйіт табылды
Мариям МАҚСАТ 10.06.2021, 12:04
«1 млрд теңгелік ескерткіштің ар жағынан жемқорлық «қылтиып» тұр»
Сайт әкімшілігі 08.06.2021, 16:45
Елордада 49 мектеп аралас тілде, 34 мектеп қазақ тілінде білім береді
Миуа БАЙНАЗАРОВА 08.06.2021, 14:00
Сыр елінің құт-берекесі неге қашып тұр?!

Аңдатпа


  • Кім кінәлі?: Жауап берсін!
    11.06.2021, 11:11
  • Ресей деградацияға ұшырауда
    10.06.2021, 10:33
  • Түнгі жол (Әңгіме)
    08.06.2021, 12:00
  • Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
    08.06.2021, 10:30
  • Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
    03.06.2021, 09:02