Павлодар атауы өзгере ме?

Мариям МАҚСАТ

21.01.2021, 14:14

2802

Павлодар облысының бір топ жастары президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдап, облыс атауын өзгерту туралы шешім қабылдауды сұрады. Бірақ бұл бастаманың соңы әдеттегідей дау-дамайға, берекетсіздікке ұласты. Ертіс–Баян өңірінің, Сарыарқа жерінің жұртшылығы ортақ мәмілеге келе алмай, өзара қырқысуды тоқтатар емес.

Мемлекет басшысының атына жолданған ашық хатта: «Қасиетті жеріміз –  байлығымыз. Оны сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ» деп едіңіз. Бірақ қазіргі Павлодар атауы еліміздегі басқа ұлт өкілдері үшін бұл жерге еш қатысы жоқ, Павел деген патшаға сыйға берілген деп ұғынылуда.

Құрметті Президент! Өзіңіз жолдауда айтқандай, «Қазіргі міндет –  халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру» үшін, келешек жастарының өз жерінде, өз елінде өр рухын көтеру үшін елді мекендерге тарихи атауларын қайтару керек. Бұл мәселе тек сіздің құзыретіңізбен шешіледі деп сенеміз. Біз ата-бабаларымыздың тәуелсіздік жолында ғасырлар бойы аңсаған арманына жеткен ұрпақпыз. Еліміздің тәуелсіздігіне 30 жыл толмақ. Ал бұл дегеніміз – жаңа тарихи кезеңнің басы. Сол кезеңді Павлодар облысының атауын өзгертіп, тың серпіліспен бастасақ деп едік», – деп бастама көтерді облыс жастары.

Алайда облыс атауын өзгертуға қатысты бұл ұсыныс тағы да өзара тартысқа жалғасты. Бұған дейін пәлен жыл бойы атауы өзгермеген Павлодар қаласындағы басты көшелердің бірі – Кутузовтың атауын ауыстырар кезде дәл осындай жағдай болған-ды. Әйтеуір, әркім көрпені өзіне қарай тартып, арғы атасының атын беруге барын салды. Баян батыр, Малайсары, Қанжығалылардың ұрпақтары «Кутузовтың орнына біздің атамыздың есімі берілсін! Ол байтақ жерімізді найзаның ұшымен қорғап қалды!» деген ұранды сөздерін айтып, әкімдіктерге хат жазып, ішкі топтарға бөлініп алды. Батыр бабаларымыздың тәуелсіз Қазақ елінің қалыптасуына еңбегі ерен екені даусыз. Бірақ бұл рулар арасындағы қырғи-қабақ соғысқа әкелмесе керек. Қазақтардың осылай өзара қырық пышақ болып жатқанын көрген өзге ұлт өкілдері сырттан қарап, мырс етіп күлгені де жасырын емес. Ауызбіршілігі жоқ екенін байқады да, басын шайқады. Әйтеуір, әупірімдеп жүріп ең ұзын көшеге Тәуелсіздік деген «әмбебап» атау берілді. Соның өзін жақтырмағандар да шықты. Ал тұңғыш президент тақтан кеткен күні бір сағат ішінде облыстық мәслихат апыр-топыр жиналып, Тәуелсіздік даңғылына Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру туралы шешім қабылдағанда ешкімнің мыңқ етуге шамасы келмеді.

Енді Павлодар атауын өзгертуге қатысты тартыс толастар емес. Бұрыннан бері облысты бейресми түрде Кереку деп атайтыны белгілі. Петропавлды көпшілік арасында Қызылжар дейтіні сияқты. Бірақ Кереку атауына қатысты түрлі пікір бар. Бірі мұны Керегежар деген қазақ сөзінен шыққан десе, енді бірі Коряковка деген атаумен байланыстырады. Дәл осы Павлодар облысының аумағында Коряков деген көпес болып, өзі пристань салып, сол жерден Ресейге тұз жіберіп отырған көрінеді. Облыс орталығының іргесінде әлі күнге дейін Коряковка деген тұзды көл мен онымен аттас шағын елді мекен бар.

География институтының аға ғылыми қызметкері, топонимика-терминология тобының жетекшісі Сламқұл Әбдірахманов Кереку орыстың Коряков деген фамилиясының қате бұрмаланған түрі екенін алға тартып, бұл атауды ресми түрде облысқа беруді білімсіздікке балаған екен. «Өнеркәсібі қарқынды өсіп келе жатқан, келешегі өте зор қалаға Кереку атауын береміз деу – барып тұрған заңсыздық, ұят мәселе, топонимикалық сауатсыздық», – дейді Сламқұл Әбдірахманов.

Енді бір топ Павлодарды Ертіс деп атау дұрыс деген ойды айтады. Бастау бұлағы Алтай тауларынан ағып, облыс аумағынан өтетін, еліміздегі ең ұзын өзеннің атын беру туралы бастаманы жақтайтындар да, қарсылық білдіретіндер де жетіп-артылады. «Онсыз да кәсіби спорт клубтарының, білім, спорт мекемелерінің, облыстық телеарнаның, ауданның атауы Ертіспен байланысты. Барлығына өзеннің атын тели бергеннен не пайда?» дейтіндер табылды. Тіпті «Ертіс деген – қазақтың емес, моңғолдың сөзі екен. Оны білдей бір облысқа беру ұят» деген пікірді әлеуметтік желілерден де көріп жүрміз.

Сондықтан тағы бір топ облысқа Сарыарқа атауын беруді ұсынып отыр. Осыдан тура бір жыл бұрын қоғам белсенділері «Сарыарқа» қонақүйіне жиналып, осы мәселені талқыға салған болатын. Кейін тұрғындардан қолдаухатқа қол жинауды да бастады. Тіпті белсенді топ өкілдері ірі өндіріс орындары, еңбек ұжымдарына барып, қол жинағаны бар. Әзірше мәселе осымен ғана шектеліп отыр.

Сарыарқа деген атауды құптамайтындар да бар. Бұл әдеттегі жағдай ғой. Олардың пайымынша, Павлодар облысы Сарыарқаның қақ ортасында орналаспаған. Сондықтан Сарыарқа деп атау қисынға келмейді.

Осындай ұсыныс, бастама, ойталқылар өте көп. Әр жылдары Қимақ, Нұрқала, Нұркент деген атаулар да қоғамда кеңінен талқыланып жатты. Белгілі ақын, журналист, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Жұмағали Қоғабай облыс атауына қатысты дау-дамай 30 жылдан бері тыйылмай келе жатқанын айтады. Сондықтан бұл мәселені тарихшылар мен сарапшылардың еншісіне қалдырған жөн деп санайды. «Алдыңғы буын ағалардың көкейдегі ойын жалғастырып, екшемдеп жатқан жастардың ұсынысы дәл осы алмағайып сәтте өте орынды. Бірақ президентіміз бір шешімге келмей, ат қоюға асықпайық. Оның соңы дауға ұласады. Крыловтың мысалындағыдай, аққу – көкке, шаян суға тартады. Отыз жылдан бері  келісе алмай келе жатырмыз. Бұрыннан белгілі дау. Аттары белгілі атаулар. Мұны беделді, білікті ғалымдардан тұратын сарапшылар тобының еншісіне қалдырған дұрыс», – дейді Жұмағали Қоғабай.

Осы уақытқа дейін облыс атауына қатысты талай ұсыныс, бастама, шаралар болғанымен, шенеуніктер «ләм-мим» деген жоқ. Тек «бұл күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе емес» деумен келеді. Осыдан бір жыл бұрын Әбілқайыр Сқақов Павлодар облысының әкімі болып тағайындалып, журналистермен жүздескен кезде осындай сыңай танытып еді. «Облыс, қала, көше атауларын өзгерту тұрғындар мәселелерінің шешілуіне көмектесе ме? Керісінше, құжаттарды, маңдайшаларды ауыстыруға көп шығын жұмсалады, көп жұмыс атқару керек болады. Иә, тарих, мәдениет, қаланың қалыптасуына байланысты дүниелер бар. Бірақ, меніңше, қазақша атауларды беру қазіргі уақыттағы басты мәселе емес. Бар күшімізді көпшіліктің қордаланған мәселесінің шешілуіне жұмсауымыз керек», –  деген болатын әкім мырза.

Содан бері бұл мәселеге қатысты жақ ашпай келеді. Үнсіздік. Ал қоғам белсенділері ойына келген атауларды айтып, өзара қырқысуын тоқтатар емес. Бір-бірінің жағасын жыртуға да бар. Бұлай жалғаса беретін болса, жақын уақытта өңір атауы қазақшалана қоймас. 15 қаңтарда Павлодар облысының құрылғанына 83 жыл толды. Соның соңғы 30 жылы атауға қатысты текетіреске толы. Кейбіреулер өз ойының ғана бұрыстығын алға тартып, «Төртеу түгел болса, төбедегі келетінін» ұмытып кеткен  сыңайлы. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығармасақ, ауызбіршілігімізді танытып, жалпыға жағымды бір атауға тоқтамасақ, бұл даудың әлі талай жылға сағызша созылар түрі бар.

Тегтер: қала ауыл аймақ қала атауы

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 06.03.2021, 19:24
Талғар ауданында өрт салдарынан баспанасынан айырылған отбасыға үй берілді
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 05.03.2021, 12:48
Бірінші кезекте ана мен бала саулығы
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 05.03.2021, 10:36
Қарағандыда көп қабатты тұрғын үйдің бірінен екі айлық бала табылды
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 05.03.2021, 09:15
Түркістанда жаңа аудан құрудың машақаты басталды
Миуа БАЙНАЗАРОВА 04.03.2021, 18:13
Шенеуніктер неге тәртіп бұзады?
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 04.03.2021, 12:55
Бір-бірінің кебін кимесе игі...

Аңдатпа


  • "Жас Алаштың" 100 жылдық мерейтойына орай бильярдтан турнир өтеді
    05.03.2021, 16:25
  • Қарағандыдағы үш газет қазақшаға қалқан бола ма?
    05.03.2021, 13:12
  • Әкім бол, туысыңа жақын бол!?.
    04.03.2021, 10:15
  • Сейдағаңның серілері едік
    03.03.2021, 10:12
  • Бес тағдыр – бес тал гүл
    02.03.2021, 10:44