Қайыр сұрау мұқтаждық па, масылдық па?

Мариям МАҚСАТ

19.11.2020, 12:39

913

Қала көшелері мен қоғамдық орындарда кезіккен адамдарға алақан жайып, қайыр сұрау бұрыннан қалыптасқан нәрсе. Олардың арасында енді ғана тәй-тәй басқан балалар, қол-аяғы балғадай, тепсе темір үзетін жігіттер, тағдырдың тәлкегімен арбаға таңылып, жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылғандар, зейнетақыдан қағылып, не ол ақысы шайлығына да жетпейтін қарттар да бар. Бірі жанашырлық танытып, қолындағы тиын-тебенін беруге ұмтылса, енді бірі мойын бұрмай өте шығады. «Бүгін кім, неше теңге берер екен?» деп, өткен-кеткен адамдарға қарайлап, солардың қалтасындағы қаржыға байланып, тәуелді болу әдетке айналып бара ма, әлде жатыпішерлік болып кетті ме?

Павлодар қаласының тұрғыны Боранбай ақсақалдың қала көшелерінің бойында жақсылап жайғасып, алдына жәшік қойып, баянмен ән салып жүргеніне жиырма жылға жуықтап қалыпты. Жасы жетпістен асқан ақсақалдың өнеріне тамсана ма, не болмаса қарттың мына күніне қапалана ма, әйтеуір, көпшілік қалтасындағы артық ақшасын аямай беріп жатады. Қарияның айтуынша, әр күні «қазынасына» түсетін қаржы сомасы әртүрлі. Бірде 10 мыңға жетер-жетпес, бірде одан едәуір көп табыс табады. Бәрі әнді қайда, қашан айтатынына байланысты.

«Мен қайыр сұрап отырмын деп ойламаймын. Бұл – еңбекпен тапқан наным. Өзімнің шағын пәтерім, алатын зейнетақым болса да, көшеге шығып ән айтпасам, көңілім көншімейді. Жиырма жылда бұл қаныма әбден сіңіп, әдет болып кеткен ғой. Ащы да болса шындық сол – қасымдағы күнделікті «көршілерім» он екі мүшесі түгел, ақыл-есі дұрыс, қазақтың зіңгіттей жігіттері. Ащы судың соңына әбден түсіп алған олар мына менің қоржыныма әжептеуір ақша түскенін байқап, қасымнан бір елі қалмауға тырысады. Өткен-кеткендер бізге де беріп қала ма деген үміт қой баяғы олардыкі. «Бұлай болмайды. Базарда жүк тасып, көше сыпырсаңдар да, маңдай терлеріңмен ақша табыңдар» деп, мен де ақылымды айтып қоямын. Ауыздары құрғай қалса бас шұлғып, сөзімді тыңдағандай болады. Тапқан тиын-тебендеріне ішімдік алып, бойына «бірдеңе» барған соң, бұрынғы әдеттеріне қайта басады», – дейді Боранбай ақсақал.

Иә, білек сыбана кірісіп, екі қолға бір күрек табуды шындап қаласа жұмыс табылары анық. Әсіресе өндіріс орындары көп, шағын және орта бизнес дамыған Павлодар облысында адал жолмен, маңдай термен ақша алудың амалы болары даусыз. Тек желкеден тартып тұратын кержалқаулық пен өзгелердің «мойнына мініп алған» масылдықтан құтылып, алақан жаяр орынды емес, жұмыс істейтін жерді іздесе болғаны.

Бұл ретте тағдырдың тәлкегіне ұшырап, қол-аяқсыз қалып, еңбекке жарамсыз болып, көшелер мен адам көп жиналатын орындарда қайыр сұрайтындардың жағдайын, бәлкім, түсінуге болар. Басқа амалы қалмаған соң алақан жайып, ішіп-жеріне жетер ақша табу масылдықтан гөрі мұқтаждыққа көбірек ұқсайды.

«Осыдан он жыл бұрын жол-көлік апатына ұшырап, екі аяғымнан айырылдым. Мүгедектік үшін берілетін ақы пәтер жалдауға, коммуналдық төлемдерді өтеп, тамақ алуға жетпейді. Жалғыз қызым тұрмысқа шығып, Ресейге көшіп кетті. Қазір қасымда қарайласатын адам жоқ. Сондықтан мешіт пен базар маңын жағалап, қайыр сұрауға мәжбүрмін. Бейжай қарамайтын адамдардың арқасында өмір сүріп келемін. 5-10 теңге болсын берген адамның амандығын тілеп отырамын», – дейді Валентина есімді павлодарлық.

Мұқтаж жандарға қолдан келгенше қаржылай, материалдық көмек көрсету игі іс болғанымен, қайыр сұрау заңға қайшы әрекет. Павлодар облысында жыл басынан бері қоғамдық орындарда азаматтардың мазасын алып, алақан жайған 1700 адам жауапқа тартылды. Өңірлік полиция департаментінің мәліметінше, қайыр сұраушыларға не ауызша ескерту беріледі, не бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Бұл – шамамен 15 мың теңге.

Мұндай жаңалықты естіген жергілікті жұртшылықтың пікірі екіге жарылды. Бір бөлігі «дұрыс, олардың жазасын беру керек» десе, енді бірі «бәленбай мың теңге айыппұл салу жығылғанның үстіне жұдырық емес пе? Жазалағанша, қолдау көрсеткен дұрыс» деген пікірге саяды.

«Қайыр сұраушылар әр заманда болған, бола береді де. Олар қайбір жетіскеннен жұртқа қарап отыр дейсіз? Ниетіңіз дұрыс болып, көмек көрсеткіңіз келсе, жария салмай-ақ мүмкіндігіңізге қарай ақша беріңіз. Болмаса теріс айналып өтіп кетіңіз. Тек қайыршыларды жазғырып, кінәлаудың еш қажеті жоқ. Әркімнің тағдыры әрқилы», – дейді Вера Павлова.

«Шын мәнінде мұқтаж адам сауда орындарына, басқа да қоғамдық жерлерге кіріп-шыққан адамдардың мазасын алып, табандап тұрып алмайды. Олар не ішкіштер, не басқа жат әрекеттерге әуестер. Ал емге, пәтерге, тамақ пен киім-кешекке мұқтаждар өтініштерін әлеуметтік желілер арқылы әдепті түрде білдіреді», – дейді Айман Нұрғалиева.

Ал сіздің бұл мәселеге қатысты пікіріңіз қандай, оқырман? Қайыр сұрау мұқтаждық па, жоқ әлде масылдық па?

Тегтер: әлеуметтік топ қоғам жұмыссыздық жұмыс беруші

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 17:56
Оңалту орталығына жасалған сый
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 10:18
Өндірісті өлке өміршеңдігін танытты
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ 09:20
Бір Өскеменге екі Пушкин әділет пе?
Сайт әкімшілігі 25.11.2020, 22:33
«Бизнеске арналған үкімет»
Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ 25.11.2020, 17:22
Батыс Қазақстанда азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін 30 мини-маркет ашылады
Нұрболат ӘЛДИБЕК 25.11.2020, 10:14
Байзақтықтар бала таптыру мен жол жөндеуден көш бастап тұр

Аңдатпа


  • Нұр-Сұлтан дәмханасындағы жарылыс: тағы бір адам қайтыс болды
    25.11.2020, 10:40
  • «Жас Алаш» жазған жайдан соң: Тұғыл тығырықтан шықты (видео)
    24.11.2020, 15:57
  • «Жас Алаштың» себепкер болуымен көп балалы ана жер алды
    23.11.2020, 11:20
  • Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
    24.11.2020, 12:41
  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    23.11.2020, 18:42