Құба даланы бұғаттағандарға бұғалық неге салынбайды?

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

14.04.2021, 09:16

1539

Қазақта жер көп. Еліміздің ұлан-байтақ даласына тоғыз мемлекет  сыйып кетеді деп, аузымызды керіп лепіреміз. Бұлайша масаттануымыз бекер. Ел аумағын айтпағанда, аймақтағы жердің игілігін кімдер көріп жатыр? Задында, жердің түпкілікті  иесі сол өңірдегі халық емес пе?  Өкініштісі, бізде бұл  сөз жүзінде солай. Бүгінде  ауылдық жерлердегі төл байлықтың басым  бөлігі бұғатталған. Заңдық тұрғыдан расталып, құжат жүзінде рәсімделіп, жекенің меншігіне берілген.  Жекенің болғанда, төрт құбыласы түгел  бай-манаптар мен «дөкейлердің» иелігіне аударылған. Әлділер  қырдағы қарапайым халыққа тиесілі ұлан-ғайыр өлкені меншігіне алып, шаһарда шырт түкіріп жүр. Тым болмағанда ауылдағы екі қолға кәсіп таппай, тентіреп жүрген ағайынға септесерлік ісі жоқ. Өзі үшін өндіріп,  мыңғырған мал ұстамайды, не ебін тауып егін салмайды. Екі ортада шаруасын ашып, жағдайын жасап, ел экономикасына үлес қосуға бейілдік танытып отырған  жергілікті  қожалық иелеріне  шөкімдей жерін қимай, көрсеқызарлыққа салынып, қолын байлап, адымын аштырмай отыр.  Жер алған қожайындардың қыңыр қылығынан «әлімжеттік»  көріп, қайраңға шыққан балықтың күйін кешіп жүрген шаруашылықтар Қарағанды облысында да жетіп-артылады.

                                            «Суатымнан  сусытты»

Қытайдан Қарқаралы өңіріне қоныс аударып келісімен  шаруа қожалығын ашқан Қинаят Сламбектің жер тапшылығынан қатты күйзеліп жүрген  жайы бар.  Атажұртқа ат басын тірей сала, білегін түріп еңбек еткен шаруақор азамат бүгінде  құрт пен  майды өндіріп,  қазақтың брендін  Қарқаралыға тынығуға келген клиенттері арқылы Германияға  әйгілеп отыр. Бірақ төңіректегі жерді иеленген  қожайындар  қияметтен көз аштырмай қойғанын айтып қынжылады.

    – Жергілікті әкімдік қыстағымнан 100 метр қашық жерді әлдекімнің меншігіне қаратқан.  Ол арада төрт түлігімнің шөлін қандыратын  суаты бар.  Кезінде аудандық жер бөліміне  қосымша  жер  беруін сұрап өтініш тастағанмын.  Бірақ  ондағылар сұранысымды қабылдамай, ақыры өзгеге берді.  «Бармақ басты, көз қысты» әрекетпен  алған беймәлім  қожайын маған телефон шалып:  «Малыңды менің жеріме жолатпа!» – деп сес көрсетіп, өктем бұйрық береді. Қоңырау соққан көкеміз  жылда «егін егемін, мал әкелемін» деумен келеді. Сонда мен  малды суатқа апару үшін  көпір тұрғызуым керек пе? Осы проблема  жаз шыға  көлбеңдеп алдан шығып, жүйкемді тоздырумен келеді.  Ақыры  ол жер игерілмей жатса, әкімдік  неге біздің меншігімізге бермейді?   Қазір  менің  иелігімде 2700 гектар алқап бар. Алайда ол  маған  аздық етеді.  Мемлекеттік бағдарламамен несиеге алған 300 бас ірі қараны бағып-қағып отырмын. Заң бойынша әр мал басына үш  гектар жер берілуі тиіс. Осы талапты ескерсек,  жайылымнан әбден  тарылып жүргенімді аңғаруға болады.  Мал жайылымының жыры осы болғанда, шабындық жер жайлы сөз қозғаудың өзі артық, – дейді «Атамекен» шаруа қожалығының иесі.

Заң бар, орындалысы олақ

Аймақта шалғайдағы алқаптарды жайылымдық  жер үлесімен толықтыру мәселесі  әлі қалыс қалып отыр.  Бүгінде дархан дала төсіндегі бос жатқан алқаптың 15-20 пайызы ғана  кәдеге жаратылып жатыр.  Ел аумағында  100 млн гектар жайылымдық алқап әлі айналымға енбей отыр. Бұл санатқа жер алған, бірақ мал шаруашылығын кеңейтуге   құлқы жоқ  жер иелерін жатқызуға болады. «Бізде қолдағы мал басына жер көлемі  сәйкес келмейтін фермерлер бар. Осындай шаруаларға  «Мал басын идентификациялау» бағдарламасы аясында  қажетті жерлерін иеліктеріне беріп,  одан артылған аумақты  жерден зәрулік көріп отырған фермерлерге үлестіру керек», – дейді «Сарыарқа» телеарнасына  сұхбат берген Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары  Бағдат Байжантаев.

Айтпақшы, Ұлытау ауданында осы күні 1 млн 876 мың гектар жер игерілмей жатыр. Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Халел Мақсұтов  наурыз айында жергілікті  БАҚ өкілдеріне мәлімдегендей,  кәдеге аспай жатқан жерлер Ақтоғай, Нұра, Осакаров, Шет, Жезқазған өңірінде миллион, мың гектарлап саналады. Бірақ ол әлдекімнің кепілге  ұстап отырған  меншікті дүниесі. Бұл  шаруагер қауымға  ұзын арқан, кең тұсау болып отыр.   Мұндайда қайтпек керек? Ен даланы еншіге алып, ұқсатпай отырғандардан жерді қайтарып алудың  жалғыз жолы – зайырлы заңмен жазалап, әділ үкім шығару.

Тегтер: жайылым заң үкім мәселе

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 09:10
Сүйек-саяқты қанағат тұтып...
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 19.10.2021, 16:02
Жазықты сытылып кетсе, жазықсыз соттала ма
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 19.10.2021, 14:34
Әшірбек Сығай атындағы тұңғыш республикалық театр фестивалі мәреге жетті
Б.ЕРНАЗАР 19.10.2021, 07:21
Жемшөп Шымкентте дайындалады
Сайт әкімшілігі 18.10.2021, 12:14
Орал тұрғындары үйді бұзуға қарсы наразылыққа шықты
Сайт әкімшілігі 15.10.2021, 17:20
Жаңа заң жобасы қабылданды

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31