Тұғыры биік Тұрмағамбет

Сайт әкімшілігі

17.09.2020, 04:32

1109

Бірнеше жыл бұрын Қызылордаға жол түсіп, белгілі жырау Алмас Алматов ағаға сәлем бердік.  Бұйымтайымыз да бар еді. Жол бастаушымыз –  Көшенейдің Арнұры. Алмас аға қай тақырыпқа да жүйрік қой. Қазақтың жанын толық түсінетін, өзі де бүтін бітімге айналған жыраудың кез келген әңгімесі білгенге ғибрат. Ескіні көп біледі.  Көненің сөзін бүгінге жеткізген жыраудан Тұрмағамбет туралы да сұраймыз ғой.

 - «Дүниеден өмірім бітіп, өтсем де өзім,

     Аралап жердің жүзін жүрер сөзім.

     Көре алмай кейінгіні кеттім-ау деп,

      Арманда болмай-ақ қой екі көзім». 

Бұдан артық қалай айтуға болады? – деді жырау.

– «Болғанмен білімсізге бақыт серік,

Жүрмейді жүз айтқанмен, дәулет еріп.

Ұрынып өз-өзінен от пен суға,

Жоқ қылар жошағыдай жинап, теріп».

     Тұрекең осылай дейді. Бақыт серік болған күннің өзінде, білімсіз орға жығылатын болып тұр ғой.

– Мардан Байділдаев «Тұрмағамбет – шығыс тілінің тірі сөздігі», – деді.

– «Жасымнан назым сөзге шебер едім,

Өзімнен шебер кім деп кебер едім.

Әртүрлі хикая мен дастандардың,

Ширатқан шым жібектен көгені едім», – деуінде де талай мән жатыр.

– Осы біз Тұрекеңді ұмытып кеткен жоқпыз ба?

— Тұрекең ұмытылмайды. Тұрекеңді ұмыту – бақытсыздықтың бастауы. Ал біз бақытсыз болуға аса құлықты емеспіз. Демек, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы ізгілік іздеген елдің алдынан шығады,  білімге ұмтылған жанның шамшырағы іспеттес.

«Көл деген көп дұғасы, қата емес,

      Боларсың өркен жайын онан да өнік.

      Жүресің жұрт аузында және-дағы,

      Күн бітіп, көз жұмылып, кетсең де өліп», – деп өзі айтпақшы, өзі кетсе де, сөзі қалды. Күндердің күнінде тұтас ел Тұрмағамбетті тұғырға қайта шығаратыны анық.

      Алмас ағамен әңгімелескен күні ақынның шығармасын оқу керек деген ойға бекіндік. Іздеген табады ғой. Ізтілеуұлының көптомдығы да қолға тиді. Тым терең екен. Тұрекеңді оқу үшін де біршама дайындықтың болуы шарт. Қазақ қандай күрделі халық, күрмеуін таппасаң ашылмайды. Мысалы, осы Тұрекең. Кейбір сөзін ғалымдар әлі де жыға таныған жоқ. Танығанын жалпақ елге түсінікті етіп тәпсірлеушілер де аз. Алмас ағаны іздегеніміз де сол. Кейбір тұсын түсініп алуды мақсат санағандықтан. Бір отырыста бүкіл Тұрмағамбетті танып алу мүмкін емес, әрине. Ә дегенде, бір шумақтың өзін талдауға талай уақыт қажет еді. Пенденің арманы таусылмайтынын білетін ақын өзін қалай тыйып тастайды?! Түйіп берген ойы қандай! «Көре алмай кейінгіні кеттім-ау деп, Арманда болмай-ақ қой екі көзім». Түсінікті ғой, иә, қабылдауға қандай күрделі. Адам нәпсісін жеңе алған ба? «Өмір өткелдерін» оқыңызшы:

«Атаның, әуелінде, белінде еттің, Екінші, ана қарны теңінде еттің.Тоғыз ай, тоғыз сағат, тоғыз күндеҚадірлеп құдіретіңмен шегіндеттің.Бұрыннан қамқоршылық қылып бізгеАнаны ақ сүт беріп, желінді еттің.Тудырып сау-саламат, талпындырып, Емшекті іңгәлатып тебіндеттің.Алты айда от басына отырғызып, Жан-жаққа күл шаштырып, төгінді еттің.Жүргізіп, жыл толған соң апыл-тапыл, Бойымды бұрынғыдан жеңілдеттің.Сөйлетіп екі жаста оны-мұныТірліктің, тілім, түрлі кебінде еттің.Жеткенше жеті жасқа жазы-қысыҚойны мен ата-ананың жеңінде еттің.Секіртіп, сегіз жасқа келгеннен соңАйтақыр, ойнамақтың жерінде еттің.Асқан соң оннан бері ақыл беріп, Дүниенің айласы мен ебінде еттің...»

     Өміріңіз өріліп келе жатыр. Бұл 1912 жылы жазылған өлеңі екен. Ары қарай оқиық:

«Жиырмаға жеткеннен соң желіктіріп,Қатар мен қыз-қырқынның шенінде еттің.Затыңды – бір білдіріп, достыңды – шын,Өзімді әһлі исламның елінде еттің.Отызда өз алдыма от жақтырып, Кейпімді жұрт көруге келімді еттің.Ұл-қызға көп ұзамай ата қылып,Қой, түйе, сиыр, жылқы желімде еттің».

     Одан кейін өз өміріне ойысады. Оқулықта бар. Төрт томдыққа да енді. Біздің мақсат Тұрекеңнің өлеңін толық келтіру емес. Ізтілеуұлының шығармалары арқылы адам баласы өзін танып-біліп, өмірдің мәнін түсінуге ұмтылса деген тілектестік қана. Абайды айттық. Абайды насихаттауға біраз күш жұмсалды. Әлгі өлеңін тұтас ел болып, кезек оқып жүрді. Бір шумағын жаттап алып, кезегі келгенде ежіктеп кеткендер де бар. Құнанбайұлының сөзіне мән беріп, өміріне қазық еткендер де табылады. Тұрмағамбеттің де түп-тұқияннан өз тұсына дейінгі шындықты түсінуі, мойындауы, мойымауы да бүгінгі ұрпаққа өнеге болар еді. Ол үшін ақынды шын тану міндеті тұр. Үкілі үміттің жетегінде жүріп, талай жылды артқа тастадық. Жылт еткен үміт қайда еді?

     «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қабылданғанда шын қуанған жанның бірі біз едік. Енді ше, өткеннің шежіресін алдыратын, өшкенді жандыратын мүмкіндік келді деп түйсіндік. Рухани деген сөздің мағынасын жете түсінгендіктен де, сондай бір шаттық сезімге орандық. Рухани байлықты іздейтін шығармыз, рухты көтеретін кезге келдік деп есептедік. Шығыстан Абай бақылап,  орталықтан Мәшекең, Мәшһүр Жүсіп  насихат айтып, Сыр бойынан Тұрекең қазақты тәрбиелеп жатса қандай ғанибет! Мосының үш бұтындай жер табандап тұрса, бұл қазақты жау ала ма? Көз алартқанның құты қашып, қазақтың мысы айналасын басып шыға келер еді ғой. Сол үшеуі ғана ма екен? Қазақ даласындағы ойшылдарды түгел насихаттап, әншісіне де, жыршысына да төрден орын беріп, бір жырғап қалатын шығармыз деп дәмелендік. Күні-түні күйі күмбірлеп, күйшісінің киелі мұрасын тыңдап, рухты шыңдай түсетін шығармыз деп те ойладық. Елдегі енді бір эфирде кешегі Сыр сүрейлерін түгендеп, асыл мұраларын насихаттап, жыраулар мектебінен тәлім аламыз деп шаттандық. Тұрекеңе ТВ-дан орын тиеді, ендігі жерде Ізтілеуұлын іздейтіндер көбейеді деп те марқайдық. Ара-тұра айтып та жүрдік. Алайда рухани жаңғыру техниканың дамуына да, технологияның жетілуіне де, жемшөп, көкөніс-жидек, қысқасы, күнделікті тұрмыстағы заманауи жетістіктер жайындағы рубаяттарға қазық қағып бергенін көріп, сәл тұнжырадық сосын.

    Дегенмен үміт үзілген жоқ. Күндердің күнінде біздің қоғам рухани жаңғырудың негізгі мақсатына көшетін секілді болып көрінеді. Тағы да сол біз аңсаған сәтті ақпарат саласы толық  түсініп, біздің сұранысты қанағаттандыруға бел шешіп кірісетіндей. Шынында да, шыңырауға лақтырмасақ та, талай тұлғаны архивтен аршып ала алмай жүрміз ғой. Ол кезге де жетер ме екенбіз… Сол кезде Тұрмағамбет шоқтығы қайта биіктеп шыға келеді. Қазақ даласы сүлейлер сөзіне қанып, жыраулардың мақпал мақамына тербеліп тұрады деп ойлаймыз. Ол үшін ең алдымен Қызылорда облысы қамданса, шіркін! Тұрекеңе назар аударса...

       Тәу ету – зиратына барып, зиярат жасап қайту емес. Мектептен бастап, мемлекеттік мекемелерге дейін Тұрмағамбет жырына мән берсе дейміз. Кісі басы бір өлеңін жатқа айтса, келесі кезекте соның мазмұнын түсінсе Сыр жұртының ой-өрісі  кеңейіп, рухани тынысы ашыла түсер еді-ау. «Тұрекең айтты» деген сөздің бәрі айбарлы. Оның ортағасырлық шайырлық поэзия үлгілерін дамытып, жаңа сатыға көтергені жайында ғалымдар талдау жасап, пікір айтты да. О баста Ораз ахунның шәкірті Алдашбай ахун медресесінде дәріс алды. Дін ғылымының ізіне індете түсіп, ұстазынан бата алып, Тапал, Қалжан ахундармен кездесіп, орта рушдия бітіреді. Тұрмағамбеттің талантын танып, құлшынысын байқаған Қалжан ахун өзі оқыған Бұхарадағы «Мір-Араб» медресесіне жібереді. Бұл 1886 жыл болса керек. Үш жылдан кейін, яғни 1889 жылы «Көкілташ» медресесінде және алты жыл білім алып, парсы, араб, түркі, шағатай тілдерін еркін меңгереді. Дін ғылымына да тереңдеген, дүние білімін де меңгерген кемел жігіттің ахунд деген дәрежесі болады. Мұны тегін жазып отырған жоқпыз. Тұрекеңнің тек ақындығы ғана емес, ойшылдығы, керек десеңіз, дүниетанымы сол кезде тіптен биіктейді. Ол енді кез келген ортаны ұйыта алатын насихатшы, адасқанға жөн сілтейтін ұстаз, қиыннан жол табатын ақылшыға айналады.

      Бес жыл бұрын ба екен, Тұрекеңді біз тағы  іздедік. Іздегенде,  бұрын да ақын мұрасын тануға құлшынған едік. 2007 жылы Тұрмағамбеттің  125 жылдық мерейтойы қарсаңында Қазақстан Ізтілеуұлының мұрасына ерекше мән беріп, ғалымдар да мақала жаза бастады. Мысалы, түркітанушы Серікбай Қосан «Тұрмағамбеттің өз қолы­мен бес дәптерге көшірілген төлтума өлеңдері мен бір дәптер мақал-мәтелдері де «ғылыми мақсат үшін» деген желеу­мен филология ғылымының докторы О.Нұрмағамбетованың жеке қорын­да сақталыпты. Оразгүл апай зей­нет­ке шыққанымен, институттың ғылы­ми кеңесінің мүшесі ретінде арагі­дік жұмысқа келіп тұратын-ды. Мен ол уақытта Сыр шайырларының шығар­машылығын зерттеумен айналысып жүр едім. 1999 жылы профессор менің өтінішімді ескеріп, Тұрекең шығармаларының қолжазбасын институт қорына қайтарды», – дегені бізді кәдімгідей қызықтырды. Сол жылы Қызылордада торқалы той  өтті. Тұрекеңнің бірнеше томдық шығармалары жарық көрді. Кең ауқымда ғылыми конференция өтті. Сыр елі шын мәнінде Алаштың анасы секілденіп, мол мұрадан тұтас республикаға шашу шашты. Жұрт Тұрмағамбетті тағы бір оқып, түсінік-танымын тереңдетіп алды.

      Енді іздейтініміз, арадағы он жылда Ізтілеуұлының ізіне түскен ешкімді кезіктірмей, ғұлама ғалымды өзіміз тағы бір танып қайтсақ деген ниетке бекідік. Қармақшы жақты бетке алғанда, №29 Т.Ізтілеуұлы атындағы қазақ орта мектебінің директоры Зарипа Тасымовамен жолығуды  жоспарға енгіздік. Сонда Зарипа Жаппарқызы: «Тұрмағамбет Ізтілеуұлы атамызды тұтас Қазақстан біледі, артына өлмес мұра қалдырған ақын, жыршы екенін халық таныды. Біз осы тұста Биға әжемізге алғыс айтсақ жарасады. Тұрмағамбет атаның жазбалары келешек  ұрпаққа  жетсін деп, оның құндылығын, зор мәнін жете түсініп, қиын-қыстау заманда сақтап қалды. Күйеуінің өлең-жазбаларын көлденең көзден жасырып, өз басын бәйгеге тікті. Орыс ойшылдарының, әсіресе революционерлердің асыл жарлары туралы көп айтылады ғой. Биға әженің де ерліктерін зерттесе, зердеге тоқыр мол өнеге табылар еді», – деді.

  – Тұрекеңнің ғана емес, тұтас ұлттың қамын ойлаған қасиетті кісілер ғой, – дедік біз.

   –  Кешегі Кеңес өкіметінің, сондағы солақай саясаттың салқыны кімге тимеді? Жазықсыз жандардың көбі халық жауы болып, қолынан алып кетіп жатқан уақыт еді. Биға әже жазбаларын киізге орап, кейбір күндері ошақтың астына, кейбір күндері керегенің астына жасырып, соны кейінгі ұрпаққа жеткізуге үлкен еңбек жасады. Әр күні НКБД тыңшылары келіп, ауыл-аймақты, күдікті жерлерді  піскілеп, ыстық құралдарымен де тексеріп отырған. Сонда күн сайын әлгілердің бет алысын бағамдап, жасыратын орындарын алмастырып отырып, Биға әжеміз бүгінгі күнге жеткізуге ықпал жасады.

      Зарипа Жаппарқызының сөзінен кейін Тұрекеңнің 1930 жылы жазылған бір өлеңі еске түсті.

 «Саламат отырмысың, жаным кемпір,

Арада аса алмас бұлт, биік бел тұр.

Онда да уайымдап, үміт үзбей,

 Өзіңді өте бағып, бапқа келтір.

Кеңестің кеңшілігін күтіп, күн-түн,

Тұтқынның тілегінде талай ер тұр.

Қауышып қалайда да қуанармыз,

Дей қойса: үй -ішіңмен енді тең тұр!»

     Демек, түрмеде жатқанда жан-жағына хат жазып, жан жарына да қолдау сөзін арнаса керек.

     Тұрмағамбет атамыз  бала кезінен өте зерек болып өседі. Негізі, ақындық  нағашы жұртынан келген деседі. Нағашы атасы – Ермағамбет. Сол кісіге  атын ұқсас қылып, Тұрмағамбет деп атаған секілді. Ермағамбет намысшыл,  өте өршіл, келісті ақын болған.  Білімге Бұхарада сусындағанын айттық қой, сол жерде  кейін Тәжік ҒА президенті  болған Садриддин Айнимен бірге  оқыған. Тіпті сырлас дос болып, шатырхат дейді, екеуі сол кезде дипломды бірге алады.  1905 жылы елге келіп, ауыл балалары үшін жаңадан ашылған мектепке мұғалім болады. Жиырма жыл бала оқытады. Сол уақытта елдің қиын жағдайларында баланы қалай қоғамға ілестірсем деген арман-мақсат тұрады. «Ұлдарым, қолыңа ал қаламыңды, Білім біл, ойынға қой алаңыңды», – деген өлең шәкірттерді білімге қайрау секілді.

     1935 жылы Қазақстан орталық компартиясының шешімімен  Алматыға шақырылғаны мәлім.  Мирзоянның қабылдауында болады. Орталық комитеттің бірінші хатшысы. Ел басқарып отырған азаматтардың қабылдауында болуы, сенім артуы, пікірлесуі Тұрекеңе үлкен қанат бітіреді. Шабыттанып, шығыстың «Илиадасы» атанған атақты Фирдоусидің «Шаһнамасын»  қазақ тіліне аударады. Қазақстан басшылары әлгі Садриддин Айниге ұсыныс айтқан көрінді. Садриддин: «Өздеріңде Тұрмағамбет бар, білімі бізден артық болмаса, кем емес. Сырттан әурелегенше, сол кісіге қолқа салсаңыздаршы», – деп кеңес береді.  Тұрекең 30 жылда жазылған Фирдоусидің «Шаһнамасын» 10  айда  қазақ тіліне аударады. Темірбек Жүргенов ұсталғанда әлгі «Шаһнамаға» төленген қаржының түбіртегі тартпасынан табылыпты. Соны желеу етіп, үкімет Тұрмағамбет Ізтілеуовті де абақтыға жабады. Тағдыр шіркін қалай құбылады десеңші. Қазақтың кемеңгері атанған тұлға енді түрмеге түседі. «Түрме» деген өлеңі өз тұстастарына ғана емес, бүгінгі  ұрпаққа да үлкен ой тастайды.

«Кір болып көйлек, ыстан қышындырды, Бит талап, бүрге менен қысым қылды.Көнбеске ақ үкіміне не күшің бар, Бәнде деп баста саған ісім қылды.Әуелде уайымның ылайынан, Жаратып жан кіргізіп, жісім қылды.Көрсетіп көпке дейін кеңшілікті,Қадірлі халық ішінде мүсін қылды.Ойласпай ақылменен аласұрып, Көкірек көкке өрлеп, ұшым қылды.Сондықтан Саттар Алла қақар ойлап, Білдіріп патшалығын, күшін қылды.Кеңеске өкпелеудің керегі жоқ, О баста оның жазған ісін қылды...» Қазақ тағдырға сенген, жазмыштан озмыш жоқ деп түсінген. Тұрекеңнің кеңеске өкпе артпағаны, бәрі бір Алланың жазуы екенін мойындауы байқалып тұр.

         Қармақшы сапарының бірінде шырақшы Зада Мәдірұлына жолықтық.

    – Тұрмағамбет атамыз  халық жауы болып ұсталды. Халық  жауы болып, соңғы ақырына дейін қуғын-сүргінге түскен адам. Елдің берекесін, елдің амандығын тілеген, әділдікті сүйген адам. Осы ауылдың өзінен үш жүзге мәлім болған билер шыққан.  Бекет би деген кісі болған. Аман би, Құлжан би, Құлдан би, сондай билер болған. Бұлар үш жүздің мәселесін жинап, шешілетін жиындарға қатысқан. Тұрекең сондай жердің ұрпағы, өзі жан-жақты. Қай салаға байланысты  да жыр жазған адам. Өзі түсінде көрген, аян берілді ме, бала кезінде  сия ішкен ғой, түсінде. Өзі айтады: «Улы зат екенін түйсініп жатырмын, бірақ не де болса жұтып жіберейін», – деп ішіп алған екен. Кие солай қонады ғой.  Мені халық Тұрмағамбеттің шырақшысы дейді. Өйтетін  себебі бейіттерді тазалап, жөнге келтіремін әрі мына жерде Алдашбай ақын, Тұрмағамбет ақын бар. Тұрекең айтады, «Жай айтсаң жағымпаз дейді, Тік айтсаң тұрпайы дейді», – деп. Одан қалды, «Тәтті болсаң жұтып қояды, Ащы болсаң түкіріп тастайды», – дейді. Иә, өмірдің өзінен алынған мысал, қандай керемет сөздер.  

 «Естелік, естен кетпес жасыңдағы,

Бақытты білу қиын басыңдағы.

Ерттеулі беделдегі бедеу атты,

Ініңнің қадірін біл қасындағы», – деген екен Тұрмағамбет әкеміз. Немесе «Бойыма ақындықты үйір қылып, Атымды алты алашқа мәлімдеттің. Тоқталмай  топ ішінде жыр толғауға, Ой көзін өз теңімнен өнімдеттің», – дейді. Тұрекеңнің керемет бір сөзі бар: «Сыпайы сыбырмен түсінеді».

       Зада атаның өзі талай өлеңін талдап беріп еді. Ақынның абақтыда айтқан мына бір сөзіне де зер салыңыздар:

 «Азуы алты қарыс арыстанды, Замана мияулатып мішім қылды.Түсіріп мұндай күйге көндің басып, Елді Алла есіркемек үшін қылды».  Жазықсыз сотталып, жаны жабырқаса да, рухына әлгі озбырлық еш әсер етпеген бе дерсіз. Бір Алладан үміт үзбей, екі дүниенің жақсылығын сұраған жақсы кісінің жаны жәннатта болсын. Қазақ Тұрмағамбетті толық тапқан кезде оның мұрасынан тұтас ұлт сусындайтын болады, әлі.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 30.11.2020, 17:13
Шымкентте коронавирус жұқтырған оқушы жоқ
Нұрболат ӘЛДИБЕК 30.11.2020, 16:33
Таразда кезекте тұрған 80 мұқтаж отбасы үйлі болды
Сайт әкімшілігі 30.11.2020, 13:04
COVID-19: қай өңірлердің "қызыл аймаққа" енгені белгілі болды
Сайт әкімшілігі 30.11.2020, 12:03
Алматы облысына қарасты жолдар жабылды
Сайт әкімшілігі 30.11.2020, 10:18
Үш адам қайтыс болды - көлік апатының мән-жайы
Сайт әкімшілігі 30.11.2020, 10:13
Алты облыста жел соғып, бұрқасын болады

Аңдатпа


  • «Утемисов», «Датулы», «Клышев» көшелерінде тұрамыз
    30.11.2020, 14:35
  • "ХҚКО-ның санитарлық тораптарында «жағдай» айтарлықтай мәз емес"
    30.11.2020, 13:59
  • COVID-19: қай өңірлердің "қызыл аймаққа" енгені белгілі болды
    30.11.2020, 13:04
  • Көлік қаққан балалардың құқы аяқ асты таптала бере ме?! (видео)
    29.11.2020, 10:26
  • Оқушының үндеуіне министрліктегілер жауап берді (видео)
    28.11.2020, 17:05