Жалағаштың жарты бақытына айналған жобалар

Сайт әкімшілігі

08.10.2020, 10:03

1799

 Қызылорда облысындағы Жалағаш ауданы іргелі халқы бар, бай өлкенің бірі. Кеңес одағында-ақ «Күріш фабрикасы» атанған ауданда кәсіпкерлік саласымен қатар іске асып жатқан индустриалды-инновациялық жобалар қатары мол.

 Көп жұрт білмеуі мүмкін, бірақ бұл ауданда бронды кеудеше шығарумен танымал болған «Өркен Әлем» серіктестігі бар. Арнайы киімдер дайындауға машықтанған тігін цехы 2017 жылы СТ-KZ сертификатын алып, алғаш рет 810 дана бронды кеудеше және 240 дана арнайы киім (противоосколочный костюм) дайындайды. Ал бір жылдан соң кәсіп өрісі кеңейіп, 5630 бронды кеудеше мен 2125 каскаға арналған бүркеме тікті. Өткен жылы да шекара әскерлеріне 5000 дана бронды жилет, 11000 каскаға арналған бүркемеге тапсырыс алып, үдеден шықты.

«Серпін» аграрлы-индустриалды аймағында орналасқан кәсіпорынның ғимарат құрылысына және қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға 38 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған.

– Экономиканы дамыту арқылы біз салық базасын нығайтып, жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздық көрсеткішін төмендетеміз. Сондықтан осы саланың дамуына күш салып, жаңа идеяларды жүзеге асыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. «Өркен Әлем» киім тігу цехының жұмысы кеңейіп, жұмыссыз жандардың екі қолына бір күрек табуына жәрдемдесудеміз. Одан бөлек, қазір электр энергиясын үнемдейтін лампаларды шығаруды жоспарлап отырмыз, – дейді серіктестік басшысы Жақсылық Өзденбаев.

Серіктестік биыл өндірісін кеңейтіп, Оңтүстік Кореядан каска дайындауға қажетті құрал-жабдықтар алды. Сондай-ақ  қосымша 20 адам жұмысқа тартылды. Қазір кәсіпорын 45 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. Пандемия өршіген уақытта серіктестік қайырымдылық мақсатта 18500 дана медициналық маска тігіліп, аудан халқына тегін таратты. Бүгінде шекара әскери қызметіне тағы да 4840 дана бронды кеудешеге тапсырыс алынып,  жұмыстары қызу жүруде.

Карантинде тоқтамаған тағы бір кәсіпорын «Агрохимсервис-С» ЖШС. Өндіріске бет бұрған серіктестік облыстағы шаруашылықтардың 90 процентін тыңайтқышпен және азотты құрамалармен қамтамасыз етіп отыр.

Қауіпсіздікке баса мән беретін кәсіпорын ауылшаруашылықпен айналысатын шаруашылықтарды тыңайтқышпен қамтамасыз етіп жатыр. Қолжетімді бағасына шағын қожалықтардың басшылары да разы.

– Біз арнайылап қаптағы түйіршіктелген аммоний сульфатын алдық. Егінді кеше жинап болдық. Орташа өнім гектарына 50 центнерден кем болмайды деп отырмыз. Ал тыңайтқышқа келсек, келісімшарт жасасып, уақытылы қолымызға тиді. Өнімге әсері де жақсы болды, – дейді «Тайжан» шаруа қожалығының өкілі Ахан Дүйсебаев.

Құны 400 млн теңге тұратын зауытта 22 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорынның қуаттылығы – 120 тонна. Десе де, әзірге 70-80 тонна өнім өндірумен шектеліп тұр.

Ауданның тағы бір жетістігі күн электр стансасы да толық өндірістік қуатына көшті.

Жыл басында пайдалануға берілген нысан сағатына 28 мегаВатт энергия өндіріп, республикалық желіге жібереді. 60 гектар аумаққа орналастырылған 84 мың айналмалы панель жылдың төрт мезгілінде үздіксіз максималды электр тоғын өндіреді. Күн шуағы үнемі төгіліп тұратын аймаққа қоныстанған сәуле қабылдағыш қондырғылардың жарамдылық мерзімі 25 жыл. Энергетиктердің айтуынша, жоба өз тиімділігін жарты жылда дәлелдеп шыққан. Сондықтан алдағы уақытта күнсүйгіш станса аумағын ұлғайту жоспарланып отыр.

— Біздің жоба қыс, жаз, бұлт демейді, яғни ешқандай ауа райына қарамайды. Үздіксіз электр энергиясын беріп отырады. Басқа жерлерге қарағанда жаңбыр бұл жерге аз түседі. Сондықтан жылына 300 күндей ашық болады. Күн ашық болған кезде максималды тоқ беріп отырамыз. Қыста қардан қорықпайды, өйткені панельдер айналған кезде өзі түсіп қалады. Желден қорғау қорғаныс ерекшелігі де бар, – деді станса басшысы Нұрсұлтан Қызылбаев.

Осындай ерекше жобаларымен танымал ауданда Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасымен ашылған мия тамырын өңдейтін ірі зауыт тоқтап тұр.

Әріден бастасақ, осыдан 4 жыл бұрын мемлекеттік қолдаудың арқасында облыста мия зауытын салу үшін 8,75 гектар жер бөлініп, Жалағаш ауданынан қызыл мия егуге 6 мың гектар жер берілген еді.

2013 жылдың аяғында Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде 1 млрд 8 млн теңгеге кәсіпорын салынды. Содан алғашқы сынама өнім алу кезінде кейбір қондырғылардың жетіспеушілігі байқалды. Бұл қытайлық әріптестер тарапынан, зауыттан қондырғыларды жеткізу кезінде жіберілген қателік екендігі де анықталды. «Бис групп» ЖШС мен қытайлық «Борихунда» компаниясы арасындағы бір жарым жылға созылған келісім негізінде зауыт жұмысы қолға алынды. Кәсіпорын глицирризин қышқылын, полисахаридті және мия тамыры сығындысын шығаруға бағытталып, өнімдер Қытай мен Оңтүстік Кореяға экспортталды. Алайда әлемдік нарықтағы бағаның төмендеуі – оның жабылуына себеп болды. Толық автоматтандырылған озық технологиялардың шаң басып тұрғанына 4-5 жылдай болып қалды. Тәулігіне 1 тонна өнім өндіруге қауқарлы зауыттың қаңырап тұрғанынан жүзге жуық жалағаштықтарда жұмыстан қағылды. Енді, бірнеше жыл тұрып қалған зауытты құрылтайшылары қайта жандандырып, өндірісті қалпына келтіруге ниеттеніп отыр екен.

Зауыттың бүгінгі жайын Жалағаш ауданының жаңа әкімі Асылбек Шәменов журналистерге айтып берді.

– Аталған нысанды газдандыру жұмыстары басталды. Осы мақсатқа зауыт құрылтайшылары 16 млн 400 мың теңге бөлді. Өндірісті биылғы жылдың соңына қарай іске қосу жоспарланып отыр. Өңірде шикізат жеткілікті. Құрылтайшылар осыны биыл қосамыз деп бар күштерін салып жатыр. Шикізатты қоймада ұстап отыр. Тек қана облыс емес, көршілес Түркістан, Ақтөбе облыстарының компанияларымен бірлесіп, шикізат алатын көздер бар, – дейді Асылбек Шәменов.

Зауыт құрылтайшылары қазіргі таңда бұршақ тұқымдас өсімдікті қабылдап, терең өңдеу жұмысын қайта қосуды жоспарлап отыр.

– Пандемия салдарынан Қазақстанға қытайлық технологтар мен инвесторларымыз келе алмай жатыр. Жақын арада келіп, зауытты қосамыз деп отыр. Қысқа таман қосып қалатын шығармыз, – дейді зауыт технологы Еркебұлан Балмаханов.

– Сол жылдары пайдалы мияны Қытайға экспорттаған кезде 1 тоннасы 30 мың доллар болған екен. Кейін ол баға 5 мың долларға дейін түсіп кеткен. Бүгінгі күні сұранысына байланысты нарықтық бағасы да өсуде. Қазіргі таңда 20 мың долларға жақындап қалды, – дейді аудан әкімі.

Ілгеріректе елімізде 50 мың гектар аумақта 100 мың тоннадан аса қызыл мия өсірілетін. 1990 жылдары 70 мың тоннаға дейiн азайды. Қазір өсімдіктің мөлшерін анықтау қиын болып тұр. Тиісті сала өкілдері тек мемлекеттік орман қорына тиесілі алқаптарды ғана тексеруге құқылы. Ал жеке адамға ұзақ мерзімге жалға берілген жерлерді бақылау мүмкін емес екен.

Дәрі-дәрмек атаулының басым көпшілігінің құрамына қосылатын мия тамыры көп жылдар бойы көлеңкелі жолмен сыртқа заңсыз сатылып келді. Алтын тамырлы өсімдікке қырғидай тигендердің ашкөздігі, онсыз да экологиялық ахуалы ауыр Сыр өңірінің шалғынды алқаптарын солдырып, топырағын сорға айналдырды. Өздігінен өсетін олжаны мемлекет ендігі қарамағына алмаса, құныққандар құнды шөптің тамыры үшін көкорай шалғынды аяусыз шауып тастаудан тайынбақ емес.

Жалағаш ауданындағы тағы бір кінәрат орталықтандырылған кәріз жүйесінің болмауы. Сол себепті, әлеуметтік нысандардың коммуналды мәселесі ушығып барады. Аудан орталығындағы 20 орынды жұқпалы аурулар ауруханасы мен ауысымына 250 адам қабылдайтын емханаға қалдық су шығаратын желі ауадай қажет. 2009-2013 жылдары екі кезеңдік кәріз жүйесін тарту жұмыстары жүргізілген екен. Бірақ құрылысты өткізуші облыстық құрылыс басқармасы мен қабылдап алушы денсаулық сақтау басқармасы арасындағы келіспеушіліктен, нысандар коммуналды меншікке алынбай, қараусыз қалып, қондырғылар мен құбырлар талан-таражға түскен. Енді жергілікті әкімдік коммуналды желіні жаңадан жобалау жұмыстарына облыстық бюджеттен 46 миллион теңге қаржы бөлуді сұрап отыр.

– Бұрынғы кәріз жүйелері үлкен нысандардың қуаттылығына арналмаған. Сондықтан 3 қабатты үлкен аурухана, одан кейін емхана, мектеп секілді әлеуметтік нысандарымыз бар.  Соның бәрін жүзеге асырғанда, мәселе туындайтыны анық. Сондықтан осының бәрін толыққанды бір жүйеге қосу үшін кәріз жүйесінің мәселесін шешуге тура келіп тұр, – дейді жуырда ғана тағайындалған Жалағаш ауданының әкімі Асылбек Шәменов.

Бұл мәселеде көп ұзамай дер уақытында шешіледі деген үміт бар. Өйткені пандемия тосыннан қайта соқса, салғырт салақтығымызды кешіре қоймас.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

М.СӘУЛЕБЕК 09:34
Бюджет жобасын халық жасайды
М.СӘУЛЕБЕК 09:31
Агроиндустриалды аймақ құрылады
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 09:25
Күнгейдің көлеңкелі тұстары
Сайт әкімшілігі 28.10.2020, 14:08
Алматы облысының полициясы қауіпті қылмыскерді іздестіруде
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 27.10.2020, 11:30
«Біз оны жұмысқа алған жоқпыз...»
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 27.10.2020, 10:39
Трактор табанына тапталған балалар алаңы

Аңдатпа


  • Мүгедекке айналған азамат әділет іздеп әлек
    11:03
  • Қайда кеткен? Қоймада коронавирустан емдейтін 12 дәрі жоқ болып шықты
    28.10.2020, 16:24
  • Kaspi.kz сервистері жұмыс істеп тұр
    28.10.2020, 15:38
  • Жалт етіп сөнген бір жасын
    27.10.2020, 09:53
  • Бүгін еліміздің басым бөлігінде қар мен жаңбыр жауады
    26.10.2020, 10:04