Қоғам

Тоқаев: «Ұлт тарихын тек қайғы-қасіретпен байланыстыруға болмайды»

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың алғашқы сессиясында ұлттық тарихқа қатысты пікір білдірді.

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы ұлт жадын күмәнді деректер мен бұрмаланған мәліметтер арқылы қалыптастыруға болмайтынын айтты. Оның пікірінше, мұндай көзқарас халықтың өткеніне деген сенімін әлсіретіп, болашаққа деген үмітіне кері әсер етеді.

Тоқаев Қазақстан тарихында қиын-қыстау кезеңдер мен қасіретті оқиғалар болғанын жоққа шығармай, оларды ұмытпау қажет екенін атап өтті. Алайда халықтың басынан өткен қайғы-қасіретті ұлттық болмыстың негізгі өзегіне айналдыруға болмайтынын жеткізді.

Президенттің айтуынша, қазақ халқының тарихы тек жеңілістер мен сәтсіздіктерден тұрмайды. Ұлттық шежіреде елдің жарқын жеңістері мен жетістіктері де аз емес

«Тарих өкпе-ренішпен емес, ұлт мүддесін көздеген шынайы көзқараспен жазылуға тиіс. Бұл – ең алдымен өскелең ұрпақ үшін қажет дүние», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан тарихына біржақты әрі үстірт қарамай, оны әлемдегі өзге халықтардың тарихымен қатар объективті бағалау маңызды екенін атап өтті.

Сайт Әкімшілігі