FIFA Қазақстандағы жас футболшыларды дамытуға 250 мың доллар бөледі
Халықаралық футбол федерациясы Қазақстандағы жас таланттарды анықтап, дамытуға 250 мың доллар грант бөлді. Бұл қаражат қазіргі бағаммен шамамен 115 миллион теңге болады.
Қазақстан футбол федерациясы FIFA Talent Development Scheme бағдарламасына өтінім беріп, жоба мақұлданған.
Бөлінген қаржы бірнеше бағытқа жұмсалады. Оның 125 мың доллары болашағы зор жас футболшыларды анықтау және іріктеуге арналған «Болашақ чемпиондар» ауқымды жобасына бағытталады.
Тағы 50 мың доллар жаттықтырушылар мен скауттардың біліктілігін арттыруға арналған оқыту семинарларына бөлінеді. Бағдарламаны ұйымдастыру және басқаруға байланысты операциялық шығындарды жабуға да 50 мың доллар қарастырылған.
Сонымен қатар 25 мың доллар балаларды қорғау стандарттарын енгізуге және бағдарламаға қатысушыларға психологиялық қолдау көрсетуге жұмсалмақ.
Жоба Қазақстандағы жас футболшыларды іріктеу жүйесін жетілдіруге, мамандардың кәсіби деңгейін көтеруге және болашақта халықаралық деңгейде ел намысын қорғайтын жаңа таланттарды анықтауға бағытталған.