Таразда гимназия аумағында оқушы биіктіктен құлап, ауыр жарақат алды
Тараз қаласында №40 гимназия аумағында мектеп оқушысы биіктіктен құлап, ауыр жарақат алды.
Оқиға демалыс күні таңертең болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 10-сынып оқушысы мектеп ғимаратының сыртқы өрт сөндіру баспалдағына көтерілген.
Ресми нұсқаға сәйкес, бейнебақылау камераларындағы жазбаларда жасөспірімнің баспалдақ қоршауына отырып, кейін тепе-теңдігін жоғалтып, төмен құлағаны көрінеді.
Құлағаннан кейін оқушы шұғыл түрде облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер оған ауыр диагноздар қойған: бас-ми жарақаты, оң жақ сан сүйегінің сынуы, бұғана сынуы және ішкі ағзалардың жыртылуы.
Қазіргі уақытта жасөспірім жансақтау бөлімінде жатыр. Оның жағдайы аса ауыр деп бағалануда.
Сонымен қатар, бұл жағдай бірқатар сұрақтар туғызуда. Сыныптастарының айтуынша, оқиғаға дейін ол WhatsApp чатында достарына қоштасуға ұқсас хабарламалар жазған.
Белгілі болғандай, оқушы жақсы оқыған, түрлі зияткерлік және білім беру үйірмелеріне қатысқан.
Сондай-ақ ол өгей әкесімен бірге тұрғандықтан «тәуекел тобына» жатқызылғаны айтылады. Өгей әкесі оны үш жасынан бастап тәрбиелеген. Жасөспірім отбасындағы үш баланың үлкені болған.
Онымен педагог-психологтар мен әлеуметтік педагог профилактикалық жұмыстар жүргізген. Алайда, мәліметтерге қарағанда, оқу жылының басында анасы баласына психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуден жазбаша түрде бас тартқан.
Жамбыл облысы полиция департаменті бұл факті бойынша ҚР ҚК 114-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда. Тексеру нәтижесінде заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді», — деп мәлімдеді ведомство.
Тергеу жалғасып жатыр.