Live

Алты айда 38 жасөспірім ұсталды: ІІМ есірткіге қатысты дабыл қақты

Қазақстанда 2025 жылдың алты айы ішінде есірткі қылмысына байланысты 38 жасөспірім қамауға алынған.

Фото: ашық дереккөз

Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40 пайызға көп. Мұндай алаңдатарлық деректер Ішкі істер министрлігінде өткен нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі республикалық штаб отырысында жарияланды.

Министрлік мәліметінше, құқықбұзушылықтың басым бөлігі Астана мен Алматы қалаларында тіркелген. Мамандардың айтуынша, бұл ірі қалаларда интернет арқылы есірткіге қолжетімділіктің артуымен байланысты болуы мүмкін. Сонымен қатар ІІМ есірткі жарнамаларын тарату тәсілдерінің түрленіп бара жатқанын айтып, граффити жазулармен күрестің өзектілігін атап өтті. Бұл бағытта Астана, Шымкент және Қостанай қалаларында жақсы нәтижелер байқалған – жергілікті коммуналдық қызметтер мен “Smart Astana” сияқты цифрлық қосымшалар арқылы дер кезінде шара қабылданған.

Отырыста тек есірткімен байланысты қылмыстар ғана емес, сонымен қатар, бостандыққа шыққан азаматтарды қоғамға бейімдеу мәселесі де талқыланды. Министрлік оларды жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау көрсету, психологиялық оңалту шараларын жүйелі түрде жүргізудің маңыздылығына тоқталды. Бұл – олардың қайта қылмысқа бармауы үшін жасалып жатқан кешенді жұмыстардың бір бөлігі.

Жиын барысында 2026–2028 жылдарға арналған есірткіге қарсы күрестің жаңа стратегиялық жоспары таныстырылды. Құжат 100-ден астам нақты шараны қамтиды. Онда жасөспірімдер арасындағы есірткі қылмысының алдын алу, тәуелділікті азайту, профилактикалық жұмыс тиімділігін арттыру, жауапты органдар мен мерзімдер нақты көрсетілген.

Бұған дейін есірткі тасымалымен айналысқан 20 жастағы көкшетаулық азамат 7 жылға сотталғаны хабарланған еді. Бұл оқиға да есірткі бизнесіне тартылған жастар санының артып келе жатқанын дәлелдейді.

ІІМ-нің соңғы деректері қоғам үшін алаңдатарлық. Жасөспірімдердің есірткіге араласуы – болашақ ұрпақтың тағдырына балта шабатын үлкен қауіп. Сондықтан да қабылданып жатқан жаңа стратегиялық жоспар тек жазалауға емес, алдын алу мен қайта әлеуметтендіруге басымдық береді. Сарапшылар бұл бағытта тек құқық қорғау органдары емес, ата-аналар мен білім беру мекемелері де белсенді атсалысуы тиіс екенін айтады.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Есірткі