Live

Адвокаттар: Әмір Қасенов құрғақ аштықты жалғастырып жатыр

ҚазТАГ агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов құрғақ аштық жариялауын тоқтатқан жоқ. Бұл туралы оның адвокаты Акромат Мұхтаров мәлімдеді.

Фото: ҚазТаг

Адвокаттың айтуынша, Әмір Қасенов тергеу изоляторынан Алматы қаласындағы №4 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалағанымен, қорғаушы тарапқа да, жұбайы Айгүл Қасеноваға да медициналық құжаттар ұсынылмаған.

«Қорғау тарапы мен жұбайына оған кіруге рұқсат берілген жоқ. Алайда ауруханадан шығарып жатқан кезде Әмір Қасенов құрғақ аштықты жалғастырып жатқанын айтты», – деді Акромат Мұхтаров.

Адвокат Юлия Малюкованың сөзінше, қорғаушылар мен Айгүл Қасенова оны аштықтан бас тартуға көндіру үшін ауруханаға бармақ болған, алайда жедел қызметкерлер оларды өткізбеген.

Бұған дейін әлеуметтік желідегі жазбасынан кейін Әмір Қасеновтың үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қамауға алумен ауыстырылған болатын. Осыдан соң ол құрғақ аштық жариялағанын мәлімдеген.

16 маусымда адвокаттар оның аштықты жалғастырып жатқанын хабарлады. Ал 19 маусымда адвокат Рена Керимова әріптесінің тергеу изоляторында Қасеновпен кездескеннен кейін оның жағдайы өте ауыр екенін жеткізген. Кейін бас редактордың ауруханаға жатқызылғаны белгілі болды.

Еске салсақ, Әмір Қасенов ісі қоғамда кең резонанс тудырды. 2 маусымға қараған түні оның Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған бейнеүндеуі жарияланып, кейін журналистер, құқық қорғаушылар мен қоғам белсенділері оған қолдау білдірді. 4 маусымда адвокаттар Президентке үндеу жасап, қоғамның сот әділдігіне деген сенімі әлсіреп бара жатқанын мәлімдеген болатын.

Сайт Әкімшілігі