спорт

Елена Рыбакина жарақатына байланысты Цинциннатидегі турнирден шығып қалды

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина АҚШ-тың Цинциннати қаласында өтіп жатқан WTA 1000 турнирінің ширек финалындағы ойынды жалғастыра алмады.

Фото: ҰОК

Ол Польша өкілі Ига Швёнтекпен кездесуі кезінде сол жақ тобығынан жарақат алып, матчты мерзімінен бұрын тоқтатты. Рыбакина есеп 1:4 болған кезде медициналық көмекке жүгінді. Дәрігерлер оның сол аяғын тексергенімен, теннисші көп ұзамай кездесуді жалғастыра алмайтынын түсініп, ойыннан бас тартты.

Спортшының айтуынша, жарақат оған біраз уақыттан бері мазалап жүрген. Ойыннан кейін тіпті жүрудің өзі ауыр болған.

«Қазір өзімді жақсы сезініп тұрған жоқпын. Доп берген кезде аяғымды дұрыс итере алмадым. Жүрудің өзі ауырады. Ертең МРТ жасатамын, содан кейін нақты не болғанын білеміз», – деді Рыбакина.

Осылайша, қазақстандық теннисші Цинциннати турниріндегі өнерін ширек финалда аяқтады. Ал Ига Швёнтек жартылай финалға жолдама алды. Рыбакинаның жарақатына қатысты нақты диагноз МРТ нәтижесінен кейін белгілі болады. Бұл жағдай 30 тамызда басталатын АҚШ ашық чемпионаты қарсаңында қазақстандық спортшы үшін маңызды болып отыр.

Сайт Әкімшілігі