Бейбіт уақытта сарбаздардың қаза болуы: прокуратура алаңдатарлық деректерді жариялады
Қазақстанда әскери құқықбұзушылықтар күрт көбейген. 2026 жылдың алғашқы тоқсанында армиядағы қылмыс саны 75 пайызға артқан.
Бұл туралы Ranking.kz хабарлады.
Елде әскери қақтығыс болмаса да, сарбаздардың қаза болуы мен жарақат алуы туралы ақпараттар БАҚ-та ай сайын дерлік жарияланып келеді.
Қылмыс өсімі және «дедовщина»
ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегінше, соңғы бес жылда әскери қылмыс деңгейі екі есеге жуық өскен.
Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 140 қылмыстық іс тіркелген.
Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 34,1 пайызға өсіп, 176-дан 236 жағдайға жеткен.
Заңбұзушылықтардың ең үлкен үлесі (35,2 пайыз) әскери қызметшілер арасындағы жарғыға қайшы қатынастарға тиесілі. Бір жыл ішінде мұндай оқиғалар саны 66 пайызға артқан.
Сонымен қатар, істердің сотқа жету деңгейі төмен. Өткен жылы «дедовщина» бойынша күдікке ілінген 79 адамның тек 18-і (22,8 пайызы) ғана сот алдында жауап берген. Қалған істер түрлі себептермен тоқтатылған.
Жастар – ең осал топ
2020 жылдан бері әскери қылмыстардан шамамен 1,4 мың адам зардап шеккен, оның ішінде 47-сі қаза тапқан.
Ең осал топ – 20 жасқа дейінгі әскерге шақырылған жастар. 2026 жылдың басында зардап шеккендердің үштен екісі осы санатқа тиесілі болған.
Өлімге әкелетін жағдайлар көбіне мына баптар бойынша тіркеледі:
қызметке салғырт қарау;
билікті асыра пайдалану;
қарумен жұмыс істеу ережелерін бұзу;
арнайы техниканы жүргізу және пайдалану талаптарын бұзу.
Қайғылы оқиғалар мен суицидтер
Әскердегі суицид көрсеткіші ерекше алаңдаушылық туғызады. 2020 жылдан бері Қазақстан армиясында 89 адам өз-өзіне қол жұмсаған.
Мұндай оқиғалардың басым бөлігі келісімшартпен қызмет ететіндер арасында тіркелгенімен, әскерге шақырылғандар арасында да өлім-жітім тұрақты жоғары деңгейде қалып отыр.
«Биылдың алғашқы үш айында төрт қазақстандық отбасы әскердегі қысым мен қорлыққа шыдамаған балаларын жерледі», – дейді сарапшылар.
Сонымен бірге, Бас прокуратура есептерінде суицидтердің себептері көп жағдайда «анықталмаған» деп көрсетіледі. Тек жекелеген жағдайларда ғана тергеу мұндай оқиғаларды психологиялық қысыммен немесе қызмет орнындағы жанжалдармен байланыстырады.