Live

Францияда тағы бір круиз кемесі вирусқа байланысты карантинге жіберілді

Франция билігі норовирус таралғаннан кейін Ambition круиз лайнеріндегі 1,7 мыңнан астам адамды оқшаулауға жіберді, деп хабарлады France24.

Фото: Peter Titmuss/Alamy

Ресми мәліметке сәйкес, Ирландия мен Ұлыбританиядан келген 1233 жолаушысы бар Ambassador Cruise Line компаниясының кемесі 12 мамыр күні Бордоның батыс порттарының біріне тоқтаған. Францияның денсаулық сақтау органдарының айтуынша, жолаушылардың бірі – 90 жастағы ер адам норовирустан қайтыс болған. Тағы 50-ге жуық адамнан вирус белгілері анықталған.

Норовирус – өте жұқпалы вирус. Ол асқазан мен ішектің қабынуын, яғни жедел гастроэнтеритті тудырады. Көбіне лас тағам, су немесе науқас адаммен байланыс арқылы жұғады. Мамандар вирустың сыртқы ортада ұзақ сақталатынын және аз мөлшерінің өзі жұқтыруға жеткілікті екенін айтады.

Норовирустың негізгі белгілері – жүрек айну, құсу, іш өту және іштің ауыруы. Кей жағдайда дене қызуы көтеріліп, бұлшықет ауырсынуы байқалады. Аурудың арнайы емі жоқ. Дәрігерлер ағзаның сусыздануына жол бермеу үшін сұйықтық пен электролиттерді толықтыру қажет екенін айтады.

Кеме 6 мамыр күні Шотландиядағы Шетланд аралдарынан жолға шыққан. Ол Солтүстік Ирландиядағы Белфаст, Ұлыбританиядағы Ливерпуль және Франциядағы Брест порттарына тоқтап, кейін Бордоға жеткен. Одан әрі Испанияға бет алуы тиіс болған.

Мамыр айының басында Аргентинадан Кабо-Вердеге бағыт алған MV Hondius круиз кемесінде де хантавирус таралғаны хабарланған еді. Алғашқы науқас вирусты Оңтүстік Америкаға саяхат кезінде жұқтырған.

10 мамыр күні лайнер Тенерифеге жеткен соң жолаушылардың бір бөлігі эвакуацияланды. Кейін Нидерландия, Түркия, Франция, АҚШ және Ұлыбритания азаматтары да кемеден шығарылған.

Келесі күні эвакуация жұмысына қатысқан Испания азаматтық гвардиясының қызметкері жүрек талмасынан қайтыс болды.

Осыдан кейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебрейесус елдерді хантавирустың жаңа жағдайларына дайын болуға шақырды. Оның айтуынша, мемлекеттер ДДСҰ ұсынып отырған 42 күндік карантин мен қауіп тобына кіретін адамдарды тұрақты бақылау тәрізді шараларды қатаң сақтауы қажет.

Сонымен бірге ДДСҰ хантавирус жағдайының пандемияға айналмайтынын бірнеше рет мәлімдеген.

Сайт Әкімшілігі