Live

Германияда аптап ыстықтан 10 мыңға жуық адам көз жұмды

Германияда 2026 жылдың басынан бері аптап ыстықтың салдарынан шамамен 10 мың адам қайтыс болды. Ел билігі келесі жазға дейін аптап ыстыққа қарсы бірыңғай ұлттық іс-қимыл жоспарын әзірлеуді ұсынып отыр.

Фото: Antonio Pisacreta/ROPI/picture alliance

Германияның Қоршаған орта және климатты қорғау жөніндегі федералдық министрлігінің мемлекеттік хатшысы Йохен Фласбарт елде экстремалды ыстыққа қарсы ұлттық жоспар әзірлеу бастамасын көтерді.

Оның айтуынша, келесі жаз басталғанға дейін Германияның барлық федералдық жерлерінде қабылданған ыстыққа қарсы шараларды бірыңғай ұлттық жоспарға біріктіру қажет. Фласбарт климаттың өзгеруіне бейімделу бүкіл қоғам үшін маңызды міндет екенін, алайда бұл бағыттағы жұмыстардың жеткілікті қарқынмен жүрмей жатқанын айтты.

Сондай-ақ ол Германия ауруханаларында кондиционерлердің жетіспеуіне қатысты Федералдық есеп палатасын сынға алды. Оның сөзінше, Қоршаған орта министрлігі әлеуметтік мекемелерді климаттың өзгеруіне бейімдеу бағдарламасын жүзеге асыруға тырысып жатыр. Алайда бақылаушы орган бұл жұмыстар министрліктің құзыретіне жатпайды деп есептейді.

Фласбарт бұл мәселені шешу үшін Германияның Негізгі заңына тиісті өзгерістер енгізу жоспарланып отырғанын да мәлімдеді.

Ал Роберт Кох институтының бағалауынша, 2026 жылдың шілде айының ортасына дейін Германияда экстремалды ыстықтың салдарынан шамамен 10 мың адам көз жұмған. Бұл – 2016 жылдан бері тіркелген ең жоғары жылдық көрсеткіш.

Сайт Әкімшілігі