Live

Хантавирус: ДДСҰ 11 адамнан вирус анықталғанын хабарлады

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус хантавирусты жұқтырған 11 жағдай тіркелгенін мәлімдеді. Оның тоғызы Андес вирусы ретінде расталса, тағы екеуі тексеріліп жатыр.

Фото: Hannah McKay/REUTERS

«Қазіргі уақытта 11 науқас тіркелді, оның үшеуі қайтыс болды. Барлық жағдай кеме жолаушылары немесе экипаж мүшелері арасында анықталды. 11 жағдайдың тоғызы Андес вирусын жұқтыру ретінде расталды, қалған екеуі ықтимал жағдай ретінде қарастырылуда», – деді Гебрейесус баспасөз мәслихатында. Трансляция ДДСҰ-ның Х әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында көрсетілді.

Оның айтуынша, науқастар оқшауланып, қатаң медициналық бақылауға алынған. Бұл вирустың әрі қарай таралу қаупін азайтады.

Айта кетейік, қауіпті хантавирустың таралуы Аргентинадан Кабо-Вердеге бағыт алған Нидерландтың MV Hondius круиздік лайнерінде тіркелген. Сенбі күні кеме Канар аралдарының жағалауына жетіп, жолаушылар эвакуацияланған.

Еске салсақ, хантавирустың алғашқы өршуі сәуір айында тіркелген. Сол кезде лайнер бортында 147 адам болған. Үш адам — Нидерландтан келген ерлі-зайыпты мен Германия азаматы қайтыс болды. Кейін кеме Испанияға жіберіліп, жолаушылар түсірілген.

Өткен аптада Швейцарияда хантавирустың қауіпті түрін жұқтыру жағдайы анықталды. Бұдан бөлек, Израильде, Францияда және АҚШ-та да алғашқы жағдайлар тіркелген.

Бұған дейін АҚШ азаматтарының бірінен хантавирус анықталғанын хабарлаған еді. Ол MV Hondius лайнерінде болған 17 америкалықтың бірі. Тағы бір адам жеңіл симптомдарға шағымданған. Екі науқас арнайы оқшауланған бөлімде тасымалданған.

Қазіргі уақытта үш жолаушы қайтыс болды, тағы бір науқас Йоханнесбург ауруханасында ауыр жағдайда жатыр.

Бұған дейін ДДСҰ басшысы Тедрос Гебрейесус Тенерифеге барып, вирус анықталған лайнерді жеке қарсы алғаны хабарланған болатын. Сондай-ақ ол жаңа пандемия басталды деген жалған ақпараттарды жоққа шығарған.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: хантавирус