Live

Каспийдегі оқу-жаттығудан аман қалған үшінші әскери қызметшінің жағдайы белгілі болды

Қазақстан Қорғаныс министрлігі Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде аман қалған үшінші әскери қызметші туралы мәлімет берді.

Фото: ҚМ

Ол – Батыс Қазақстан облысының тумасы Никита Удалов. Ведомство мәліметінше, қазір ол дәрігерлердің бақылауында. Жағдайы жақсы.

Бұған дейін оқиғадан аман қалған тағы екі әскери қызметші – Атырау облысынан Бекет Қуандық пен Маңғыстау облысынан Ақжол Темірхан туралы белгілі болған.

Ақжол Темірхан оқиғадан кейін ауыр жағдайда ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылған. Келесі күні ол есін жиып, жағдайы тұрақталған.

Бекет Қуандық та дәрігерлердің бақылауында. Бұған дейін оның ата-анасы әскери қызметшіні ауруханаға жатқызудың қажет болмағанын, өзін жақсы сезініп, өздігінен жүріп-тұра алатынын айтқан.

Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде болды. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан әскери қызметшілер теңізге түсіп кеткен.

Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жалғасып жатыр. Қызметіне салғырт қарады деген күдікке ілінген лауазымды тұлғалар анықталған.

Қайғылы оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқаратын үкіметтік комиссия құрылды.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: сарбаз өлімі