Кәсіпкер Анжела Сарсенова қаза тапқан сарбаздардың отбасыларына 100 млн теңге көмек көрсетті
Кәсіпкер Анжела Сарсенова қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына өз қаражатынан 100 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсетті.
Қазақстандық кәсіпкер Анжела Сарсенова Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық қолдау көрсетті.
Анжела Сарсенова – әртүрлі бағыттағы бизнеспен айналысатын кәсіпкер. Атап айтқанда, оған Helios жанармай құю станциялары желісі, «Французский дом» және Beautymania сауда желілері, сондай-ақ жылжымайтын мүлік саласындағы активтер тиесілі.
Сонымен қатар кәсіпкер Сиверс алмасының жабайы ормандарын сақтауға, Қазақстанның мәдени және тарихи мұрасын қорғауға атсалысып келеді. Ол көрермендерге қолжетімді «Nomad Century» артефактілер коллекциясын толықтыруға да демеушілік көрсетеді.
«Кәсіпкер әрі еліміздің азаматы ретінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына 100 000 000 (жүз миллион) теңге көлемінде материалдық қолдау көрсету туралы шешім қабылдадым», – деді Анжела Сарсенова.
Ол марқұмдардың туған-туыстарына көңіл айтып, олардың қайғысына ортақ екенін жеткізді.