Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған Алматыдағы базар 24,8 млрд теңгеге сатылды
Алматыдағы «Байсат» базары бірнеше рет сатып алушы табылмағаннан кейін аукционда 24 млрд 772 млн 753 мың 285 теңгеге сатылды.
Сауда 7 тамызда E-Qazyna электронды алаңында өтті.
Аукционға «Көтерме-бөлшек сауда орталығы» ЖШС-нің 100 пайыздық үлесі шығарылған. Нысанның түпкілікті сату бағасы бастапқы бағамен бірдей болды. Сатып алушының аты-жөні электронды алаңда жарияланбаған.
Активті Қайтарылған активтерді басқару компаниясы сатты. Лот сипаттамасында кәсіпорында жылына орта есеппен 64 адам жұмыс істейтіні көрсетілген.
Бұған дейін нысанның бағасы бірнеше рет төмендетілген. Алғашында базардағы үлесті шамамен 28 млрд теңгеге сатуға әрекет жасалған. Кейін қайталама саудада оның бағасы 26,7 млрд теңгеге дейін төмендетілді. Егер бұл жолы да сатып алушы табылмағанда, актив Алматы қаласының коммуналдық меншігіне берілуі мүмкін еді.
Айта кетейік, бұған дейін Қайрат Сатыбалдының ұлына тиесілі болған «Байсат» базарының бір бөлігі сотқа дейінгі тергеу аясында мемлекет меншігіне қайтарылған.