Қазақстандық әлем чемпионы 2026 жылғы алғашқы жеңісіне қол жеткізді
Қазақстандық боксшы Төрехан Сабырхан 2026 жылғы маусымдағы алғашқы жекпе-жегін жеңіспен бастады. 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін спортшы Boxam Elite 2026 халықаралық турнирінің 1/8 финалында қарсыласынан басым түсті.
Ширек финал жолдамасы үшін өткен жекпе-жекте Сабырхан 2025 жылғы әлем чемпионы, Кабо-Верде елінің өкілі Аилтон Монтейрумен жұдырықтасты. Кездесу толық қашықтыққа созылып, төрешілердің бір ауыздан шығарған шешімімен қазақстандық боксшының жеңісімен аяқталды.
Айта кетейік, Boxam Elite 2026 турнирі 3–8 ақпан аралығында Испанияның Ла-Нусия қаласында өтіп жатыр. Бұл жарыста Қазақстан құрамасы әйелдер арасында 14, ерлер арасында 18 спортшымен қатысуда.
Қазіргі таңда жарыстан мына боксшылар шығып қалды:
Сымбат Алиаскар (54 келіге дейін),
Шахназ Исаева (57 келіге дейін),
Аяжан Ермек (60 келіге дейін),
Асем Танатар (65 келіге дейін),
Даулет Молдашев (60 келіге дейін),
Санатали Төлтаев (65 келіге дейін).
Ал Төрехан Сабырханнан бөлек, Назерке Серік (65 келіге дейін) пен Нұрбек Мұрсал (70 келіге дейін) де турнирдің ширек финалына жолдама алды.