Live

Қазақстандықтардан ұрланған миллиардтар кейін елді тұрақсыздандыру үшін қолданылады – журналист

Қазақстандық журналист Аян Шәріпбаев қатардағы азаматтардың жеке деректері кеңінен таралып жатқан тұста, «Ескі Қазақстан» өкілдерінің қылмыстарын тергеу барысын сынға алды.

Фото: ЖИ / Жас Алаш

Бұл туралы ҚазТАГ жазды. 

«Желінің көлеңкелі секторындағы адамдардың маған шыққан сәті жақсы есімде. Олар жай ғана алдыма бүкіл ақпаратты жайып салды. Менің жеке деректерім, жақындарымның деректері, байланыстарым. Бүкіл өмірің алақандағыдай. Мұндай сәттегі сезім өте қорқынышты әрі жағымсыз. Жүйе біз туралы бәрін жинақтайды, бірақ ештеңені дұрыс қорғай алмайды. Деректер базасын таратып жіберу, біреудің жеке өмірін паш ету, журналистерді қорқытуға тырысу — қиын шаруа емес. Бұл талантты бірінші курс студентінің деңгейі. Әлемдік тәжірибеде жабық ақпаратпен жұмыс істеудің мүлдем басқа үлгілері бар. Біздікілер сияқты ұрлап алып, оны қызғаншақ күйеуіне немесе көрші кабинеттегі әріптесіне сату емес», - деп жазды Шәріпбаев сәрсенбі күні әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ол «нағыз идеяшыл хакерлер трансұлттық корпорациялардың, элиталық заң кеңселері мен офшорлық банктердің серверлерін бұзатынын» атап өтті.

«Олар құжаттарды жүктеп алып, баспасөзге береді. Жаһандық жемқорлықты әшкерелеуге OCCRP консорциумы өлшеусіз үлес қосып келеді. Дүниежүзінің зерттеуші журналистері осы тарап кеткен деректерге сүйене отырып, диктаторлардың жасырын активтерін, яхталарын, швейцариялық шоттары мен виллаларын тауып жатыр. Олар ұлттық бюджетті жымқыру деректерін құжатпен дәлелдеп, күрделі қаржылық схемалардың түйінін шешеді. Рас, соңғы кездері ол жерде Қазақстан туралы бір ауыз сөз жоқ. Шамасы, біреулер өздерінің саяси мәселелерін шешіп үлгерген сияқты. Ал біздің отандық кибер-данышпандар ше? Әзірге олардың амбициясы — ХҚКО (ЦОН) базасын даркнетте сату немесе кезекті бір блогердің кім екенін әшкерелеу (деанон) ғана», - деді журналист.

Оның пікірінше, есеюдің уақыты келді.

«Ел биліктің жаңа архитектурасына көшу кезеңін бастан өткеріп жатыр. Кез келген осындай жүйелі трансформация тарихта бір ғана процесспен қатар жүреді: келісімге келе алмаған элиталар чемодандарын жинайды. Бізді алда капиталды шетелге шығарудың жаңа, қуатты толқыны күтіп тұр. Ондаған жылдар бойы бюджеттік ағындарда отырғандар, алтын құймалары мен биткоиндары жаңа саяси мәзірге байланысты жоғары кабинеттерде керексіз болып қалғандар дәл қазір ұрлағандарын еселенген күшпен жасырып, цифрлық кеңістіктегі іздерін суытып жатыр. Шынымен киберәлемнің элитасы екендеріңізді дәлелдегілеріңіз келе ме? Қарапайым азаматтардың ЖСН-ын жайына қалдырыңыз. Бізге ақшаны көрсетіңіз. Дәл қазір елден сорылып жатқан сол миллиардтарды көрсетіңіз. Жаңа офшорлық тізбектерді бұзыңыз. Криптомиксерлер арқылы жасалған транзакцияларды ашып, ақырғы әмияндарды паш етіңіз. Шетелдік активтер қайта жазылған трасттық қорлардың нақты бенефициарларын жарыққа шығарыңыз. Бірақ тұтас үкіметтерді сатып алуға ресурстары бар адамдардың жолын кесуге қорқасыздар», - дейді ол.

Оның ойынша, базаны алаяқтарға сатып жіберу оңайырақ, соның салдарынан кейін зейнеткерлердің шоттары толықтай тоналады.

«Алдыңғы тәжірибе ащы шындықты көрсетті: жүйе Назарбаевтың айналасындағы көлеңкелі экономиканың бірінші дәрежелі архитекторларының алдында дәрменсіз болып шықты. Осы уақыт ішінде біз соңына дейін жеткізілген бірде-бір шынайы, шулы кейсті көрмедік. Ең сорақысы, тіпті ең атышулы қарақшыларды (Қожамжаровтың бандасындағы «финиктерді» айтып отырмын) темір торға тоғыта алмады. Мемлекет күрделі офшорлық құрылымдардың алдында қауқарсыз. Ондаған жылдар бойы жиналған миллиардтардың нақты қайда кеткені және қай юрисдикцияларда тұрақтап қалғаны туралы қоғамға әлі ешкім жауап берген жоқ. Осы орасан зор капиталды шығару схемаларын әшкерелеудің орнына, билік мүлдем басқа нәрсемен айналысып жатыр. Олар білікті кадрлардан таңқаларлық жеңілдікпен құтылуда. Өткен жыл бойы цифрлық саладағы жемқорлық тетіктерін іс жүзінде ашқан тәжірибелі офицерлер мен сауатты техниктерді жай ғана жұмыстан шығарып жатыр, ал Бас прокурор мырза олардың жұмыс нәтижелерін жариялағысы келмейді. Неге?» - деп атап өтті журналист.

Ол адамдарды қызметтен кетіру арқылы схемалардың емін-еркін өмір сүруіне және жаңа бенефициарларды байытуға жол беріліп жатқанын айтты.

«Бұл жерде мемлекет үшін басты экзистенциалды қауіп жатыр. Жылыстаған миллиардтар ешқайда жоғалып кетпейді. Егер бұл ақша уақыт өте келе экономикаға Сингапур немесе Нидерландыдан келетін «шетелдік инвестиция» ретінде оралса, бұл — қасіреттің жартысы ғана. Басқа сценарий әлдеқайда нашар. Бұл орасан зор көлеңкелі бюджеттер Қазақстанның ішіндегі күмәнді саяси ойындар үшін пайдаланылады. Шығарылған капитал жасырын ықпал ету құралына айналады, мұнда басты «шығын материалы» — қарапайым қазақстандықтар. Азаматтардың билікке деген шынайы наразылығын жай ғана өз арнасына бұрып, сол азаматтардың өздерінен ұрланған ақшамен елдегі тұрақсыздықты қаржыландыру үшін қолданады. Кеше ғана маған астарлап ескерту жасады: цифрлық саладағы күмәнді схемаларды тек біреудің тапсырысымен ғана әшкерелеуге болады-мыс.» - деді Шәріпбаев.

Айта кетейік, бұған дейін Jas Alash "Сұрыптап іздеудің соңы: Қайтқаны – бір мысқал, қайтпағаны..." атты көлемді мақала жазған еді.   

Сайт Әкімшілігі