Сараптама

Сұрыптап іздеудің соңы: Қайтқаны – бір мысқал, қайтпағаны...

«Заңсыз иеленген активтерді мемлекетке қайтару» деген ұран бастапқыда ірі саяси науқанға айналып еді, соңы сиырқұйымшақтанып кеткендей. Бас прокуратура жүйесіндегі тиісті орган активтерді іздеу, жинау, бағалау, тіркеу және мемлекет мүддесіне қайтару өкілетіне ие екенін ресми түрде жариялаған.

Қапенов, Мусин, Нығматулин

 Үкімет те бұл жұмысты ірі инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалармен байланыстырып, қайтарылған қаражаттың аурухана, су құбыры, спорт нысандары секілді жобаларға жұмсалып жатқанын көрсетуге тырысты. Ресми деректе мемлекет кірісіне қайтарылған активтер жүздеген миллиардтан асып, кей есепте бір триллион теңгеден жоғары көрсетілді. Алайда қоғамда қаржысының шығу тегі күмәнді делініп, халықаралық іздеу жарияланған кей тұлғалар шетелде емін-еркін өмір сүріп жатыр.

Арғын Нығматулин
Фото: ашық дереккөз

Нығматулиндер қайда?

Қағаз жүзінде бәрі түсінікті. Мемлекет активті іздейді, оның шығу тегін тексереді, заңсыз деп танылса, қайтарып алады. Бірақ қоғамдық санада мәселе заңның мәтінінде емес, оның қалай орындалатынында. Өйткені дәл осы кезеңде Қазақстан қоғамы бірнеше параллель көріністі қатар бақылап отыр. Мысалы, шетелдегі қымбат мүлік туралы ашық деректер шығып, кей істер бойынша активтер өте жылдам мемлекетке өтті, ал халықаралық іздеудегі кейбір тұлғаларға келгенде үнсіздік басым. Сұрақ та осы жерден туады – мемлекет шетелдегі активті шынымен қайтара ала ма, әлде бұл тетік тек белгілі бір адамдарға ғана жұмыс істей ме?

Осы қайшылықты айқын көрсететін алғашқы мысалдың бірі – Нығматулиндерге қатысты жария болған деректер. БАҚ бетінде Нұрлан Нығматулиннің ағасы Арғын Нығматулин Португалияда болуы мүмкін екені, отбасының Картейра қаласындағы қымбат вилламен байланысы бар екені айтылды. Кейбір деректе нысанның орналасқан жері тіпті нақтырақ көрсетіліп, Фонте-Санта ауданындағы Loule Velho көшесі аталды. Сол жарияланымдарда мүлік офшорлық компания арқылы рәсімделгені, шамамен 5 млн еуро көлемінде бағаланатыны, ал Қазақстан тарапы бұл ақпаратқа ресми айқын жауап бермегені жазылды. Басқа сөзбен айтқанда, қоғамға мүліктің ықтимал мекені де, иелік ету схемасы да белгілі, бірақ осы деректерді мемлекет назарына алды ма? Ол жағы белгісіз.

Бұл жерде бір нәрсені анық түсіну керек. Мәселе тек бір виллада емес. Мәселе – мемлекеттің жария ақпаратқа реакциясында. Егер қымбат шетелдік мүлікке қатысты дерек, байланысқан компания, ықтимал бенефициар және орналасқан ел туралы мәлімет ашық айналымда жүрсе, онда актив қайтару құрылымдарының жұмысы да қоғамға соншалық анық көрінуі керек еді. Қандай құқықтық көмек сұратуы жіберілді? Қандай елмен байланыс орнатылды? Қандай тетік іске қосылды? Осындай сұрақтарға жауап жоқ кезде, ресми науқанның өзі қоғам үшін шала аяқталған әңгіме секілді көрінеді.

Ағайынды Нығматулиндер Назарбаев президент болып тұрған кезде дәуірледі. Себебі Нұрлан Нығматулин – Қазақстандағы ықпалды саяси тұлғалардың бірі, экс-президенттің сенімді серігі болды. Ол түрлі жоғары лауазымды қызметтерді атқарды, нақтыласақ, Қарағанды облысының әкімі, Астана қаласы әкімінің орынбасары және Мәжіліс төрағасы қызметтері бар. Оның егізі Ерлан Нығматулин де бірнеше рет Мәжіліс депутаты болып сайланып, экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитеттің төрағасы қызметін атқарды. Ағайындылар мемлекеттік қызметте жүріп, үлкен ықпалға ие болды. Қарағанды облысында әмірі жүріп тұрды. Тек 2022 жылғы қаңтар қырғыны бәрін өзгертті. Қаңтар оқиғасынан кейін Нұрлан Нығматулин Мәжіліс төрағасы қызметінен кетті. Көп ұзамай, оның рейдерлік әрекеттерге қатысы бар-жоғы талқылана бастады. Бұрынғы ҰҚК төрағасы Амангелді Шабдарбаев Нығматулиннің жаппай тәртіпсіздікке қатысы болуы мүмкін екенін мәлімдеді, алайда Бас прокуратура оның үстінен қылмыстық іс қозғалмағанын хабарлады. Бұл істерде Нұрлан мен Ерлан Нығматулиндердің үлкен ағасы Арғын Нығматулиннің де аты аталып қалып жатты.

Жалпы Нығматулиндердің үлкені де бірнеше лауазымды қызмет атқарған. Екі рет бұрынғы Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты болып сайланған. Оның іздеуде болуы Нығматулиндер кланына қатысты рейдерлік әрекеттер мен заңсыз схемаларға қатысты күдікті күшейте түсті. 2 жыл бұрын Антикор ағайынды Нығматулиндерге қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын растады. Осыдан кейін бірнеше кәсіпкер олардың рейдерлік шабуылдары туралы мәлімдеме жасады. «Жас Алаш» 2024 шілдедегі санында «Апат пен Арыз. Ағайынды Нығматулиндер көзге түспейін-ақ дейді...» мақаласында ағайынды Нығматулиндердің рейдерлік ісі туралы көлемді зерттеу жазды. Жалпы, Нығматулиндердің бизнесі жайлы ашық деректерде мәлімет көп. Бұл туралы бірнеше рет жаздық. А.Нығматулиннің – «Сарыарқа» хоккей клубы» ЖШС, ITECco Kazakhstan, NBN Inc сынды компанияларын санамалап та көрсеттік.

Назарбаев пен Мусин
Фото: ашық дереккөз

Мусиндердің Еуропадағы сайраны

Екінші мысал – Аслан Мусинге қатысты жария болған шетелдік активтер. 2026 жылғы сәуірде бірнеше басылым экс-президент әкімшілігі басшысының отбасымен байланысты делінген Венадағы аса қымбат пәтер туралы жазды. Жарияланған мәліметке қарағанда, пәтер Аустрия астанасының орталық бөлігіндегі Neubau ауданында орналасқан, көлемі 413 шаршы метр, ал құны шамамен 4,5 млн еуроға жуық. Бұдан бөлек, нысан Mondscheingasse көшесінде орналасқаны, актив аустриялық компанияның атына жазылғаны, ал ол құрылымның түпкі байланысы Мусиндер әулетіне жақын тұлғалармен ұштасатыны айтылды. Жалпы Мусиндердің Латвиядағы активтері 20 млн еуродан асатыны жайлы да отандық БАҚ жазды. Ал отбасының негізгі бизнес мүддесі Болгарияда шоғырланған. София қаласында олар 200 млн еуродан асатын инвестициямен ірі құрылыс жобасын жүзеге асырып жатыр. Жоба аясында 95 мың шаршы метр кеңсе, 60 мың шаршы метр тұрғын үй, мектептер, екі спорт кешені және 4,5 мың автотұрақ салу жоспарланған. Бұл Болгариядағы ең ірі девелоперлік жобалардың бірі саналады. 2024 жылғы есеп бойынша, «София парк» компаниясының активтері 68 млн еуроға бағаланған. Болгария Мусиндер үшін тек бизнес емес, өмір сүру ортасына да айналған. Аслан Мусиннің жұбайы Гүлбану Үкетайқызы мен ұлы Сауранбек «алтын азаматтық» алып, жергілікті және Еуропарламент сайлауларына қатысу құқығына ие болған. Ал Аслан Мусиннің өзі 2020 жылы Черногорияның құрметті азаматы атанған. Алайда кейін бұл елде берілген азаматтықтарға қатысты тексеріс басталған. Бұл тексеріс салықтан жалтару ісіне байланысты қозғалған.

Аслан Мусин – тәуелсіз Қазақстанның саяси тарихында ең ықпалды әрі даулы тұлғалардың бірі. Ол Ақтөбе өңірінің тумасы, мемлекеттік қызметтің ең жоғарғы сатыларынан өткен шенеунік ретінде белгілі. 2017 жылы ресми түрде зейнет жасына жетуіне байланысты қызметтен босатылды. Президент әкімшілігін басқарған кезеңде Мусиннің ықпалы ерекше күшейді. Ол ресми түрде көрінбегенімен, ел ішіндегі кадрлық шешімдер мен ірі жобаларға әсер еткен «көлеңкедегі ойыншы» ретінде сипатталатын. Сол себепті оны бейресми түрде «сұр кардинал» деп атағандар да болды. Ашық коррупциялық істерге тартылмаса да, түрлі деңгейдегі келісімдер мен тағайындаулар оның сүзгісінен өткен деген әңгімелер саяси ортада жиі айтылатын. Сонымен қатар оның есімі шетелдегі активтермен байланысты деректерде де аталады. Бұл мәліметтер шындыққа жақын болса, онда «Өмір бойы мемлекеттік қызметте болған, бизнес саласында ашық түрде жұмыс істемеген адамның мұндай ауқымды қаржы ресурстары қайдан қалыптасты?» деген сұрақ көптің көкейінде жүргені анық.

Қапенов
Фото: ашық дереккөз

Мәсімовтің бұрынғы күйеубаласы Азамат Қапенов кім?

Үшінші маңызды кейіпкер – Азамат Қапенов. Бұл есім соңғы апталарда қайтадан алдыңғы қатарға шықты. Қапенов – «ҚазТемірТранс» акционерлік қоғамының бұрынғы вице-президенті, әрі медиада Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеубаласы ретінде де аталады. Қаржы мониторинг агенттігінің дерегіне сүйенген жарияланымдарда оған қызметтік өкілетін асыра пайдаланып, өзі байланысы бар компанияларға заңсыз артықшылық берген деген күдікке ілінгені, соның кесірінен «ҚазТемірТрансқа» 5,2 млрд теңгеден астам шығын келгені хабарланды. Қапеновке халықаралық іздеу жарияланған. Ең бастысы – осы істе активті қайтару механизмі өте нақты әрі жылдам көрінді. Бас көлік прокуратурасы «Достық» станциясындағы терминалды сотқа дейін тәркілеу туралы өтініш беріп, Астана соты бұл мүлікті мемлекет кірісіне айналдырған.

Мұнда билік мүлде басқа кейіпте көрінеді. Яғни қажет кезде құқықтық аппарат та, тергеу де, активті анықтау да, сотқа дейін тәркілеу тетігі де тез жұмыс істей алатынын көрсетті. Демек, мәселе Қазақстанда механизмнің жоқтығында емес. Механизм бар. Тіпті жұмыс істеп тұр. Бірақ дәл осы тұста басқа сұрақ шығады. Егер Қапенов ісінде мемлекет активті анықтап, сотқа дейін тәркілеуді қамтамасыз етсе, неге Португалиядағы не Венадағы жария болған активтер төңірегінде дәл сондай айқын және көрінетін әрекет байқалмайды?

Қапеновке бөлек тоқталудың тағы бір себебі бар. Бұл іс қоғамға билік жүйесінің ішкі логикасын көрсетеді. Қазақстанда ықпалды әулеттермен, квазимемлекеттік сектордағы ірі ақша, логистика және тасымал инфрақұрылымымен байланысты активтер туралы сөз болғанда, құқықтық әрекет белгілі бір саяси кезеңге, белгілі бір шешімге тәуелді секілді көрінеді. Бір тұлға жүйенің ішінде жүргенде «қол сұғылмайтындай» әсер қалдырады. Ал сол адам саяси қорғанышынан айырылған сәтте, оның активтері де, байланыстары да, мүліктері де аяқ астынан «су бетіне» шыға келеді.

Азамат Қапеновке қатысты дерек өте аз. Тек оның 1978 жылғы 12 сәуірде Қырғыз КСР-інің Пржевальск қаласында дүниеге келгені белгілі. Қоғам оны Кәрім Мәсімовтің күйеубаласы ретінде таниды. Алайда ол бірнеше даулы істерімен де танылған. Кейбір деректерде Ресей тарапынан да іздеу жарияланғаны айтылған.

«Выход к морю» Telegram-арнасының мәліметінше, прокуратура «Қазақстан темір жолы» ҰК-ның еншілес компаниясы – «ҚазТемірТранс» ЖШС-не тарифтердің негізсіз қымбаттауы бойынша тексеріс бастаған кезде компания директоры болған Азамат Қапенов Мәскеуге кетіп қалған. Оның Мәскеу маңындағы Жуковка ауылында ауданы 931 шаршы метр болатын үйі болған, мүліктің құны шамамен 280 млн рубльге бағаланған. Мәскеуде Азамат пен Тамилла (Мәсімовтің қызы) Серебряный бор ауданындағы зәулім үйде тұрған. Кейін бұл мүлік шамамен 1 млрд рубльге сатылған. Сонымен қатар Қапенов Серебряный бор маңында таунхаус пен коммерциялық ғимаратқа, сондай-ақ шамамен 190 мың еуро тұратын Porsche Taycan Turbo S автокөлігіне ие болғаны айтылады.

Тергеу журналистикасы орталығының жазуынша, «Iron Box» компаниясы Қапеновтің анасы Айгүл Мұсаеваға тиесілі болған. Ол сондай-ақ «Дизайн Строй Элит» (қазір жұмыс істемейді), «ЕТГ Капитал», «Astoil» және «Евротранс Груп» компанияларының құрылтайшысы саналған.

1
Фото: ЖИ / Жас Алаш коллажы

Билік шындап кіріссе...

Осы тұста Қайсар Қамза кейсіне де тоқтала кетейік. Ол мүлде басқа ортадан шыққан, бұрынғы жоғары саяси элитаға жатпайды, оның ісі мемлекеттің халықаралық іздеу және ұстау тетіктері бар екенін анық көрсетті. Биыл қаңтарда Қайсар Қамзаға халықаралық іздеу жарияланды, ал сәуірде Қазақстан ІІМ Интерпол арналары арқылы және Вьетнам құқық қорғау органдарымен бірлесіп, оның Камрань қаласында ұсталғанын хабарлады. Ресми деректе ол заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру ісі бойынша халықаралық іздеуде болғаны, әлеуметтік желі арқылы онлайн-казиноны жүйелі түрде жарнамалап, аудиторияны құмар ойынға тартты деген күдік бары айтылды.

Қайсар Қамза ісі нені дәлелдейді? Біріншіден, Қазақстан қажет болса, шетелдегі адамды таба алады. Екіншіден, Интерпол арналары, шетел полициясымен өзара іс-қимыл және ұстау процедурасы – бұлар қағаздағы құрал ғана емес, іс жүзінде жұмыс істейтін механизм. Үшіншіден, «шетелде жүр екен, қолымыз жетпейді» деген уәж әрдайым шындыққа жанаса бермейді. Өйткені кейбір жағдайда қол жетеді, кейде мүмкін болмай қалады. Ал қоғамды мазалайтыны – осы айырмашылықтың себебі неде? Міне, мәселенің түйіні дәл осында. Португалиядағы вилла туралы нақтырақ жарияланған мәліметтер бар. Венадағы қымбат пәтер туралы зерттеулер жазылды. Дәл осы аралықта халықаралық іздеудегі бұрынғы топ-менеджер Қапеновтің терминалы тез арада мемлекетке өтіп жатыр. Сонымен бірге Қайсар Қамза сияқты блогерлерді шетелден ұстап әкелді. Осы төрт көріністен бір қорытынды шығаруға болады. Демек іздеу де, тәркілеу де, халықаралық ынтымақтастық та жасауға болады. Ендеше, мәселе мүмкіндікке емес, сол мүмкіндіктің кімге және қашан қолданылатынында сияқты.

Бұдан бөлек, Атырауда бір отбасының жоғалуына қатысты мәлімдеме жасап резонанс тудырған, күдіктінің қай жерде жасырынған болуы мүмкін екенін айтып, болжам жасаған «атыраулық хакер» атымен танылған азамат құқық қорғау органдарына жақпай қалған еді, аяқ астынан оған да айып тағылып, халықаралық іздеу жарияланып, көп өтпей ол да ұсталды.

Демек, билік қажет кезде іздей алады, таба алады, ұстай алады. Ендеше, бір кезде саяси аренаның «ірі акулаларына» айналған тұлғалардың шетелде мол байлықпен емін-еркін өмір сүріп жүргені қоғам үшін түсініксіз ғана емес, әділетке деген сенімді әлсірететін құбылыс. Қаржы қайтару саясаты шынайы болсын десек, заң бәріне бірдей жүруі тиіс. Әйтпесе қайтарылған миллиардтардың өзі қайтпай қалған байлықтардың көлеңкесінде қалып қояды.

Тұрсынбек БАШАР

Т. РАУШАНҰЛЫ
Т. РАУШАНҰЛЫ Т. РАУШАНҰЛЫ

Оқыңыз